Әлемдік спорт тарихында есімдері алтын әріптермен жазулы қос саңлақтың жолы екі мәрте қиысты. Алғаш рет олар 1936 жылдың 18 маусымында Нью-Йоркте кездесті. Қос тарап ортақ мәмілеге келген бетте бірден бұл жекпе-жекке саяси сипат берілді. Өйткені сол жылдары АҚШ өзін әлемдегі ең демократиялық мемлекет екенін дәлелдеу үшін барын салып жатқан. «Біздің қоғам ұлт пен ұлысқа немесе нәсілге бөлінбейді. «Америка азаматтарының барлығы – тең құқылы» деген ұран тастады. Ал фашистік Германия болса арийтектілердің басқа нәсілдерден үстемдігі басым екенін айтудан жалықпады. Міне, қос мықтының жекпе-жегі осындай аласапыран кезеңге тап келді.
Атышулы айқас өзгелерді айтпағанда, Гитлердің өзін бейқам қалдырған жоқ. Үшінші рейх көсемінің көмекшілері оған кездесу барысын әр минут өткен сайын баяндап отырды. Бұл бәсеке Макс Шмелингтің пайдасына шешілді. 12-раундта ол қарсыласын нокаутқа жіберді.
1938 жылдың 22 маусымында Джо Луис пен Макс Шмелинг қарымта кездесу өткізді. Сол кезде саяси әңгімелер қайта қызып, қос мемлекеттің БАҚ өкілдері бір-бірінен асып түсуге тырысты. Бұл жолы Луистың жолы болды. Бәсеке тағдырын ол бірінші раундта-ақ шешті.
Кейіннен қос саңлақтың жолы тағы қиысты. Бірақ бұл жолы шаршы алаңда емес, қарапайым өмірде. Шау тартқан шағында америкалық спортшының қайыршылық күйге түскені көпшілікке жақсы мәлім. Осы оқиғадан құлағдар болған Шмелинг оны өзі іздеп тауып, қаражат жағынан үнемі көмектесіп тұрған. Ал Джо қайтыс болған кезде қабырғасы қайысқан Макс жерлеу рәсіміне қажет қаржының барлығын өз қалтасынан шығарды.
Жалпы, Макс Шмелингтің мәрттігі жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Мәселен, Германия аумағында еврейлер қырғынға ұшыраған «Жауһар түні» ол өзінің ескі танысы Левиннің екі ұлын қонақүйге әкеліп жасырады. 14 жасар Хайнц пен 15 жастағы Вернерді немістер үш күн бойы іздеп, әлекке түседі. Бірақ атақты боксшының бөлмесіне баса-көктеп кіруге батылдары бармайды. Арада үш күн өткеннен соң Макс балаларды өзінің жеке көлігіне мінгізіп, қаланың шетінде жасырынып жатқан әкелеріне апарып табыстайды.
Атағы алысқа жайылған боксшы, парасаты мол, жаны жомарт, жүрегі кең азамат мәнді де мағыналы ғұмыр кешті. Сан миллион жанкүйердің көзайымына айналып, халықтың алғысына бөленген Макс Шмелинг 2005 жылдың 2 ақпанында 100 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»