Мен даланы сүйіп кеттім
Мен Қазақстанда 2006 жылдан 2010 жылға дейінгі аралықта үш жыл тұрып, елшілік қызмет атқардым. Бұл өңір мен үшін таңсық еді деп айта алмаймын. Кеңес өкіметінен кейін алдымен Түркіменстанда елші және 2005-2006 жылдары Тәжікстанда ЕҚЫҰ Миссиясының басшысы болдым. Бірақ одан бұрын, 1979 жылы Мәскеудегі Франция Елшілігінің бірінші хатшысы кезімде Алматыға саяхат жасап, барлық Орталық Азия республикаларын аралаған едім.
Ол кездері Батыс елдерінің кейбір өкілдері ғана осы стратегиялық өңірге аяқ басуға рұқсат алатын. Мәскеудегі француз дипломаттары бола тұрып, біз «ресми» тыңшы ретінде «интурист» деп қарастырылдық. Оның үстіне мен де, жұбайым да орыс тілінде сөйлейтінбіз. Мұның бәрі бізге ерекше назар аударуға мәжбүрлейтін. Яғни, міндетті түрде «Интурист» қонақ үйінде тұру, тұрақты түрде дерлік түнгі кезде ұшу (фотоға түсіре алмау үшін), кеңестік республикаларда өздері қалай жақсы тұрып жатқандарын бізге әңгімелейтін жергілікті тұрғындармен кездейсоқ кездесулер сол тұста «жоспарлы» жұмыстар еді...
Қазақстанда біз тек Алматыны көре алдық. Қазақстан бізге әдемі, байтақ және күн шуағына толы ел болып елестеді. Кеңестік кезеңнің үй шаруасы деген рефлексін бойына сіңірген менің зайыбым мәскеулікпен салыстырғанда алматылық дүкендердегі жеміс-жидектер мен дақылдардың ағыл-тегіл екендігін байқап таңданғаны бар-ды.
Қазақстаннан кетіп бара жатып, мен «30 жылдан кейін Францияның елшісі ретінде мұнда қайтып келемін» деп еш ойламаппын да. 2006 жылы қарашада Душанбедегі миссиямды аяқтап, Қазақстандағы жұмысыма кірістім. Францияның Елшілігі әлі де болса Алматыда болатын. 1979 жылы көрген Алматыны тіптен танымай қалдым. Президент Н.Назарбаевқа Сенім грамотасын тапсыру үшін қысқа мерзімде жетуім керек болған Астананы мен ешқашан да көрмеген едім. Өйткені, ол кеңестер уақытында шетелдіктер үшін жабық қала болатын. Алматыда мен елшілік Астанаға көшкенге дейін бір жыл тұрдым.
Мен Алматыны өте жақсы көріп кеттім. Сағаттап қыдыруға болатын оның саябақтары қаланы таңғажайып етіп жіберетін еді. Демалыс күндері 28 гвардияшы-панфиловшылар паркі арқылы «Көк базарға» дейін қыдырып барып, сосын Жібек жолы көшесінде суреттерді қарауды және көшеде кәуап жеп, «Қарағанды» сырасын ішуді ұнататынмын. Қаланы жоғарыдан тамашалау мақсатында жиі-жиі достарыммен аспалы жол арқылы Көктөбеге көтерілуші едік.
Сөйтіп, 2007 жылы мен үйренісіп қалған Алматыдан Қазақстанның жаңа астанасына көштім. Әуелде Астана қысы маған өте қатаң болып көрінді. Және тек қана мәшинемен жүруге тура келгендіктен, жаяу қыдырумен қоштасуға мәжбүр болдым.
Алайда мен қазақтың шексіз даласында орналасқан осы бір ғажайып көрінген қалалық оазисті бірте-бірте ұната бастадым. Ол маған қазақтың жан-тәнін жақсы түсініп, ұғынуға көмектесті. Қаладан шыққан кезде тіпті «Солтүстік полюске» дейін созылатын осы бір шетсіз-шексіз даланы көріп таңданатынмын. Бұл – француз үшін таңқаларлық әсер. Бізде орман, өзендер, төбелер, көл мен теңіз жағалауы, қалалар мен қыстақтар әрбір 20 километр сайын бірін-бірі ауыстырады. Мен Ресейде тұрған кезімде Батыстың көптеген өкілдерінен өзгеше бір айырмашылығым болды. Ол Санкт-Петербургке қарағанда Мәскеуді ұнату әдеті болатын. Өйткені, Мәскеу маған Нева бойындағы қалаға қарағанда нағыз орыстікі болып көрінетін. Дәл осындай сезім менде тағы бір қайталанды. Яғни, еуропалық типтес және сүйкімді Алматы қаласына қарағанда климаты қатаң, бірақ нағыз қазақтың Астанасын ұнататын болдым. Әрине, мұндай әсерді оның сәулеті жасамайды, оның «климаты», аспаны мен қоршаған ортасы жасайды.
