Қазақстан • 09 Маусым, 2018

Астанада шағын футболдан «Elorda-2018» турнирі өтті

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Астана Арена» стадионында мұнай-газ саласы және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында шағын футболдан ұйымдастырылған «Elorda-2018» турнирі мәресіне жетті.

Астанада шағын футболдан «Elorda-2018» турнирі өтті

Елорда әкімдігінің қолдауымен өткен турнир Астананың 20 жылдығына және «Шелл»компаниясының Қазақстандағы 25 жылдығына арналды. Іс-шараның ұйымдастырушылары – «Шелл Қазақстан» компаниясы және «Elorda Aqparat» медиакомпаниясы.

Жарыстың ашылу салтанатына Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев және ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысып, футбол мерекесін ұйымдастырушыларға алғысын айтып, барлық қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

«Бүгін біз Отанымыздың жүрегіне, Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына арналған және «Шелл»компаниясының Қазақстанда жұмыс жүргізе бастағанына 25 жыл толуына орай өтіп жатқаншараға қатысып отырмыз. Әуесқой спортшылар арасындағы осы турнир алдымен салауатты өмір салтын насихаттаса, екіншіден, мұнай-газ саласы мен журналистер қауымы арасында ынтымаққа дәнекер болады деп ойлаймыз. Және бұл жарыс Астанамызда дәстүрлі түрде өтіп тұратын турнирге айналады деп сенеміз» деді Ермек Аманшаев.

Жарысқа 16 команда қатысты. Атап айтсақ,Астана қаласы әкімдігі, ҚР Энергетика министрлігі, «Шелл Қазақстан», «Қазмұнайгаз ҰҚ» АҚ, «ЭНИ», «Тоталь», «НКОК Н.В.», «КПО Б.В.», «PSA» ЖШС, «Qazaqstan», «Хабар», «Егемен Қазақстан», «Astana TV», «Qazaq radiosy», «Қазинформ» және «Еlorda Аqparat» командалары бар.

Доп додасының финалында «Хабар» және «Қазмұнайгаз» командалары кездесіп, негізгі уақытта есеп ашылмай, ойын тағдыры пенальти сериясында шешілді. Нәтижесінде 2:1 есебімен «Қазмұнайгаз» жеңіп, турнирдің жеңімпазыатанды.

Ал үшінші орын үшін болған ойында ҚР Энергетика министрлігінің командасы «НКОК Н.В.» командасынан 2:1 есебімен басым түсті.

Сонымен қатар, «Үздік шабуылшы» аталымымен Астана әкімдігі командасының ойыншысы Александр Семенцев марапатталса, «хабарлық» Айбек Қабылша «Үздік қақпашы» атанды. Ал «Қазмұнайгаз» командасының намысын қорғаған Тамерлан Асанов турнирдің «Үздік ойыншысы» ретінде танылды.

Мұнай-газ саласы командаларынан жиналған жарна – 2 млн теңге «Спешиал Олимпикс Қазақстан» ұйымына аударылды. Бұл қаражат 2019 жылы наурызда БАӘ-де өтетін Дүниежүзілік Жазғы Олимпиада ойындарына мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерден құралған шағын футболдан Қазақстан жастар құрамасының дайындығына жұмсалады.

Бұған қоса, чемпион болған «Қазмұнайгаз» командасы да жеңіп алған бас жүлдесі – 150 мың теңгені қайырымдылыққа аударды.