Елбасы Н.Назарбаев Жолдауында: «Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс. Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет. Осыған орай аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек. Олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды даярлауға тиіс. Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі», деген-ді.
Қазақ Ұлттық аграрлық университеті осы талап негізінде оқу үдерісінде инновациялық және озық әдістерді пайдалана отырып, ауылшаруашылық мамандарын даярлау сапасын ұдайы арттыру қағидатын берік ұстанып келеді. Оқу орны базасында Агротехнологиялық хаб құрамына кіретін Қазақстан-Жапония, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік, су, тұрақты егін шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешенге сандық технологияларды енгізумен айналысатын ситуациялық орталықтар, инновациялық жылыжай, коллекциялық бақ, Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде мамандар даярлауға арналған ғылыми-зерттеу зертханалары, «Н.Назарбаев білім және ғылым» орталығы, «Аграрлық білім-ғылым-өндіріс интеграциясы» көрмесі бар және осы аталғандар қызу жұмыс істеп тұр.
Оқу орнына 2001 жылы ректор болып тағайындалған академик Т.Есполовтың шебер ұйымдастырушылығының нәтижесінде бүгінге дейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінде көзге көрінер қомақты, ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды іс-шаруалар атқарылып келеді. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында білікті мамандар даярлау және ауылшаруашылық өндірісіне ІТ технологияларды енгізу» тақырыбында 2018 жылдың 11 маусымы күні өтетін Парламент Мәжілісі Аграрлық комитетінің көшпелі отырысының осы оқу орнында өтуі де басшының біліктілігін білдірсе керек.
Айта кету керек, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары В.Божко бастаған депутаттардың қатысуымен өтетін бұл шарада «Агроөнеркәсіптік кешен саласында кадрларды даярлау және ауыл шаруашылығы өндірісіне ІТ технологияларды енгізу» бойынша нақты ұсыныстар беріліп, талқыланады.
Еділ АНЫҚБАЙ,
Журналистер одағының мүшесі