Ойлы дүниені тәптіштеп оқып, астын сызып, белгілер қойып, «құнды қағаздарымның» арасына қостым. Бірнеше күн өткен соң қайта қолға алдым. «Дәстүрлі қазақ қоғамында әке мен баланың арасындағы терең түсіністік пен ыстық көңілдің жосынын ойлағанда Абай мен Мағауия қарым-қатынасы көкейге оралады», – деп ой тастапты Бағашар бауырымыз. Мәселенің мәнісіне бүгінгі ұрпақтың көзімен үңілгендігі тебірентті. Өткен кеңестік заманда әке мен баланы бір-біріне қарцсы қойып, ара жікті бөлуге тырысқан жетесіздік белең алып кете жаздады емес пе?! Ғасырлар бойы қанға сіңген қазақы тәрбие ғана қасіретке айнала жаздаған келеңсіздіктен ұрпақтар сабақтастығын құтқарып қалды. Қолымызға қалам ұстатқан да осы жағдаят.
Абай мұрасына көзқарас, абайтану өткен шырғалаң жол ойға оралады еріксіз. Абайтанудың бастауында тұрған ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығы жайындағы мақалалар бір төбе. Абайдың қайтыс болуына байланысты жарияланған азанама, «Қазақтың бас ақыны – Абай» деп әдебиеттегі орнын белгілеп берген танымдық мәні зор мақала, ақын қазасына он жыл толуына арналған кеш тұсында баспа көрген дүниелер, 1909, 1922 жылдары жарыққа шыққан кітаптарына сын рәуішті жазбалардың қадір-қасиеті ешқашан кемімек емес. Десек те, абайтанудың теориялық іргетасының қалануы жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарына тиесілі. Бұл ретте қандай қиын-қыстауды басынан кешіре жүрсе де, абайтану ғылымын үнемі көзауласында ұстаған Мұхтар Әуезов еңбегі бөліп қарастыруды тілейді. 1934 жылы жазған «Абай ақындығының айналасы» зерттеуінде ақынның әдеби мектебі, шәкірттері мәселесін басы ашық әдебиет пен ғылым майданына салған еді. «... Ақындық айналасы Абайдың өзі алған нәрді санаумен түгелденбейді. Екінші қатарда тұрған тағы бір алуан мәселе – Абайдың өзгеге берген нәрі турасында», – деп принципті мәнді тезис ұсынған-ды. Абайдың ақындық мектебінің Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім сынды өкілдерін атап көрсетеді. Және де «Осы төрт ақын Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері» екендігін қадап айтады. Әуезов ұсынған теориялық пайым қазақ әдебиетін зерттейтін ғылым шеңберінде ғана емес, әлемдік әдебиеттанудағы соны пікір, бұрын көтерілмеген мәселе санатында. Бұл – мойындауды қажетсінетін келелі тұжырым.
Абай кіндігінен шыққан балаларымен шектелмей, маңайындағы өнерпаз жастарды бауырына басқан. Абай ұстаз үшін төл перзенттерімен бірге айналасындағы ақын, әнші, әңгімеші, сазгер жандар бірдей, еш бөтендігі жоқ. Әке мен бала, ұстаз пен шәкірт ұғымдарының тоқайласқан тұсы – осы.
Өнер мектебіндегі шәкірттердің талабы, таланты, талғамы басты нысана. Ымыраға келмес айтыстар артта қалып, Абайдың ақындық мектебі, ақын шәкірттері концепциясы берік орнықты бүгінде. Саны мол, сапасы зор құбылысқа ұласты. Бастауында сүйікті ұлдары Мағауия, Ақылбай, Тұрағұл. Заңды да.
Мағауия әлеміне саяхат санамызда көптеген жайлардың жаңғыруына себепкер болды. Мұрағат қойнауынан, естеліктерден сұрыпталып алынған бағалы деректер мен естелік-әңгімелер жанымызды жадыратты. Асылдың сынығы Мағауияның ақыл-парасатын, өнеге-тәрбиесін, ерекше қазақы таным-түсінігін оқырман зердесіне қапысыз ұялатты. «Мағауия» мақаласы ақын мұрасын танудың бұрын мән бермей жүрген тұстарына үңілтті. Ол – ақынды танудағы адамгершілік бастаулары, бабадан атаға мирас қазақы қасиеттер, адам жанының терең иірімдерінің нәзіктікпен ашылуы.
