Аймақтар • 10 Маусым, 2018

СҚО-ның Айыртау ауданына электр пойыз қатынайды

517 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Астана-Көкшетау-Володар» бағыты бойынша келген жаңа электр пойызын Айыртау ауданының тұрғындары қуанышпен қарсы алды.

СҚО-ның Айыртау ауданына электр пойыз қатынайды

Аудан әкімі Бейбіт Исманов  жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде жаңа бағыт облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, Инвестициялар және даму министрлігі көлік комитетінің қолдауымен ашылғанын жеткізді.

«Бұл елорда мен ауданды тікелей жалғастыратын алғашқы электр пойызы саналады. Өңірде Шалқар,Имантау секілді тамаша демалыс орындары, Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Айғаным қонысы, Шоқанның музейі орналасқан. Демек ішкі туризмді нығайтудағы маңызды қадам болары сөзсіз», деді ол.

«Володар» стансасының басшысы Алмас Кенжекеевтың айтуынша Павлодар, Қостанай, Қарағанды жақтарға баратын  пойыздар осы станса бекетін басып өтеді. Ал жаңадан ашылған электр пойызы аптасына екі рет қатынайды. Жүргіншілер көбейген жағдайда 376 орынды 6 вагонның саны арттырылатын болады. Екі аралықты 5 сағат  35 минутта жүріп өтеді. Билет құны 1504-1943 теңге аралығында. Жайлылығымен ерекшеленеді. Әр вагонда кондиционер, жұмсақ орындықтар, бейнебақылау қойылған.

«Мен Саумалкөлде тұрамын. Көкшетауға жету үшін таксиге 2 мың теңге төлейтінмін. Енді электр пойызбен жетсем, бар-жоғы 700 теңге ғана», дейді алғашқы жолаушылардың бірі Илья Лазоркин.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»