Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп келе жатқан айтулы өнер думанының басты мақсаты – театр өнері саласында ынтымақтастықты нығайту.
– Самғау сөзінің мағынасы өте кең. Бүгінгі өнер думанының негізінде байланыстырсақ, онда бұл атау – өнер көгінде қалықтау, шабыттың шыңында жүру, әрдайым үздік болу деген мазмұнға саяды. Осы жылдар ішінде фестиваль өзінің басты міндеті – елорда мәдениетін дамыту және қазақстандық театр өнеріне деген қызығушылықты арттыру, шетелдік серіктестермен рухани-шығармашылық ынтымақтастықты нығайту, гуманитарлық байланыстарды кеңейту сынды алдына қойған мақсаттарын абыроймен еңсеріп келеді. Бүгінде «SAMGAU» – отандық және әлемдік театр өнері мамандарының шығармашылық пікір алмасу алаңы ғана емес, сахна саласы қызметкерлері мен астаналық өнер жанашырлары үшін әр жыл сайын асыға күтетін сүйікті өнер мерекесіне де айналып үлгерді. Сондықтан фестивальдің барлық қатысушыларына сәттілік және жеңіс тілеймін, – деп өз құттықтауын жеткізді фестивальдің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.
Бүгінде елорда мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерген «SAMGAU» халықаралық театр фестивалі осыдан 6 жыл бұрын Астананың 15 жылдық мерейтойына орай, қала әкімдігінің қолдауымен өткізілген болатын. Бас шаһар мәдени-рухани өмірінің тынысымен таныстыруды мақсат тұтқан өнер думаны 2012 жылы қала күні қарсаңында тұңғыш рет өз шымылдығын түрді. Содан бергі 6 жыл уақыт аралығында фестиваль аясын кеңейтіп, мазмұнын байытып, бүгінде бас қаланың басты мәдени оқиғасына айналды.
Биыл фестивальға Сербия, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, сонымен қатар Петропавл, Өскемен, Шымкент және Астана театрлары – барлығы 12 өнер ұжымы қатысады. Сондай-ақ театр сүйер қауым фестиваль бағдарламасы аясында Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» және «РЭволюциЯ» атты қос бірдей өзіндік жұмысын да тамашалай алады.
Астана қаласының 20 жылдығына арналған «SAMGAU» VI халықаралық театр фестивалінің тағы бір қуанышты жаңалығы – фестиваль осы жылдан бастап атауы мен форматын өзгертті. Яғни бұған дейін «Сахнадан сәлем!» аталып келген өнер думаны биылдан бастап «SAMGAU» атауын иеленді. Сондай-ақ үздік атанған қойылымдарға арнайы жүлде қоры тағайындалды. Фестивальға қатысып, үздік өнер көрсеткен ұжымдар: «Үздік спектакль», «Үздік режиссура», «Үздік ер адам бейнесі», «Үздік әйел адам бейнесі», «II пландағы ер адам бейнесі», «II пландағы әйел адам бейнесі», «Үздік суретші» аталымдарында және КСРО халық әртісі, Қазақстанның Халық Қаһарманы Ә.Мәмбетов атындағы арнайы сыйлықпен марапатталатын болады.
Астана қаласы Жастар театры ұсынған Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсымен (спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) ашылған мәдени шара бір апта бойы Астана төрін театр өнерінің думанына бөлейтін болады.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»