Қазақстанда мен үш жылымды өткіздім. Сол жылдары бақытқа кенелдім деп айта аламын. Өйткені, маған бұрын-соңды болмаған француз-қазақ қатынасын жаңғыртуға қатысу бақыты мен мәртебесі бұйырды. Астанаға Премьер-министрдің (2008 ж.) және Француз Республикасы Президентінің (2009 ж.) алғашқы ресми сапарлары жасалды. Сол кезеңдері Президент Н.Назарбаев Францияға бірнеше рет келді. Бұл ретте 20 жыл дипломатиялық қатынас ішінде Франция мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастық дәл осындай жақсы деңгейде болған емес дер едім.
Франция мен Қазақстан – Еуропаның қарама-қарсы шалғайында орналасқан, өте бір өзіндік болмысы бар бөлекше елдер. Бірақ мен қашықтық оларды бір-бірінен ешқашан да алыстата алмайды, керісінше, бір-бірін жақсылап түсінуге және жақсы көруге бағытталған ниеттерін күшейтетініне сенімдімін дер едім.
Ален КУАНОН, Францияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі.
Бизнес үшін берекелі мекен
Қазақстан бизнес үшін әлемдегі ең жайлы елдердің біріне айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлем жұртшылығы Қазақстанның қуаты мен мүмкіндіктеріне күмәнмен қарағанын жасыра алмаймыз. Дегенмен, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында әлемдік алпауыттар Қазақстан экономикасына инвестиция құя бастады. Бүгінде елдің нарықтық экономикасында шетелдік компаниялар көптеп саналады. Олар Қазақстанның экономикасының өсуіне, әлеуметтік жағдайының түзелуіне қолдарынан келгенше көмек етуде. Өйткені, олар Қазақстаннан пайда тауып, жайлы бизнеске қол жеткізіп отыр. Сондай компаниялардың бірі біздің «ҚуатАмлонмұнай» бірлескен кәсіпорыны.
«ҚуатАмлонмұнай» бірлескен кәсіпорны 1994 жылғы қазан айында қазақстандық «Қуат» және ағылшындық «Амлон ЛТД» компанияларының арасында құрылды. 1995 жылы Қоныс және Бектас мұнай-газ кеніштерін игеру мақсатында сол жерлерде барлау, игеру және пайдалану жұмыстарын бастады. Кәсіпорын құрылғалы бері 5 080 435 тонна мұнай мен 834,701 миллион текше метр мұнайға ілеспе газ өндірілді. Қазіргі таңда жылдық мұнай өндіру көрсеткіші 600 000 – 620 000 тоннаны құрап отыр. Өндірілген мұнай Қоныс кен орнындағы мұнайды дайындау және айдау цехында дайындалып, одан әрі «Қоныс-Құмкөл» магистральді құбыры арқылы тасымалданады. Ол «Атасу-Алашаңқай» құбырына беріліп, алыс-жақын шетелдерге жіберіліп жатыр.
Мұнай өндіру мен өндірістің кеңеюіне байланысты кәсіпорында жұмыс жасайтын жұмысшылар мен қызметкерлердің саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда кәсіпорында 600-ден аса адам еңбек етуде. Атап айтарлығы, жұмысқа тартылған адамдардың 95 пайызы жергілікті тұрғындар санатынан. Кәсіпорын құрылғалы бері бюджетке 81 млрд. 690 млн. 630 мыңнан аса теңге көлемінде салықтық төлемдер төленді. Қоғамдық ұйымдар мен мұқтаж адамдарға демеушілік көмек ретінде төленген төлемдердің жалпы сомасы 833 млн. 876 мың теңгені құрады. Қалыптасқан үрдіс бойынша “Сейхун-КАМ” қыздар гандбол командасын қаржыландыру жұмыстары жыл сайын жалғасып келеді.
