Қазақстан • 08 Маусым, 2018

Әлеуметтік бейнероликтердің ең үздік идеяларына арналған байқаудың жеңімпаздары марапатталды

496 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігінің ұйымдастыруымен әлеуметтік бейнероликтердің ең үздік идеяларына арналған «Ниет» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. 

Әлеуметтік бейнероликтердің ең үздік идеяларына арналған байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Жиын барысында әуелі белгілі режиссер Ақан Сатаев сөз алып, аталған жобаның маңыздылығына тоқталды. Бұдан кейін «Хабар» агенттігі түсірген бала тәрбиесінде ата-ананың алатын рөлі мен баланың жасынан кешкен қиялының өсе келе шындыққа айналуы мүмкін екендігі туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Өз сөзінде «Хабар» агенттігінің Басқарма төрағасы Алан Әжібаев, «Қазақстан» ұлттық арнасының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин және «Қазмедиа» медиа мектебінің басшысы Махаббат Есен еліміздің Ақпарат және коммуникация министрлігінің бұл бастамасы әсіресе қалыптасып келе жатқан жастар үшін айрықша маңызды екенін айтып, алдағы уақытта да министрліктің бұл бастамасын қолдайтындарын жеткізді.

Телеарналардан көпшілікке көрсетілген еліміздің бейбіт өмір мен достық мекені туралы бейнероликтер Тәуелсіз еліміздің табыстарын көрсете білген туынды болса, сонымен қатар қоғамдағы қарттар үйі, жетім балалар тағдыры сияқты дүниелер де ой саларлық дүние болды. Мұнда үздік идеялардың көрініс тапқаны айқын көрініп тұрды.

Әлеуметтік роликтердің ең үздік идеяларына арналған «Ниет» байқауының бас жүлдесін Ақан Сатаевтың жетекшілігімен әлеуметтік бейнеролик түсірген алматылық Дмитрий Галабир жеңіп алды. Жеңімпазды Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев марапаттап, бір миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық пен арнайы диплом табыс етті. Өз сөзінде Дәурен Әскербекұлы көрсетіліп жатқан бейнероликтердің аса маңызды жұмыс екенін және бұл жобаның алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.

Сонымен қатар жүлдегерлер қатарынан Қуаныш Омаров және Ринат Тұрғанбеков сияқты азаматтар да көрінді. Жүлдегерлерге Apple MacBook ноутбугы мен Canon фотокамерасы табысталды.

Айта кетейік, еліміздің барлық өңірлерінің тұрғындарынан әлеуметтік бейнеролик идеясы байқауына қатысу үшін 600-ден астам сценарийлер келіп түскен екен. Ал өткен жылы еліміздің Ақпарат және коммуникация министрлігінің тапсырысы бойынша 131 бейнеролик түсірілген.              

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»