– Еліміз тәуелсіздік алған күндерден бастап, бүгінгі күнге дейін қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын әліпбиіне көшіру туралы әңгіме баспасөз беттерінде дүркін-дүркін көтеріліп, тіл жанашырларының осы төңіректе тұжырымды ойларымен бөліскеніне жұртшылық куә. Елдің көптен күткен әліпби реформасы орындалатын күнге де жеттік. «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығын баршамыз қуана қабылдадық. Осы Жарлықтың орындалу барысы туралы кеңірек тарқатсаңыз?
– Төл әліпби мәселесін Елбасы Н.Назарбаевтың өзі бастамашы болып тәуелсіздік жылдарында бірнеше мәрте көтергенін жұртшылық жақсы біледі. Арадағы мемлекетіміздің қалыптасу, өсу, өркендеу, өрлеу кезеңдеріндегі елеулі әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижелерінен кейін бұл тарихи іс өзінің нақты сүрлеуін тапты. «Таң атпаймын дегенмен, күн шықпай қоймайды» демекші, халықтың көкейінде көптен жүрген үміттің шамын Мемлекет басшысы өз қолымен жағып берді. Естеріңізде болса ел Президенті 2006 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясының (ҚХА-ның сол кездегі атауы) ХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» – деген тапсырма берген болатын. 2012 жылы ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарламасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге кезең-кезеңмен көшіріп, 2025 жылға дейін толықтай ауыстыру туралы айтылса, 2017 жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшу – таяу жылдардағы міндеттердің алдыңғы қатарынан орын алатынын айрықша атап көрсетті.
Әліпби қай заманда да тұтастай халықтың рухани бет-бейнесі, алдағы дамуының сауаттылық айнасы, өркениет көшіне ілесудің керуенбасы болып келген. Сондықтан өткен ғасырдың басында алаш қайраткерлері, оның ішінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақ» деп айтып кеткен. Яғни біртуар тұлғаның сол кездің өзінде «заманындағы өнер құралдарын орнатуға қолайлы болуы керек деген» сөзі бүгінгі ХХІ ғасырда да өзінің өзекті күйінде тұр. Жаһандану заманында латын графикасы жалпақ әлемнің жазу-сызуына негіз болған әліпбиге айналды және ақпараттық жаңа технологияға сай, ең икемді, ақпараттық алыс-беріске ықшам әрі қолайлы екенін танытып отыр. Сол себепті латын графикасы негізіндегі төл әліпбидің заманауи ақпараттық технологияларға, дәлірек айтсақ, компьютерге икемді болуына, оны жұртшылықтың тез игеріп кетуіне жағдай жасау ең басты мақсаттардың бірі. Бүгінде жаңа ұлттық әліпбиіміздің халқымызға мейлінше тиімді қызмет етуін қамтамасыз ету, әліпби реформасын жазу реформасына айналдырып, тіліміздегі ақтаңдақтардың орнын толтыру біздің алдымыздағы елеулі міндет екендігін де айта кеткім келеді.
«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына сәйкес Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, өкілетті орган ретінде Мәдениет және спорт министрлігі белгіленді. Мұндай аса маңызды ауқымды шараны атқару абыройының бізге бұйырғаны жауапкершіліктің жүгін салмақтандыра түседі.
– Жоғарыда тоқталып өткеніңіздей, министрліктің алдында бірқатар маңызды міндеттердің тұрғанын байқадық. Осы міндеттерді шешу жолдары қалай ұйымдастырылуда?
– Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиіне көшу міндетін жүйелі әрі сапалы жүзеге асыру мақсатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей бастамасымен әрі ұйытқы болуымен министрлікке қарасты Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. Осыған орай орталықтың қызмет аясы кеңейіп, жаңа міндеттер жүктелді, сондай-ақ ғылыми әлеуеті арту үстінде. Қазірдің өзінде орталықта бір ҰҒА академигі, 2 ғылым докторы, 6 ғылым кандидаты қызмет атқарады. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережелерін дайындау, оларды апробациядан өткізу, әліпби бойынша үйрету, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және мемлекеттік қызметшілер мен жеке тұлғаларға мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытуды ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету, филология саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының басты мақсаты болып табылады.
