Көтеріңкі көңіл күй жаңа күннің бастауына жағымды әсер қалдырады. Диетолог Татьяна Чеволюк те таңертең жақсы көңіл күймен тамақтанудың денсаулыққа пайдалы жағы көп екенін айтады. Әдетте, салмағын қадағалап отыратын адамдар үшін таңғы ас міндетті. Өйткені таңғы ас ішу арқылы түскі және кешкі асты аз мөлшерде тұтынуға болады. Бұл адамның артық салмақ жинамай, қалыпты мүсінін сақтауға көмектеседі. Тәжірбиеге сүйене келе мамандар таңғы асты үнемі ішіп жүрген адамдардың кешке дейін белсенді қимыл-қозғалыста болатынын, яғни ертеңгілік дұрыс тамақтану ағзаның күні бойы алатын калориялық қуатын тиімді пайдалануға жол ашатынын анықтады. Себебі 8-12 сағат аралығында ағзада ферменттер өте белсенді болады. Осыдан кейін ас қорыту жүйесі ауырлықты сезінбейді. Егер таңғы астан тыс қалсаңыз, ағзадағы қанттың мөлшері төмен түсіп, күш қуатыңыз әлсірей түседі екен.
«Менің медициналық тәжірибемде таңғы астың маңызы зор. Бірақ оның мөлшері мен құрамы адамның ағзасы мен денсаулығына байланысты әртүрлі болады», дейді О.Острук. Кей адамдар уақтылы ұйықтамаған жағдайда таңертеңгі асқа тәбеті болмайды. Себебі кеш жатып түсте оянатын адамның ас қорыту жүйесіндегі ферменттер дұрыс жұмыс істемейді. Бұл ағзаға салмақ түсіреді және көптеген ауруға апарады. Салдарынан адамда енжарлық басым бола түседі. Ал уақтылы тыныққан әрі дұрыс тамақтану ережесін сақтаған адамның келбеті әдемі кейіпке еніп, өзін жақсы сезінбек. Мамандардың кеңесіне сүйенсек, таңғы асты ішпес бұрын асқазанды тазарту керек. Таза 1 стакан су ішу немесе 1 дана банан жеу керек, 15 минуттан кейін таңғы асқа отыруға болады.
Татьяна Чеволюктің айтуынша, таңғы асқа сүт өнімдерін пайдаланған жөн. Қышқыл сүт өнімдері, сүзбе, ірімшік және жұмыртқа адамның күні бойы көңіл күйінің көтеріңкі болуын қамтамасыз етеді. Бұл ретте америкалық ғалымдар да ақуыздың таңғы асқа пайдалы екенін дәлелдеді. Яғни құнарлы таңғы ас ішкен адам күні бойы аштықты сезінбей, калорияны төмендету арқылы арықтай алады.
Дене бітімінің дұрыс болуы да дұрыс тамақтануға байланысты. Уақытында тамақтанған және көшедегі фаст-фудтан бұрын үй тағамын тұтынған абзал. Себебі сіңімді әрі тойымды. Ал кешкі сағат 18.00-ден кейін тамақтанбау керек. Ертерек ішкен тамақ бойға тарап, ағза қорытып үлгереді. Соңғы кездері жасөспірімдер тамақтанып отырып, қолындағы телефонына шұқшиып отырады. Бұл миға әсер етуді тежейтіндіктен, не жеп отырғанын баланың өзі де білмейді. Бұл да дұрыс емес. Сондай-ақ арықтаудың жолы осы екен деп тамақты дұрыс ішпей жүргендер де бар. Олар соңында ауырып, емханаға қалай түскенін білмей қалады. Немесе қаны азайып, анемияға ұшырап құлап жатады.
Ал зиянды тағамдар ретінде майлы тағамдар мен алкогольді және газдалған сусындар, хот-дог, чипсы және басқа да тез дайындалатын өнімдерден аулақ болған жөн. Осы қағиданы ұстамағандардың басым бөлігі ауруға ерте ұшырайды. Құнарлы тағамдар ретінде теңіз өнімдері, балық пен ет-сүт өнімдерін, жеміс-жидекті қолданған және таза суды көбірек ішкен абзал. Мәселен, қызыл және жасыл алма ағзаға өте пайдалы екен. Ағылшындарда «Жатарға алма жесеңіз, дәрігердің қажеті болмай қалады» деген мағына беретін тәмсіл бар. Расында, саламатты өмір салтын ұстанған жан ауырмайды.
Қызғалдақ ОМАР,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Саясаттану және журналистика факультетінің 1-курс студенті