Шараны ашқан ҚХР Төрағасы өткен жылы ұйымға тең құқылы мүше болып қосылған Пәкістан мен Үндістан басшыларын алғаш рет отырысқа қатысуларымен құттықтады. Сонымен қатар ол бүгінде ШЫҰ әлемдік деңгейдегі мәртебелі ұйымға айналғанын және барлық мемлекеттер күш біріктіргенде зор табысқа жететіндігін баса айтты.
«ШЫҰ-ға төрағалық аясында біз жыл бойы міндетімізді абыроймен атқарып, саяси, экономикалық, гуманитарлық, қауіпсіздік, сыртқы байланыстар және институционалды қамтамасыз ету салаларында 200-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастардық. ШЫҰ жұмысында айтарлықтай ілгерілеушілік болды. Дегенмен бұл ілгерілеушіліктерді сіздердің қолдауларыңызсыз атқару мүмкін емес. Сондықтан сіздерге ризашылығымды білдіремін», – деп атап өтті Си Цзиньпин.
Қытай басшысының айтуынша, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер терроризм, сепаратизм және экстремизмге, есірткі саудасына қарсы күш біріктірулері қажет. Өзара сенімді арттырып, тату көршілік, достық пен ынтымақтастық ережелерін қатаң ұстанған жөн.
«Ағымдағы жылы сіздердің зор көмектеріңізбен, қолдауларыңызбен ШЫҰ-ға төрағалығымызды аяқтап, саммит өткізіп жатырмыз. Қытай тарапы конструктивті және прагмативті, достық рухында осы саммитте қол жеткізілген уағдаластықты ұйымға мүше мемлекеттермен бірге жүзеге асыруға дайын. Алдағы уақытта Қырғыз Республикасының ұйымға төрағалығына қолдау көрсететін боламыз», – деді Си Цзиньпин.