Маңызды шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты. Сондай-ақ форум жұмысына ұлттық және әлемдік сарапшылар, ғылыми қызметкерлер, мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің, білім саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ әлемнің 15 елінен, атап айтқанда, АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Корея Республикасы, Аустралия сынды елдерден 150-ден астам делегат қатысты.
Г.Әбдіқалықова құттықтау сөзінде биылғы форумның Қазақстанның символы – Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп отырғанын айтты. Елбасының білім беру жүйесінің жан-жақты дамуына айрықша көңіл бөлетінін атап өткен ол, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мен әрдайым сіздердің білім алуларыңыз бен дамуларыңыз үшін қажетті барлық жағдайды жасауға тырысып келемін. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептерін аштым, «Болашақ» бағдарламасын бекіттім», деген сөзіне тоқталды.
«Назарбаев Университеті – еліміздің маңызды ұлттық жобасы. Осы оқу орны ашылғаннан бері оның қабырғасынан 2 мыңға жуық маман түлеп ұшты. Университет биохимиялық және ядролық инженерия, робот-техника, мехатроника және басқа да сирек бағыттар бойынша кадрлар даярлайды. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік оқытушылар жұмыс істейді және ең заманауи материалдық-техникалық құралдармен, зертханалармен жабдықталған. Азиядағы басқа да елдердің 14 жетекші университеттерінің қатарына қосылды. Жоғары оқу орындары келешекте еңбек нарығындағы бәсекеге төтеп беру үшін, білімнің үздік бағдарламалары бойынша оқытылған жаңа форматтағы мамандарды даярлауға тиіс», деді Мемлекеттік хатшы.
Г.Әбдіқалықова жиынға қатысушылардың сындарлы сұхбат құрып, табысты жұмыс істеуіне тілектестігін білдірді. Негізгі пленарлық отырыс академиялық ортаның әртүрлі аспектілерін, солардың ішінде заманауи білім беру жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктерін, зерттеулердің шектерін кеңейтудің оңтайлы тәсілдерін, студенттермен өзара қатынасуға бағытталған жаңа амалдарды қамтыды.
Келелі кеңесті жүргізіп отырған Назарбаев Университетінің ректоры Шигео Катсу атап өткендей, екі күндік мәжіліс кезінде жоғары білім саласының сан алуан өзекті мәселелері талқыланады. «Жоғары білім беру саласының дамуына, студент жастардың дағдыларын дамытудың тың жолдары жөніндегі сұрақтар осы алаңда кеңінен талқыланады деп күтеміз. Әрине осы орайда Назарбаев Университетінің тәжірибесі де кеңінен зерделенеді. Қазіргі заманда біз барлық өзгерістерді бақылап отыруымыз қажет», деді Ш.Катсу.
Сонымен қатар ЕНЕLF барысында Назарбаев Университетінің технопаркі базасында іске асырылған инновациялық экожүйені дамыту саласындағы Назарбаев Университетінің тәжірибесімен таныстыратын көрме ұсынылды.
Форумда сөз алған халықаралық сарапшы Джамиль Салми өз кезегінде болашақта әлем бойынша жоғары білім беру саласының қалайша өзгеретініне болжам жасады. Сарапшының ойынша, мемлекеттік университеттерді бюджет тарапынан қаржыландыру көлемі азаюы әбден мүмкін. Алайда осы санаттағы жоғары оқу орындары жекеменшік қаражатты көптеп тартатын болады. Соның арқасында ректорлар мен ғалымдардың жалақысы өсуі мүмкін. «Болашақта әрбір үш жыл сайын оқу бағдарламасын қайта қарауға тура келеді. Себебі сабақтардың бәрі 10 минуттан аспайды. Барлығы онлайн режімде өтеді. Университетті құру да қиынға түспейді. Өйткені оқулықтар, кітапxаналар, тіпті зертxаналар электронды форматта жұмыс істейді. Студенттерге цифрлы жүйемен баға қойылады. Көп нәрсе блокчейнге негізделеді. Сосын келешекте университетті бітірген жас маман алты айдың ішінде жұмыс таппаса, жоғары оқу орны оның оқуға жұмсаған ақшасын қайтаруға мәжбүр болады», дейді Д.Салми.
Айта кетейік, ЕНЕLF аталмыш университетте жыл сайын өтетін және бүкіл әлемде жоғары білім беру көшбасшыларының алдында тұрған мәселелер бойынша пікір алмасатын, білім беру саласындағы мүдделі тұлғаларды біріктіретін алаң.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»