– Елбасы Жарлығы шыққалы бері жарты жылдан астам уақыт өтті. Қандай жұмыстар қолға алынды және алдағы уақытта қалай жүргізілмек?
– Үкімет басшысы басқаратын Ұлттық комиссия жанынан орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтары құрылып, олардың алдындағы мақсат-міндеттері айқындалып берілгенін айта кеткеніміз жөн. Жұмыс топтарының құрамына ғалымдар, жетекші сала мамандары, тіл жанашырлары тартылып, бүгінгі таңда әр топ өз жоспарлары бойынша нақты жұмыстарына кірісіп те кетті. Осы жұмыс топтарының ортақ мәселелерін анықтап, өзара байланыстарын үйлестіріп, олардың алдына жаңа міндеттерді межелеп отырудың министрлікке тапсырылуы біздің алдымыздағы жауапкершілікті арттыра түседі. Сондай-ақ бүгінгі таңда жаңа әліпбиге сәйкес емле ережелерін даярлау, оқыту мен үйрету әдістемесін құрастыру, қазақ тілінің терминологиялық қорын жүйелеу және латын графикасын IT технологиялар мен ақпараттық кеңістікке бейімдеу бойынша сарапшыларды тарту мәселесі де пысықталуда. Министрлік тарапынан «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бойынша атқарылатын жұмыстар ауқымы еңсеріле бастады. Атап айтсақ, Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және техникалық-ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының қызметін үйлестіру жұмыстары басталып та кетті. Бүгінге дейін жұмыс топтарының алдына қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, отырыстар өткізілуде. Көпшілікті жаңа әліпбиге көшу, ұлттық терминқорымыздың біріздендірілу барысымен таныстыру және ақпараттандыру мақсатында саланың жетекші мамандарын, жұмыс тобының мүшелерін тарта отырып, түсіндіру-насихаттау жұмыстары ұйымдастырылуда.
Соның бір мысалы ретінде осы айдың, яғни 11 маусымға белгіленіп отырған «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты республикалық конференцияны атап өтуге болады. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле ережелерінің тұжырымдамасын қабылдау мақсатында ұйымдастырылып отырған іс-шарада 4 жұмыс тобы мүшелерінің және жетекші сала мамандарының басын қосып, жүргізілген жұмыстардың жалпы жоспарға сай келуін саралау, бағыттарын айқындау, қордаланған мәселелерді пысықтау жоспарланған.
– Осы конференцияда көпшілік көптен күтіп жүрген жаңа әліпбидің емле ережесін әзірлеудің тұжырымдама жобасы талқыланады деп естідік.
– Дұрыс айтасыз, қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары төл әліпбиімізге негізделген орфографиялық ережелерді қалыптастыру жұмыстарына кірісті. Жоспарланып отырған конференцияда белгілі тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли жаңа әліпби емле ережелерінің тұжырымдамасын жұртшылыққа таныстырмақ. Өздеріңіз білесіздер, әліпби ауыстыру – жай ғана қаріп ауыстыру емес. Көзіқарақты оқырманға мәлім, қазіргі кириллицадағы әліпби әріптерінің үштен бірі орыс тілінен енген сөздерді бұлжытпастан, орыс орфографиясының ауанымен таңбаланып, жазба тіліміз ұлттық сипатынан айырылған жартыкеш жазу күйінде өмір сүрді. Кезінде І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев және бүгінде тоқсанның биігіне шыққан Р.Сыздық сынды аса көрнекті тілтанушы ғалымдарымыз Ахмет Байтұрсынұлы ғылыми негізін қалап кеткен қазақ жазуының ұлттық сипатын сақтауға, әліпби түзу мен емле ережелерінің нормалануы мен қалыптасуы аясында оң шешімдер тауып, жазба тілдің графика-орфографиялық жүйесін оңтайландыруға, емле ережелерін жасауға мейлінше күш салғаны белгілі. Әлбетте, жаңа емле ережесін әзірлеуде де ерекше мұқияттылық қажет екені бесенеден белгілі. Ендігі жерде өткеннің тағылымы мен тәжірибесін терең қабылдай отырып, Ә.Жүнісбек, Н.Уәли, Қ.Күдеринова, Н.Әміржанова сияқты дарынды ғалымдарымыз бастаған тіл зерттеушілері қазақ орфографиясын жаңа белеске көтереді деп сенеміз.
– Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында тұрақты және жалпыға бірдей танылған терминдер мен ұғымдардың қазақ тіліне аударылу барысы, ондағы олқылықтар мен кемшін тұстар туралы орынды сын айтылды. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін сіздердің тарапыңыздан қандай іс-шаралар атқарылуда?
– Қазақ терминологиясының қордаланған мәселелері көкірек көзі ашық көпшіліктің көкейкесті сауалдарының бірі. Бұл мәселенің баспасөз беттерінде көп жазылып, жоғары мінбелерден сыналуы халқымыздың тіл мәдениетін көтеруге игі ықпалын тигізеді деп сенеміз. Осы мәселені шешу барысында біздің тарапымыздан бірқатар нақты қадамдар жасалуда. Атап айтсақ, биылғы жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен терминдерді қайта қарау, оларды насихаттау, Комиссия мүшелерінің жұмысын қаржыландыру сияқты жұмыстар тиянақталды. Ең бастысы, бүгінге дейін бекітілген терминдерге мониторинг жүргізілді. Қазірге дейін 21 мың термин бекітілсе, оның 40,8 % (8571 термин) – төл терминдер, ал 59,2 % (12429 термин) кірме және аралас терминдерді құрап отыр. Осы терминдерге жасалу және аудару тұрғысынан толық лингвистикалық сараптама жасалуда.
Сондай-ақ тіліміздің тазалығын сақтап қана қоймай, оны ғылым тіліне айналдыру үшін терминдердің принциптері мен қолданбалы терминтанудың негізгі міндеттерін айқындау мәселесі қолға алынды. Бұл ретте Елбасы алға қойған міндеттерді орындауда шет тілінен енген бірқатар терминдердің қазақ тіліндегі нұсқалары, атап айтқанда, процент (пайыз), гимн (әнұран), шина (құрсым), инвентарь (мұқаммал), демаркация (шегендеу), баланс (теңгерім), интеграция (ықпалдасу), дефект (ақау) және басқа да бірқатар терминдер халықаралық нұсқалармен қайта сәйкестендірілді. Терминдерді бекіту барысында олардың дефинициясы, ағылшын, неміс, испан, француз және түркі тілдеріндегі қолданысы ескеріледі. Сондықтан барша әріптестерімізге ендігі жерде Комиссия шешіміне сәйкес пайызды процент, әнұранды гимн деп қолдану қажеттігін еске саламыз.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында терминология мәселесіне қатысты көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында биылғы жылғы 18 мамырда «Терминжасам қағидаттары және ұлттық терминология мәселелері» тақырыбында терминолог ғалымдардың қатысуымен республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Шара барысында терминжасамның ғылыми қағидаттары, ұлттық терминологиялық қор, салалық терминологияның өзекті мәселелері, қазақ тілінің латын графикасына көшірілуіне байланысты туындайтын терминологиялық міндеттер, тұрақты және жалпыға бірдей танылған терминдер мен ұғымдарды қазақ тіліне аударуды шектеу, бұрын қазақ тіліне аударылған жалпыға бірдей танылған терминдер мен ұғымдарды қайта қарап, сәтсіз баламаларын түпнұсқамен сәйкестендіру мәселелері қарастырылып, конференция жұмысында талқыланған мәселелер бойынша ұсыныстар қарарға енгізілді. Тұтастай алғанда, министрлік тарапынан қолға алынған жүйелі жұмыстар мен ғылыми негіздемелер ұлттық терминология саласының ілгерілеуіне елеулі ықпал етуде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»