АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Қытай Банкінің Атқарушы вице-президенті Жэнь Дэци Стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Тараптар жоғары сапалы сервисті қамтамасыз ету және жаңа банк өнімдерін әзірлеу үшін трансшекаралық бизнесті одан әрі дамытудың мүмкіндіктерін бірлесіп зерделеуге ниетті.
«Қытай Банкі әлемдегі ең жетекші қаржы институттарының бірі, сондықтан оның тәжірибесі АХҚО-ны қаржы қызметтерінің өңірлік хабы ретінде қалыптастыру үшін өте маңызды. Банктің серіктестерінің жаһандық желісі АХҚО-ға озық қаржы технологияларын тартуға көмектеседі», – деді
Қ. Келімбетов.
Сапар аясында сондай-ақ Жібек Жолы Қорымен (бұдан әрі – ЖЖҚ) Стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат акционерлік капитал және инвестициялық қорлар арқылы инвестициялық және қаржы қызметтерін ұсыну жолымен екі ел экономикасын дамыту мен гүлдендіруге ықпал етуге арналған.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сапары аясында тараптардың АХҚО алаңында Қытай мемлекеттік даму банкінің (бұдан әрі – ҚМДБ) ресми өкілдігінің ашылуы туралы бірлескен мәлімдемесі маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл ҚМДБ-нің Орталық Азиядағы бірінші, ал әлемдегі жетінші өкілдігі, олардың ішінде Лондон, Мәскеу, Рио-де-Жанейро және т.б. қалалары бар.
ҚМДБ-нің Астана қаласындағы ресми өкілдігінің ашылуы ҚР ұйымдары мен кәсіпорындарына ұзақмерзімді және тұрақты қаржылық қолдау көрсету арқылы Қазақстанмен практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етеді.