Семей өңірі тумасының есімі ел спорты тарихындағы алтын әріптермен жазулы. Севастопольде әскер қатарында жүргенде қысқа қашықтықта жүгіруде керемет нәтиже көрсеткен Қосанов сол кезде-ақ қырағы мамандар назарына ілікті. Қарулы күштер және Украина мен Молдавия біріншіліктерінде жеңіс тұғырына көтерілген қазақтың ұлы көп ұзамай халықаралық додаларда даралана бастады. Ал өзінің ең зор табысына ол 1960 жылы Рим Олимпиадасында қол жеткізді. Құрамында Ғұсман Қосанов, Леонид Бартенев, Юрий Коновалов және Эдвин Озолин сынды сайыпқырандары бар КСРО командасы жеңіл атлеттердің 100 метрлік эстафета сайысында күміс медальды иеленді. Осылайша, Қосановтың есімі төрт жылдықтың басты додасында жүлде алған Қазақстанның тұңғыш спортшысы ретінде тарихта қалды.
Қандасымыз 1964 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарына қатысты. Алайда Жапонияда біздің жігіттердің жолы болмады. 1965 жылы Киевте өткен КСРО мен АҚШ құрмаларының жолдастық кездесуінде Кеңес Одағының желаяқтары эстафеталық сайыста америкалықтарды артқа тастады. Сол команданың сапында біздің желаяқ та өнер көрсеткен еді. Ал 100 метрге жүгіруде қазақ спортшысының жеке рекорды – 10 минут 02 секунд.
Алаштың абзал азаматы Ғұсман Қосановты еске түсіруге арналған аталған турнир Алматыда 1991 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Халықаралық жеңіл атлетика қауымдастығының күнтізбесіне енген бұл жарыстың жалауы биыл 28-ші мәрте желбірейді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