Фото: Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ
Оралда Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің басын біріктірген «Жайық Пресс» атты медиахолдинг бар. Осы мекеме жанынан 1912 жылы құрылған «Баспасөз тарихын зерттеу орталығы» соңғы жылдары газет бастауында тұрған «Ұран», «Хабар-Известия», «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда», «Дұрыстық жолы» секілді басылымдардың тарихын зерттеп, жеке-жеке кітап етіп шығарған болатын.
- Біз бұл зерттеу жұмыстарын 1911-1913 жылдары Орда мен Орал қалаларында шыққан «Қазақстан» газетінен бастадық. Өйткені өңірдегі ұлттық басылымдардың бәрі осы басылымнан тамыр тартады. «Қазақстан» газетінен біз Ғұмар Қараштың редакторлық еңбегін, жалпы қазақ баспасөзінің қалыптасу сатыларын анық көрдік, - дейді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин.
«Қазақстан» газетінің тігіндісі елімізде сақталмаған еді. Газеттің түпнұсқасымен танысып, көшірмесін алу үшін оралдық зерттеушілер Мәскеу қаласына барды. Осы сапар барысында Ғұмар Қараштың немересі, Мәскеуде тұратын ғалым Қарашева Нәдия Бұрханқызымен кездесудің сәті түсті. Сол жолы ақынның немересі өзі өмір бойы жинаған материалды Жантас Нәбиоллаұлына аманаттап тапсырған болатын. Ғұмар Қараштың барынша толық жинағын дайындау идеясы осылай туды.
Нәдия Бұрханқызының қолында сақталған бұл материалдарды зерттеуші-ғалымдар Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиева тапсырған екен. Барлығы 17 папкаға жинақталған мол қазынаның ішінде Ғұмар Қараштың түпнұсқа кітаптары, кітаптарының фотокөшірмелері, ақынның баспа бетін көрген барлық кітаптарының кирилл әрпінде терілген мәтіні, әртүрлі басылымдарда жарияланған және ел ішінен жазып алынған шығармалары, Ғұмар замандастарының естеліктері, ғұмартанушы ғалым Мұстафа Ысмағұловтың бұрын еш жерге жарияланбаған кітабының қолжазбасы т.б. көптеген материалдар бар.
Сонымен бірге ақынның 1994 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Замана» жинағы Ғұмар Қараш туралы көп жылдан кейін тұңғыш қолға алынған тұңғыш толымды еңбек ретінде ерекше назарда болды. Ғалым Қабиболла Сыдиықовтың «Ағартушы, ойшыл, қайраткер ақын» атты алғысөзі Ғұмар Қараштың өмір жолы мен шығармашылығына барынша шолу жасалған, баспа бетін көрген тұңғыш шығарма болатын.
Ақынның поэзиялық шығармалары жинақталған алғашқы том Ғұмар Қараш құрастырған «Шайыр» және «Көксілдер» жинағынан басталған. Өйткені бұл екі кітап 1910 жылы жарық көргеннен бері қайта басылған емес. Оның үстіне Ғұмардың баспагерлік шығармашылығы, яғни өз шығармаларын кітап етіп шығара бастауы осы екі жинақтан басталған. Әрі халық ауыз әдебиеті үлгілерінен бөлек, бұл жинақтарда Ғұмар Қараштың өз туындылары да енген болатын.
Зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов бұл жинақтарды «Ғұмар Қарашев пен Шәңгерей Бөкеев екеуі құрастырып жариялаған» деп көрсетеді. Бұл ақылға қонымды. Тіпті бұл жырларды жинақтап, дайындап, баспаға ұсынған – Ғұмардың өзі болған күнде де, жинақтың баспа шығынын Шәңгерей көтерген сыңайлы. Екі жинақта да Шәңгерей Бөкеевтің суреті басылуы да осыған меңзейді.
Айта кетейік, «Шайыр» мен «Көксілдер» - тек ескі жырлар жинағы емес. Ғұмар Қараш «Шайырдың» алғысөзінде: «бар жырлардан жинастырып ескі, жаңа жырлар, бірен-саран қысқаша билік әңгімелерді жаздым» деп ескерткен. «Шайырдың» ішінде «Сұлтан Шаһангерей Сейітгерей ұғлы Бөкеевтің жырлары» арнайы бөлім болып берілсе, «Қазақтың осы күндегі жайына қарай айтылған» тақырыбымен «Ай, Алла-ай, бұ қазаққа не хал болды?!» деп басталған жыр топтамасы – құрастырушының өз шығармалары. «Шәкірттердің жиынында айтылған бір сөз» және «Жетпіс жасындағы бір қарт жастардың сауық мәжілісіне тұра келіп «Ал, қайырлы құтты болсын жиындарың...» деп айтқан өлеңдерінің тарихы Ғұмардың шәкірті Ахмеди Есқалиевтің жазбаларында да қалған.
Құрастырушылар «Шайыр» мен «Көксілдер» жинағының электронды көшірмесін Алматы қаласындағы «Ғылыми кітапхана» ақпараттық-талдамалық орталығының қорынан алып, мәскеулік үлгілермен салыстыра дайындаған. Бұл істе «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхана Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің бастығы Гүлшат Абикова қолғабыс етіп, Ғұмар Қараштың мерзімді басылымдарда жарияланған мақалаларын да табуға көмектесіпті.
«Шайыр» мен «Көксілдер» жинағындағы көне сөздерді түсіндіріп, кейбір жергілікті қолданыстағы сөздер мен ұғымдардың, жер-су атаулары және кісі есімдерін нақтылауда «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешенінің ғылыми қызметкері, тарих магистрі Гүлмару Мырзағалиева мен шығыстанушы, тарих магистрі Сайпулла Моллақанағатұлының көмегі көп болған. Бұл мамандар аталған қос жинақты түпнұсқадан қайтадан қарап шығып, Гүлмару Самиғоллақызы Ғұмар Қараштың өскен ортасы – Бөкейлікке тән жер-су атауларын, кісі есімдерін түзетіп, түсінуге көмектессе, Сайпулла Моллақанағатұлы «Көксілдер» жинағында кездесетін көнерген сөздерге, діни ұғымдарға түсіндірме жазған.
Ғұмар Қараштың көзі тірісінде жеке-жеке жинақ болып жарық көрген «Қарлығаш», «Бала тұлпар», «Тумыш», «Аға тұлпар», «Тұрымтай» жыр жинақтары, «Ойға келген пікірлерім», «Өрнек», «Бәдел қажы» атты философиялық ой-толғамдары жоғарыда айтылған «Замана» жинағында жарық көрген еді. Оралдық зерттеушілер аталған кітаптардың түпнұсқасына қайта көз салып, тәржімеде кеткен кейбір кемшіліктерді түзетуге тырысқан. Мәселен, «Замана» жинағының 141 бетіндегі «...Алғы сүндет, гимназист Ұстаған ту бар қолында» деген жолдағы «алғы сүндет» - «ылғи с(т)удент, гимназист» болып түзетілді. Түпнұсқада «ылғи судент» деп жазылған, сөйлемнің мағынасы, «гимназист» сөзімен қатар келуі соңғы нұсқаның қонымдырақ екенін көрсетеді.
Ғұмардың 1918 жылы Үпі (Уфа) қаласынан шыққан «Тұрымтай» жинағының соңғы бетінде: «Қырғи» атты Ғ.Қарашевтың жаңа жыр кітабы, топырақтан тыс болсақ, осы жазда басылып тарайды. Елдегі адресі: Савинка селосы. Самар губерниясы, Жаңа өзен уезі, А.Акшуринге, Ғ.Қарашевке тапсырылсын – деген жарнама берілген еді. Бірақ зерттеушілер бұл жинақ басылмай қалғанын айтады. Жинақ толық күйінде бізге жеткен жоқ. Бірақ Ғұмар мұрасын жинақтаушы Гүлжау Сұлтанғалиева материалдары арасынан «Қырғи» жинағына кірген бірнеше шығарма табылды. «Ғұмар Қарашевтың баспасөз бетіне шықпаған «Қырғи» деген шығармасын қолжазбасынан біреуден-біреу көшіріп жазып алып 1918-1920 жылдарда оқып жүрісті. Мен де оқыдым. Содан есімде қалған кейбір қысқа үзінділерін төменде жаздым. Көлемділеу тақырыптардың мазмұны түгел тақырыптарын да ұмытыппын...» деп жазады естелікті жеткізуші Иманбай Жұмағалиев. Ақынның немересі Нәдия Қарашеваның қолында сақталған Гүлжау Сұлтанғалиева жинақтаған материалдар осы үштомдықта толық пайдаланылып, оқырманға ұсынылды.