2009 жылы компанияның акционерлері өзгеріп, компанияның басты мердігерлігі қытайлық «Дженхуа» корпорациясының құзырына өтті. Компанияның қожайыны өзгергенімен, басты мақсат мұнай өндіру ісі алға баспаса, кері кеткен жоқ. Жаңа техника мен технологиялар енгізудің арқасында мұнай өндіру көлемін тек сақтап қана қоймай, сонымен қатар, оның көлемін жыл санап арттырып келеді. Бұрындары болашағы бұлыңғыр деп саналған алаңдарда мұнай мен газды іздестіру жұмыстары дұрыс жолға қойылды. Соның арқасында мұнай мен газ қорлары жыл санап еселеп өсіп отыр. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай компания жылдық мұнай өндіру көлемін бұрын-соңды болмаған табыстарға қол жеткізбек. Яғни, мұнай өндіру көлемін 620 000 тоннадан асырып, мұны еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаймыз деп жоспарлап отыр.
Біз берекелі де мерекелі елде жұмыс істеп жатырмыз. Кең қолтық Қазақ елінде табысты еңбек етіп жатқанымызға қуанамыз. Тәуелсіз Қазақстан жасампаздық жолын мәңгілікке жалғай берсін.
Цзян МИН, «ҚуатАмлонмұнай» бірлескен кәсіпорнының бас директоры.
Қызылорда облысы.
Қазақстан – нағыз еуразиялық көпір
Міне, тәуелсіз Қазақстанға – 20 жыл. Тарихи өлшеммен қысқа ғана уақыт болса да ол жас республиканың даму қорытындысын шығаруға мүмкіндік береді. Өйткені, жас республикаға «көлеңкеден шығып», халықаралық қоғамдастықта жан-жағынан қандай көркем екендігін көрсету жолында орасан зор проблемалармен кезігуге тура келді.
Біздің ойымызша, бірінші сынақ – тұрғындары аз, бірақ көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстанды жеткілікті түрде мықты ел жасау үшін қазақстандық патриотизмді қалыптастыру қажет болды. Сондай-ақ, бүгінгідей тынышсыз әлемде Қазақстан этносаралық және дінаралық келісімнің жақсы үлгісі болып табылады деп айта аламыз.
Бір саясаткер: «Демократияны қайта орнына келтіргеннен гөрі, оны орнату қиынырақ», деген екен. Сондықтан бұл Қазақстан үшін екінші міндет болды. 1995 жылы екі палаталы Парламенті және Конституциялық кеңесі бар жүйе құрылды. 20 жыл бойы болған түрлі және көптеген сайлау үдерістері Қазақстанның құқықтық мемлекетті нығайту үдерісіне енгендігін дәлелдеді.
Үшінші сынақ – ол ашықтық критерийіне сайма-сай тіптен жаңа экономиканы құру болып отыр. Соның өзінде қатаң күйзелістерді айналып өте алды. Өйткені, 1998 жылғы «азиялық» деп аталатын дағдарыс және 2008 жылғы ғаламдық дағдарыс Қазақстанның экономикасын құлдыратып жіберуі мүмкін еді. Алайда ел басшылығының жұмсаған орасан зор күш-жігерінің арқасында Қазақстан әлемде экономикасы ең бір табысты жолмен дамушы 50 елдің қатарына шықты.
Қарапайым деуге келмейтін тағы бір проблема – Қазақстанның географиялық орналасуына байланысты «құрлықтық оқшауда, яғни изоляцияда» қалуы болатын. Оны үзу керек болды. Бұл тұрғыда Қазақстан басқа елдермен, соның ішінде «қалаулы әріптес» шеңберіндегі Франциямен байланыстыратын көліктің барлық түрлерін дамыту бойынша орасан зор күш-жігер жұмсауда. Тіпті, бүгіннің өзінде Қазақстанның нағыз еуразиялық көпір ретінде танылуға құқы бар.
20 жылда Қазақстан сыртқы әлемнің барлығымен игі қатынастар орната білді. Әлемнің барлық ықпалды мемлекеттері Қазақстанмен жақсы қатынасқа түсті. Өйткені, ол модератор және бейбітшілік құрушы ретінде, соның ішінде ШЫҰ, АӨСШК, ИЫҰ сияқты құрылымдардың маңызды ойыншысы. Өзінің осындай күш-жігер жұмсағаны арқасында ол 2010 жылы ЕҚЫҰ-да төрағалық ету құқығын алды. Осы рөлді Астананың атқаруы халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.
Осы бір мерейтой жылы Қазақстанға одан әрі қарқынды әлеуметтік-экономикалық гүлдену және Александр Дюма, Виктор Гюго, Луи Арагон ... елімен байланыстарды, соның ішінде мәдениет бойынша да ынтымақтастық қарым-қатынастарды барлығымыздың игілігіміз жолында дамыта берсін деп тілеймін! Қазақстан, туған күніңмен!
Альбер ФИШЛЕР, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты.