Бапкер Дешам бабында
Сол жылдары құраманың үздігі және капитаны болған Дидье Дешам қазіргі таңда Франция құрамасының бас жаттықтырушы қызметінде елдің бас командасын әлем чемпионатына бастап барады. Мақсат – 1998 жылғы жетістікті қайталау. Жалпы, Франция 2006 жылы Германияда өткен доп додасында бас жүлдені жеңіп алуға бір табан жақын қалды. Алайда Зидан бастаған құрамаға финалда сәттілік жетіспеді. Финалдағы Франция – Италия матчы әлі күнге дейін жанкүйерлердің есінде шығар. Драмаға толы кездесуде Франция ойын соңындағы пенальти сериясында ғана жеңіліп қалған еді. Сонымен қатар бұл матчта Франция құрамасының үздігі Зинедин Зиданның қызыл қағаз алып, ойыннан қуылғанын жанкүйерлер әлі ұмыта қоймаған болуы керек.
Франция құрамасы әлем чемпионатындағы тұңғыш жүлдесіне 1958 жылы Швецияда өткен ала доп аламанында қол жеткізді. Араға 28 жыл салып, 1986 жылы Мексикада өткен футбол тойында үздік үштіктің қатарынан көрінді. Бұл әлем чемпионатына француздар Еуропа чемпионы ретінде аттанған болатын. Бірақ жартылай финалда ГФР құрамасынан жеңіліп, үшінші орын үшін өткен матчта Бельгия құрамасынан басым түскен-ді.
Жалпы, Франция әлем чемпионатына 1930 жылдан бері қатысып келеді. Реттік сан бойынша биыл 15-ші рет жаһандық додаға қатысқалы тұр. Соңғы әлем чемпионатында француздар ширек финалға дейін жетіп, жетінші орынды иеленді.
Ресейге салынған даңғыл жол
Франция құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде еш қиындықсыз, артық күш жұмсамай біріншіліктің финалдық кезеңіне жолдама алды. «Үш жолақты» елдің қарсыластары Нидерланд, Швеция, Беларусь, Люксембург және Болгария құрамалары болған еді. Еуропалық көзқарас бойынша, өте лайықты және маңызды топ саналған-тын. Десе де Болгария мен Нидерланд құрамаларында қазір буын алмасу дәуірі жүріп жатқан соң, нәтижелері де көңіл көншітерлік емес. Сондықтан іріктеу кезеңінде француздардың негізгі қарсыластары Швеция құрамасы болды. Және де іріктеу матчтарында Златан Ибрагимовичсіз қалған Швеция құрамасынан сырт алаңдағы кездесуде жеңіліп қалды.
Жалпы, іріктеу бәсекесінде «А» тобында сынға түскен Франция 10 матчтың жетеуінде жеңіске жетіп, екеуінде тең ойнады. Бұл нәтиже француздарды әлем чемпионатына бару үшін толық қанағаттандыратын еді. Оливье Жиру мен Антуан Гризманн команданың үздік шабуылшылары атанды. Екеуі төрт голдан салды. Франция құрамасы аз гол соққанын ескерсек (17 гол), қалған күшті әлем чемпионатына сақтап қалған сияқты.
Топтық кезеңдегі тартыс
Франция құрамасы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Дания, Перу және Аустралия құрамаларымен сынға түседі. Футбол мамандарының болжауынша, Дешамның шәкірттері қарсыластарын еш қиындықсыз жеңіп, топта бірінші орын иеленеді. Ал плей-офф кезеңінде француздарға оңайға соқпайын деп тұр. Франция жартылай финалға шығар болса, олар Неймар бастаған әлемнің бес дүркін чемпиондары Бразилия құрамасымен кездесуі ықтимал. Егер Франция құрамасы бразилиялық футболшыларды жеңетін болса, араға 20 жыл салып қайта чемпиондық кубокты иеленуі әбден мүмкін.
Франция құрамасының тізімі
• қақпашылар: Уго Льорис («Тоттенхэм», Англия), Стив Манданда («Марсель»), Альфонс Ареола (ПСЖ).
• қорғаушылар: Рафаэль Варан («Реал», Испания), Адиль Рами («Марсель»), Самюэль Умтити («Барселона», Испания), Преснель Кимпембе (ПСЖ), Джибриль Сидибе («Монако»), Бенжамен Павар («Штутгарт», Германия), Бенжамен Менди («Манчестер Сити», Англия), Люка Эрнандес («Атлетико», Испания),
• жартылай қорғаушылар: Поль Погба («МЮ», Англия), Н’Голо Канте («Челси», Англия), Блез Матюиди («Ювентус», Италия), Корентен Толиссо («Бавария», Германия), Стивен Н’Зонзи («Севилья», Испания), Усман Дембеле («Барселона», Испания), Флориан Товен («Марсель»), Тома Лемар («Монако»), Набиль Фекир («Лион»).
• шабуылшылар: Антуан Гризманн («Атлетико», Испания), Оливье Жиру («Челси», Англия), Килиан Мбаппе (ПСЖ).
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»