М.Әуезов іргетасын негіздеген Абай шәкірттері тұжырымдамасы көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедханов еңбектерінде таратыла зерттелді кезінде. Ұлы ақынның дарынды ұлдары Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, немере інілері Шәкәрім, Кәкітай Ысқақұлы, Әрхам Кәкітайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, алымды да алғыр ізбасарлары Көкбай Жанатайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, Әсет Найманбайұлы тағы басқаларының өмір деректері мен шығармашылық мұрасы ғылыми айналымға түсті. Әлі де зерттеле түсетін жайлар баршылық. Абай мектебінен нәрленген әнші, сазгер Мұхаметжан Майбасарұлы, жыршы Бейсембай Жәнібекұлы, ертегіші Баймағамбет Мырзаханұлы, ұстаз, ақын Тайыр Жомартбайұлы, сыншы, аудармашы Даниял Ысқақұлы сынды тұлғалардан қалған асыл мұраны жинақтап, өмірбаяндық деректерін анықтау жағы ақсап тұр. Уақыт озған сайын көмескі тартып, жиналмай қала ма деген күдік те сейілмек емес.
Оның үстіне Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл есімін бүгінгі ұрпақтың жадында мәңгілікке қалдырарлық іс те жоқтың қасы. Көше, мектептерге есімі берілмеген. Тұғырлы ескерткіш орнату қолға алынбаған. Бұрнағырақта оқытылып келген Ақылбай, Мағауия шығармашылығының соңғы жылдары орта мектептің оқу бағдарламасынан шығарылып тасталуы тіпті де түсініксіз.
Бір сөзбен түйгенде, ұлы ақынның асыл тұяқтарының есімі мен еңбегін ұрпақ санасына сіңіруде тындырмақ істеріміз жетіп артылады.
Ескеруді бек тілейтін әңгіме – Құнанбай мен Абай арасы. Бұл жөнінде қилы пікірлер өріс тапты. Меніңше, көркем шығарма – «Абай» эпопеясында «ойдан қосылған», жазушы «қиялының жемісі» саналатын үрдістер көп. Оның үстіне сонау өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан бері сыншылар тілге тиек еткен «әке мен бала проблемасында» бөгде өркениеттің ыңғайында кету басым. Себебі қазақ тұрмысында әке мен баланың жауласуы сирек ұшырайтын құбылыс. «Әкеге қарап ұл өсер», «Әкесі бардың ырысы бар», «Бала – бауыр етің» деп келетін халық даналығы қазақы тәрбиенің болашағы мол екендігіне мықты дәлел. «Көшпелі қоғамның соңғы көкжалдарының бірі, «қарадан шыққан хан атанған» Құнанбайға әдеби кейіпкер ретінде бұйырылған баға – оның өз өміріндегі іс-әрекетіне, ақыл-ойына, қол қайратына көрсетілген құрметтен гөрі әлдеқайда пәс, әрі күрделі, тіпті әділетсіз көрінетін де тұстары бар», – деген абайтанушы, мұхтартанушы Тұрсын Жұртбай пайымы негізсіз емес.
Заман озып, Тәуелсіздік жемісін емін-еркін игілігімізге асырған бүгінгі таңда Құнанбайға көзқарастың өзгермеуі барып тұрған тоғышарлық. Көптің түсінігінде Құнанбай жерленген қорым Абайдың республикалық қорық-мұражайы қарамағында. Ақылға салып қарасақ, солай болуы керек. Өкінішке қарай, кеңестік дәуірден қалған әке мен бала арасындағы қолдан жасалған кедергінің салқыны ма, Абай есіміне байланысты барлық сакралды орындар музей құрамына енгенде Құнанбай қорымы тыс қалған. Жер қойнына берілген кімдер дерсіз? Біразын ғана санамаласақ. Құнанбай Өскенбайұлы (1804-1886), Жақып Өскенбайұлы (1814-1906), Ысқақ Құнанбайұлы (1847-1902), Тәңірберді Құнанбайұлы (1834-1906), Смағұл Құнанбайұлы (1852-1932), сәл төменірек ұлы ақынның зор үміт күткен ұлдары Әбдірахман Абайұлы (1868-1895), Мағауия Абайұлы (1870-1904) мәңгілікке жер қойнауына берілген. Жалғастыра салынған құлағалы тұрған зиратта Мұхтар Әуезовтің атасы Әуезхан Бердіханұлы (1830-1917), Абайдың тұңғыш жинағын шығарушы Кәкітай Құнанбаев (1870-1915) мүрдесі жатыр. Аттары жазылмаған, ұмыт қалған бірнеше төбешіктердің енді келер ұрпаққа сыр аша қоюы екіталай. Бәрі Құнанбай, Абай ұрпақтары, ет жақындары екені сөзсіз.
Түйін – өкілетті орындардың шешімімен Құнанбай қорымын Абай қорық-мұражайының қарамағына қосу керек. Әйтпесе, әбден тозған, жермен жексен болуға айналған қасиетті жерден біржолата көз жазып қалуымыз анық. Қорымның Қазақстанның қасиетті жерлері тізіміне енгізілмеуі де ойлантады.
Өткенімізді бағалау, тарихымызды таразылап келер буынның кәдесіне асыру рухани жаңғыруымыздың мазмұнды тармағы.
Ата, бабаға құрмет – ұрпақ парызы!
Арап ЕСПЕНБЕТОВ,
профессор
СЕМЕЙ