Футбол • 12 Маусым, 2018

ФИФА әлем чемпионатының үздік он ойыншысының тізімін жариялады

373 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

14 маусым мен 15 шілде аралығында Ресейде өтетін әлемдік доп додадасы қарсаңында ФИФА осы жарыстың ТОП-10 футболшысының тізімін жариялады.   

ФИФА әлем чемпионатының үздік он ойыншысының тізімін жариялады

Бұл тізімде португалиялық Криштиану Роналду мен аргентиналық Лионель Месси көш бастап тұр. Әрине, оған таңдануға боламас. Соңғы 10 жыл көлемінде айтулы қос азамат ең үздік футболшыға тиесілі «Алтын допты» алма-кезек иеленуде. Сол уақыт аралығында әлемдегі өзге теңбіл доп шеберлеріне бұндай бақ бірде-бір мәрте бұйырмады. Ал Роналду мен Мессидің қанжығасы бес-бес реттен майланды.

Үшінші орында – Неймар. Бразилияның шабуылшысы да соңғы кездері өрелі өнерімен жанкүйерлер жүрегін жаулауда. Сонымен қатар, үздік 10 ойыншының қатарына польшалық Роберт Левандовски, уругвайлық Луис Суарес, испаниялық Давид Де Хеа, германиялық Мануэль Нойер, испаниялық Серхия Рамос, бельгиялық Эден Азар және Германияның тағы бір жұлдызы Тони Кроос сынды саңлақтар бар.      

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»