Олардың Әдеп кодексі талаптарымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әрекеттерін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюросы облыстық департаменті әшкерелеп отыр. Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Серғали Түсіповтің баяндамасында атап көрсетілгендей, Тайынша ауданының қазіргі әкімі Владимир Дудов Ғ.Мүсірепов ауданына басшылық еткен тұста қарындасына, әкімнің орынбасары Алтыншаш Тайшабаева сіңлісіне баспана алуға көмектесіп, заң бұзушылықтарға орын берген. В.Дудов комиссия төрағасы ретінде бейтараптық танытудың орнына отырысқа, дауыс беруге қатысқан. Ол өзіне тағылған айыптаулардан сытылып кетуге қанша ұмтылса да, етжақын адамдардың мүддесін қорғағаны, хаттамаға қол қойғаны, осылайша мемлекеттік қызметке нұқсан келтіргені тайға таңба басқандай мойнына қойылып, қызметіне толық сай емес деп танылды. Оның «сүттен ақ, судан тазамын» деген уәжі комиссия мүшелерін сендіре алған жоқ. Кей тұрғындарға берілген баспаналардың аумағына қатысты заңға қайшы жайттарға да тіс жарып үндемеген. Тіпті отбасы құрамы туралы анықтама талап етілмеген.
Әңгіме ауаны В.Дудов пен оның орынбасары Талғат Әбілпейісовтің кәсіпкерлерден заңсыз ақша жинағаны туралы мәселеге ауысқанда талқылау қызып сала берді. Астанада өткен ат бәйгесіне тұяғымен жер тарпыған сәйгүліктерді апаруға 100 мың теңге, ауылшаруашылық мерекесін өткізуге осынша көлемде қаржы сұраған фактілер расталды. Тағы бір фермерден 20 мың теңге талап етілген. Олар болса ағымдық іс-шараларға жергілікті қазынадан қаражат қарастырылмағандықтан қалталы азаматтардың көмегіне жүгінуге тура келгенін, өтініш ретінде айтқандарын көлденең тартқанымен, шағын және орта бизнес қызметіне жөнсіз араласу деген баға берілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюроның жергілікті құрылымы лауазымды тұлғаларға жемқорлыққа жол берді деген айып тағып, қызметтерінен шеттету туралы ұсыныс айтқанымен, Әдеп комиссиясының мүшелері басқаша шешім қабылдады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы