Қазақстан • 12 Маусым, 2018

Сөз сойыл №62

918 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №62

Продуктіні бір қу қағып кетпесін...

Тоқсаныншы жылдардың бас кезі. Дүкен атаулы қаңырап бос тұр. Азық-түлік алуға, қымбат болса да амалсыздан базарға барамыз. «Базары жақын байымас» деп, үйіміз Көк базарға тиіп тұр, екі-ақ көше.

Базардан қажет нәрселерімді алып үйге беттегенім сол еді, тура кеуде тұсыма шаншу қадалып, демала алмай тұрып қалдым. Қолымдағы үш-төрт пакетті жерге тастай салып, кеудемді сипалап уқалағансимын, тіпті болар емес. Мына сұрыммен көмексіз үйге жете алмайтынымды білдім. Өйткені еңкейіп заттарымды алуға шамам келмеді. Абырой болғанда телефон будкасының қасында тұр екенмін, ол заманда қазіргідей сотка деген жоқ кез ғой, содан үйге звондадым. Бірден ешкім ала қоймады. Баламыз Ержанның сабаққа кеткені белгілі, ал Бәкеңнің – Бақытжан Момышұлының үйде екені анық. Мүмкін ұйықтап қалды ма деп тағы звондадым, қойшы әйтеуір, үшінші ретте зорға түстім. Жұбайыма не болғанын, қайда тұрғанымды түсіндіріп айттым.

Азық-түлік салынған дорбаларым жерде, өзім будканың бір жағына сүйеніп, кеудемді ұстап тұрғанымда:

– Апай! – деген дауысқа қарасам, жазушы Марат Қабанбаев екен. Ол қасыма келіп:

– ГЖИ-ден (газетно-журнальное издательство) шығып келе жатыр едім, сонадайдан көзіме бір түрлі көріндіңіз, не болды? – деп сұрады.

Бүкіл газет-журнал редакциялары орналасқан үлкен ғимарат Көк базардың қарсы бетінде еді. 

Мен Маратқа жағдайымды түсіндірдім. Ол пакеттерді көтеріп, екеуміз жайлап үйге қарай аяңдадық. Алдымыздан асығыс келе жатқан Бәкең көрінді. Жайшылықта өте ретті киінетін, ешқашан олпы-солпы жүрмейтін жинақы адамның сұрын көргенде Марат тұрмақ, өзім таңғалдым. Шашы су-су, шала сүртілгені көрініп тұр. Жейдесінің жағасы жайлауынан кетіп, бір жағы ішіне бүктетіліпті, түймелері жоғары-төмен ауысып түймеленіпті. Үйде киетін шалбарының әр жеріне су тиген.

– Ойбұй, мына сиқың не? – дедім шыдай алмай. Бәкең жауап қатып үлгергенше Марат:

– Апай-ау, көрдіңіз бе, ағаның сізді қалай жақсы көретінін! Жағдайыңызды естіген замат бәрін ұмытып алдыңыздан шығып тұрған жоқ па?! – деді. Шамасы ағасын ыңғайсыз күйден құтқарайын деді білем. Алайда қысылып тұрған Бәкең жоқ:

– Маратжан, апаң звондағанда басымды жуып жатыр едім. Ол құлап қалса, мына құрғап тұрған заманда базардан алынған продуктіні бір қу қағып кетпесін деп асығып шыққаным ғой, – деді түк болмағандай кейіппен.

Қып-қызыл қазақ болдық

Бәкеңмен институтта қатар оқыған Советбек деген жігіт бір жиында кездесе кетті. Талай жылдан бері көріспеген таныстар ашық-жарқын әңгімелесіп жатыр. Советбек Бәкеңе қарап:

– Ойпырым-ай, баяғыда қазақша сөйлемейтін нағыз орыс едің, енді сарнап тұрсың ғой, – деді.

– Оның рас, бұрын сап-сары орыс едік, мына Зейнептің арқасында қып-қызыл қазақ болдық қой, – деп жауап берді.

Зейнеп АХМЕТОВА

АЛМАТЫ

«Сырахана жақын жерде ме?»

 – Жұмеке, бүгін жексенбі ғой, театрға барсақ?

 – Құлағы құрғыр тосаң, көзге көлеңке түсіп кілгіріп жүр.

 – Онда мұражайға қалай қарайсың?

 – Ондағы ескі-құсқылар өз үйімде де бар ғой.

 – Теңіз жаққа барып, салқындап келсек?

 – Ойбай, жүзу білмеймін, толқын алып кетер.

 – Аздап шөл бар, сыраханаға баралықшы?

 – Жақын жерде ме?!

«Үш күн күтейін...»

– Қарындас, кешіріңіз, мен сізге бір көргеннен ғашық болдым, сізге отбасын құру туралы сөз салғым келіп тұр.

– Ойбай-ау, не деп тұрсыз, танысқаны­мызға екі-ақ күн болды емес пе?

– Иә, танысқанымызға екі күн екен ғой, онда үшінші күнді күтелікші.

«Онда, тілмәш арқылы...»

– Судья мырза, бізді ажырастырыңыз, өйткені міне екі жыл болды біріміздің тілімізді біріміз түсінбей қор болып жүрміз.

– Онда тілмәш арқылы түсінісуге болмай ма?

«Бәрі де керісінше...»

Біздер некеге отырғанда «Неліктен, қалай, не үшін?» деп ешкім сұраған жоқ, ал ажырасқанда осынау сұрақтармен итсілікпемді шығарып, сот алдында сорпам төгілді.

Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ

Маңғыстау облысы

Заманың түлкі болса...

XX ғасырдың 70-жылдарынан бері қарай дүниеге келген балалар ерекше бір еркетотай болушы еді... Шаңы бұрқыраған алыстағы бір шағын ауылдың балалары балабақша, клуб дегенді білмей-ақ өсті. Күрең күзде мектепке баратын баласына әкесі үйде отырып-ақ әріптерді үйретіп, «мектепалды» дайындық «курсын» өткізе беретін. Мысалы, «Қарасу» колхозының қатардағы колхозшысы Қожбан: 

 – «А» дегеніміз – арба, «Б» дегеніміз – бригадир, «Д» дегеніміз – доп, «С» дегеніміз – соғым, «Ш» дегеніміз – шөп, – деп, баласына ежіктей үйретіп отырғанын өз көзіммен көргенім бар.

Осы ауылдың маңдайалды механизаторы, көк трәктірдің құлағында ойнайтын Божбан баласына: 

– «А» дегеніміз – агрегат, «Б» дегеніміз – болт, «Д» дегеніміз – домкрат, «С» дегеніміз – солярка, «Ш» дегеніміз – шайба, – деп шегелейтін әрбір әріпті. Ал енді осы ауылдың атақты араққұмары Әлімбай «А» деп ақырып қалса, баласы: «Арақ!» – деп тақ ете қалады.  «Арақ» деп басталатын Әлімбайдың әліппесі әрі қарай былайша жалғасады: «Б» дегеніміз – бормотуха, «Д» дегеніміз – дүкен, «С» дегеніміз – сәмөгөн, «З» дегеніміз – зәкөске, «М» дегеніміз – махорка, «П» дегеніміз – пәхімел, – деп шұбырып кете береді. 

Әлімбайдың баласы Қиясқа жөні түзу бір сөз үйретпек болып: «Р» – «ракета» деп айт, – десең бар ғой, «Рэкет» а-аа!» – дейді қиямпұрыстанып. Содан бері талай уақыт өтті. «А» – «арба!» – деп оқыған балалар да ержетті. Оқығандары оқыды, оқымағандары сол қалпы оқымай қалды. Өздерінің туып-өскен ауылында «А» – арбасын айдап, «Ш» – шөбін шауып, «Д» – дефицитке айналған «С» соляркасын іздеумен күйкі тіршілігін атқарып жатыр. Тек Әлімбайдың баласы Қияс қана өзінің «жуан жұдырығының» арқасында, «ракета» деген сөздің орнына бала кезінен-ақ әлдебір «тылсым» күш әкеліп аузына салған «рэкет» болып, өткен ғасырдың аумалы да төкпелі 90-жылдарында ауыл-аймақты аяғынан тік тұрғызып, ел-жұртты әбден дүрліктірген екен, онысы өзіне майдай жағып, түрмедегі мерзімін аман-есен өтеп келгеннен кейін «ауылдың құрметті азаматы» атағымен марапатталып, соңғы кездері депутаттыққа сайлануға талпынып жатыр деп естідік. Алдыңғы толқын ағаларының салған «сара» жолымен жүруге өресі жетіп, өзінше «дара» жолға түсіп, айдалаға лағып кетпесе, Қиястың әлі де талай қыр асатынына ешбір күмәніңіз болмасын. 

