Елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беруді, инклюзивті білім ұстанымдарын жүзеге асырумен қатар болашақ педагог мамандардың кәсіби шыңдалуын қамтамасыз ете отырып, аталған орталықта ерекше қамқорлыққа мұқтаж балалар мен жеткіншектердің емделіп, сауығуына қолайлы жағдайлар жасалған.
Орталықтың ашылу салтанатына қатысып, тұсаукесер рәсімін жасаған ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіхалықова еліміздің болашағы – балалар үшін жасалған осындай заманауи орталықтың демеушілеріне алғысын білдіріп, республикамызда 2016 жылдан бергі аралықта білім беру мен ғылымды дамыту бойынша қабылданған бағдарлама аясында орталықтар ашу жолға қойылғандығын атап өтті. «Бүгінде республикамыз бойынша осы бағыттағы 176 кабинет пен орталық жұмыс істейді. 2019 жылға қарай мұндай кабинеттердің санын 220-ға жеткізу жоспарланып отыр. Міне, бүгінгі ашылған орталық осының бір дәлеліндей. Ең маңыздысы – орталық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылып отыр. Соңжы жылдарда Алматы қаласының кәсіпкерлері «Балапан» бағдарламасына да белсенді атсалыса бастады. Ал «Дара» қайырымдылық қоры қолдау көрсеткен орталықта балаларға қолайлы жағдайлар жасалғандығының куәсі болып отырмыз. Балапандарға дер кезінде тиісті мамандар қолдау көрсетіп, ары қарай денсаулықтарын түзетуге мүмкіндіктер қарастырылған екен. Істеріңізге сәттілік тілеймін», - деді Гүлшара Наушақызы.
Университет ректоры Г.Т.Алдамбергенова жоғары оқу орны базасында ашылып отырған кәсіби орталық мамандары мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсете отырып, олардың денсаулығының жақсаруына, ары қарай сапалы білім алып шығуы үшін тегін қызмет ететіндігін айтып, демеушілерге алғысын білдірді.
Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Г.М.Хожабергенованың айтуынша, оңтүстік астана бойынша үш жарымға жуық ерекше күтімді қажет ететін балалар тіркелген. Бүгінде 14 штат бөлініп, 28 млн теңге шамасында қаражат қарастырылған. Ал Алматы қаласы бойынша 115 мектептің базасында инклюзивті білім беруге жағдай жасалып, осы мақсаттағы жұмыстарға да қосымша қаражат қарастырылып отыр. Г.Хожабергенова орталық ашуға арнайы орын ұсынып отырған университет басшылығы мен балалар бөлмелерін заманға сай көріктендіріп, қажетті құрал-жабдықтар, техникалармен қамтамасыз еткен демеушілерге алғыс айтты.
Салтанатты шара барысында сөз алған «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Г.Досаеваның айтуынша, бұл республика бойынша ашылып отырған 25-ші бейімдеу орталығы. Г.Досаева балдырғандар үшін заманға сай мүмкіндіктерді жасап, демеушілік жасаған С.Кан әулеті мен жақындарына ыстық лебізін білдіріп, Ж.Кан ханымға қор атынан арнайы Алғыс хат табыс етті.
Тұсаукесер рәсімінен кейін Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова балалар үшін жабдықталған бөлмелерді аралап, бейімдеу барысындағы жұмыс жоспарларымен танысты. Орталықта тифлопедагог, дефектолог, психолог, логопед, дене шынықтыру мамандары қызмет көрсетеді. Мұндағы жұмыстарға педагогтармен қатар студенттер де кәсіби тәжірибеден өте отырып, жасөспірімдердің тұрмыстық-әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға, балабақша мен мектепке дайындығына көмектесетін болады. Орталықтағы балаларға он сегіз жасқа толғанға дейін қолдау көрсетіледі.
Университет қабырғасында ашылған «Қазақ алфавитін латын графикасына көшіру» орталығының да тұсаукесер салтанатына қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова бірнеше бағытта жұмыс істейтін орталық жұмысымен танысты. Мұнда университет мамандары жаңа әліпбиді игеру сабақтарын өткізетін болады.
Орталықта оқытушылар ғана емес, студенттер, мектеп мұғалімдері, бала бақша тәрбиешілері үшін де латын қарпіне үйренуге мүмкіндіктер қарастырылған. Орталықтың ашылу барысында латын қарпін үйретуге байланысты университет ғалымдары арнайы дайындаған бағдарлама таныстырылды. Бағдарлама Android, iOS, Windows платформасындағы лингвистикалық сөздік, аударма жасайтын арнайы сайт, дыбыс және бейне құралдармен сүйемелденген сандық электрондық оқулықтарды қамтиды. Онда балаларға арналған ойын бағдарламалары мен мобильді қосымшалар да енгізілген.
Шара аясында университеттің профессор-оқытушылары мен студенттерінің шығармашылығына арналған «Астана – Ұла дала елордасы» көрмесі дайындалған екен. Мұнда қырықтан астам картиналар мен қолөнер бұйымдары қойылған. Айтар ойын, пікірін қылқаламның аясына сыйғыза өрнектеген шеберлер Астананың көрікті келбеті мен еліміздің дархан дала жазирасын ерекше көркем жеткізе білген. Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова көрме ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, тілек кітапшасында өзінің қолтаңбасын қалдырды.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