Болашақ жұлдыздардың ата-анасы Никарагуада туып-өскен. Азамат соғысы мен түрлі қақтығыстан көз ашпаған мемлекетте тұрақтауды жөн көрмеген олар жетпісінші жылдары АҚШ-қа қоныс аударады. Бай-қуатты Америкада Лопестер отбасының мүшелері түгелдей таэквондомен табысады. Ұлдарының бұл ермегін құптаған әкелері өзінің көлік қоятын шағын ғана гаражын спорт залына айналдырады. Сол жерде олар корейлер ойлап тапқан өнердің қыр-сырына қанығады.
Көп ұзамай ерен еңбек өз жемісін берді. Алғашқы болып осы отбасының тұңғышы Жан Лопес АҚШ ұлттық құрама командасы сапына шақырту алып, түрлі додаларға қатысады. Алайда ол толағай табыстарға қол жеткізе алған жоқ. Есесіне туған інісі Стивен Лопес (1978 жылы туған) ағасы армандаған белестерді бірінен кейін бірін бағындырып, төрткүл дүниедегі теңдессіз таэквондошылардың бірі ретінде өз есімін спорттық шежіреге алтын әріптермен жазды. Атап айтсақ, ол 2000 жылы Сиднейде және 2004 жылы Афиныда өткен Олимпия ойындарында алтын тұғырға көтеріліп, әлемнің 5 дүркін чемпионы атанды. Одан бөлек, құрлықтық және басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда жасындай жарқырады.
Стивеннен кейін Марк Лопес (1982) өзінің мықтылығын мойындатып, көптеген байрақты бәсекеден олжалы оралды. Қос ағасының жеңісті жолы қарындастары Дианаға да (1984) жұғысты болды. Ол да дара талантымен оқшауланып, 2002 жылы Панамерика ойындарының жеңімпазы, 2005 жылы әлем чемпионы және 2007 жылы әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды.
Біраз жыл бойы АҚШ-та бір отбасынан шыққан үш спортшының алдын орайтын ешкім болған жоқ. Соның нәтижесінде 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына ел намысын қорғау сол саңлақтарға жүктелді. Олардың барлығы да артылған сенімді ақтап, ұлы дүрмекте мол олжаға кенелді. Тарқатып айтсақ, 57 келі салмақта өнер көрсеткен Диана және 80 келі салмақта сайысқа түскен Стивен қола медальді иеленсе, 68 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Марк күміс жүлдені мойнына ілді.
Міне жоғарыдағы суретте бейнеленген таэквондошылар отбасы – Лопестердің бағындырған белестері осындай.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»