Жақында сол бір шаң басқан шағын ауылға жолым түсіп бара қалып едім, содан бері өткен 40 жылда еш өзгеріс болмаған сияқты, бәрі қаз-қалпында... Біз түсіп шай ішкен үйдің баласы, алты жасар Нұрәліге шешесі шәңкілдей ұрсып, әліппенің әріптерін үйретіп жатыр екен: – «А» деген – арба, «Абрамович» емес! «Абрамович» дегенің не пәле, тағы?! Әй, жайрағыр, «П» дегеніміз – парта, «пара» емес! Білдің бе? Ұғып ал. «С» – сыбайлас, «Ж» – жемқорлықта нең бар сенің, жетпей желкең қиылғыр жүгермек. Е-е, «Д» – депутат дегенің дұрыс. «Ұ» – «ұйықтайды» дейді?! Әй, депутаттың ұйықтағанында сенің не шаруаң бар? Жасы бірталайға келген адамдар халықтың қамын ойлап шаршағандықтан бір ауық көз шырымын алса, онда тұрған не бар?! Қой, одан да әліппеңді оқы... «Б» – «базар» дейді?! Әй, аузыңа «бала», «балға» деген сөз түспей ме? Ой, төбеңмен жүрмегір жүгермек!

Біздің әліпбиде әріптің неше атасы бар ғой. Сондықтан бұл әңгімені әрі қарай да соза беруге болар еді. Бірақ «Заманың түлкі болса...» деген мақалды есіме ала отырып тура осы жерден тоқтағаным жөн шығар...

Қыдыр БАЙДҮЙСЕНОВ

Текелі қаласы



Ғұламадан бір әйел:
– Көп қызбен  жүрген жігіт жақсы да, көп жігітпен жүрген қыз неге жаман? – деп сұрайды. 
– Кез келген құлыпты ашатын кілт жақсы, ал кез келген кілтке ашыла беретін құлып жаман, – депті ғұлама.

– Пендені қай кезеңде ересек азамат деп білуге болады?
– Оған «тамағын тауысып ішкен ақылдым менің!» деген сөздің орнына «Оңбаған, тағы да тойып келгенбісің!» деген сөз айтылған кезеңде ол ересек азамат болып саналады.

 Шаш қидырғалы отырған кісі шаштараздан:
− Қолыңыз неге кір? – деп сұрапты.
Сонда ол: 
– Жұмыс енді басталды ғой. Әлі ешкімнің басын жуған жоқпын! – деген екен.

– Қымбаттым, Наполеон мен Гитлерді жеңген елміз, ал алкоголизмді неге жеңе алмаймыз?
– Жаным менің, алкоголизм бізге шабуыл жасаған жоқ қой!..

Біреу көріпкелге бал аштырыпты. 
– Болашағың жарқын сияқты, – депті балгер құмалағын шашып жіберіп, – Әжептәуір қызметің, қып-қызыл машинаң бар екен... Баспалдақпен жылдам өрлеп келесің... Кім боп жұмыс істейсің өзің? 
– Өрт сөндірушімін...

– Көлігіңнің ұрланғаны жөнінде полицияға неге хабарлама түсірмей жүрсің?
– Олардың мәшиненің кем-кетігін жөндеп, басқа түске әдемілеп бояуын күтіп жүрмін.

Жұмыстағы «жұмыр» сөз

Жаңа қазақ өзінің хатшысын мақтап жатыр: 
– Өте жақсы! Жарайсың! Небәрі екі-ақ қате жіберіпсің. 
– Рахмет! 
– Ал енді екінші сөзді жазшы.
                                                  *  *  *
 Кеңседе бастық қызметкеріне:
 – Сіз осымен бесінші күн қатарынан жұмысқа кешігіп келіп жүрсіз. Бұл нені білдіреді?
 – Демек, бүгінгі күн жұма деген сөз...
                                                 *  *  *
 Әкімшіліктің жыртылып-артылған кезекті тойының ертеңіне директор көмекшісін шақырып алып дүрсе қоя береді:
– Естуімше кешегі той-томалақтан соң көше біткенді шулатып арба сүйреп әбігерге түсіріпсің ғой. Іше білмейтінің бар... Ойлап көрші, бала емес, шаға емессің – арба сүйреген деген не сұмдық... Өзіңде қадір-қасиеттен жұрдай болдың, салиқалы фирмаға да кір жұқтырдың!
– Басеке, айтып отырғаныңыз айна-қатесіз. Тек ол кезде түн асып кетіп, көлік атаулы тоқтап, сізді бәрібір үйге апаруым керек болды емес пе...
                                                *  *  *
– Мырза, сіз кіріс пен шығысты ауыстырып тұрғаныңыз...
– Не дейді! Е, иә, олай болғаны – мен айтпақшы солақай екенімді айтпаппын ғой...

Мүйісті жүргізетін 
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан»