Сурет: enu.kz
Жиынды Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ашып, ғалымның өмірі мен сіңірген еңбек жолы тұнып тұрған үлгі-өнеге екенін айтты. Ерлан Батташұлы: өз сөзін «Бүгін 75 жасқа толған мерейтойын атап өтіп жатқан Ғаділбек ағамыздың өмір жолы мен азаттық бейнесін журналистикасыз елестету мүмкін емес. Бар саналы ғұмыры БАҚ саласына арналған қарымды қаламгердің есімі мен журналистика бір ұғым іспеттес, бірінен-бірі ажырамас қос ұғымға айналды», - деп түйіндеді.
Алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Президенті Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Нұрлан Оқаұлы Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Марат Тәжиннің мерейтой иесіне арнайы жолдаған игі тілекке толы құттықтаауын оқып берді. Министр Дәурен Абаевтың ыстық сәлемін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Төрағасы Дархан Қыдырәлі жеткізді.
Сондай-ақ, Парламент мәжілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов пен Сауытбек Абдрахманов, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалы, «Мир» телеарнасының бас режиссері Қанат Есенаманов, академикетері Дихан Қамзабекұлы, Болат Көмеков және Рахметжан Берсінбай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, қаламгерлер Әнес Сарай мен Қажығали Мұханбетқалиұлы, профессор, ЕҰУ Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков, т.б игі тілекке толы құттықтауларын жеткізсе, алыс-жақын елдерден мерейтой иесінің атына келіп түскен жеделхат құттықтаулары да жылы қабылданды.
Конференцияда сөз алғандардың көпшілігі Ғаділбек Шалахметовтың «Бесінші түс» кітабына тоқталып, бұл шығарма XIX, XX және ХXI ғасырдағы Каспий аумағынан басталып, Еділ мен Жайық және бүгінгі Астанаға дейінгі кезеңді қамтитынын өз сөздерінде арнау етті. «Шындық пен фантазия - барлығы осы кітаптан табылады; адамдар тағдыры туралы деректі әңгіме -«Рухани жаңғыру» құндылықтары. Сондықтан да бұл кітап туралы айтпай кетуге болмайды», деді қатысушылар. Кітапта орыс философы Чернышевский мен қазақ ағартушысы Мақаш Бекмұхамбетов туралы жан-жақты айтылады. Олар 1886 жылы Астраханьда кездескендері белгілі. Шығарма авторы қазақ және орыс халықтарының арасындағы достық туралы, екі елдің арасындағы мәдени байланыстардың маңызды тұстарын қамтиды. Сонымен қатар, Ғаділбек Шалахметовтің өмірі мен өнегесі, қайраткерлік қолтаңбасы мен жоғары дәрежелі қызметі конференция барысында ерекше аталып өтті.
Шара барысында ЕҰУ журналистика және саясаттану факультенінің студенттері Ғаділбек Шалахметов өлеңдерінен үзінділер оқып, әдеби-тәжірибелік конференцияның мазмұнын арттырып, шырайын кіргізді. Отырыс соңында мерейтой иесі сөз сөйлеп, заманауи журналистиканың жаңа бағыттары, БАҚ-тың қоғамға қатынасы мен Л. Н. Гумилевтің елімізге сіңірген еңбектері жайында толғанды. Ғаділбек Шалахметов жиналған қауымға шын көңілден ризалығын білдіріп, шараның соңы естелік суретке түсімен аяқталды.
Ботакөз АМАЛБЕК,
Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ
Журналистика және саясаттану факультетінің 1 курс студенті