Ғұмар Қараш – мерзімді басылымдарда да өте жиі жарияланған қаламгер. Оның өлеңдері, пәлсапалық ой-пікірлері және мақалалары сол кездегі «Шура», «Айқап», «Мұғалім» журналдарына, «Фікір», «Қазақстан», «Қазақ», «Ұран», «Дұрыстық жолы» т.б. газеттерге басылып тұрған. «Жайық Пресс» ЖШС Баспасөз тарихын зерттеу орталығының бастамасымен Қазақстанның батыс өңірінде шыққан «Қазақстан» (1911-1913), «Ұран» (1917-1918), «Хабар-Известия» (1918), «Қазақ дұрыстығы-Киргизская правда» (1919), «Дұрыстық жолы» (1919) газеттері мен «Педагогика» (1919) журналын жеке-жеке зерттеп, әрқайсысын кітап етіп шығарған кезде Ғұмар Қараштың қаламынан туған біраз мақала мен әдеби шығармалар қолға тиді. Олардың біразы Ғұмар қаламынан шыққандығы күмәнсіз. Ал үштомдықта берілген кейбір мақалалардың авторлығында күмән туғызатын жағдайлар болуы да мүмкін екендігін жинақты құрастырушылар ескертіп өтіпті. Жоғарыда аталған газеттерді араб жазуынан қазіргі әліпбиге қотаруда жергілікті мамандар Гүлмару Мырзағалиева, Мұратбек Жахатов, Ерсайын Мергенбаев еңбек еткен.
Ғұмардың мерзімді басылымдарға шыққан мақалаларын түгендеу кезінде белгілі ғалым, баспасөз зерттеушісі, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлованың ерекше көмегі болған екен. Ол осы жинаққа Ғұмар Қараштың «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде жарияланған бірқатар мақаласын қазіргі әліпбиге аударып қосқан.
Жинақты құрастырушылар ел ішінде сақталған көне қолжазбалармен де жұмыс істеген. Мәселен, Ғұмар Қараштың соңында қалған әдеби мұраны сақтауда оның ең талантты, ақын шәкірті Ахмади Есқалиевтің орны ерекше болған. Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында да А.Есқалиев қалдырған Ғұмар шығармалары жетерлік. Одан бөлек, Ахмадидің кенже ұлы, Орал қаласында тұратын Болат Есқалиевтің қолында әкесінен қалған бірнеше дәптер сақталған екен. Осы жерден Ғұмар Қараш туралы естеліктер, бірнеше шығарма табылып, араб жазуынан қазіргі әліпбиге көшіріліп, осы жинақта оқырман назарына ұсынылған.
Сонымен бірге ел ішіндегі көптеген көне әңгімелер мен өлең-жырды хатқа түсіріп кеткен Әйіп Бектасовтың (1903-1985) қолжазбаларының арасынан Ғұмардың оншақты шығармасы табылған. Олардың бірқатары бұрын-соңды жарияланып жүрсе, кейбірі баспа бетін көрмеген. Олардың ішінен «Ғұмар Қарашұлының сөзі», «Ғұмар Қарашұлының 1918-1919 жылдар аласапыран кездерде ел тонаушылықты көріп айтқаны», «Таразы туралы айтқаны», «Ізбасарға айтқаны», т.б. алты шығармасы жинаққа қосылды.
Ғұмар Қараш шығармашылығына арналған үштомдық жинақтың үшінші томы түгелдей ақын, ағартушы, ойшыл, қоғам қайраткері болған тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығын зерттеген еңбектерге арналған. Мұның ішінде зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиева еңбектерінің құндылығы – бұрын баспа бетін көрмегендігінде.
Осы кітапты қолына алатын ойлы оқырманға ескерте кететін бір мәселе – бұл жинақты құрастырушылар кәсіби ғалым, әдебиеттанушы маман, тарихшы ғалым емес. Бұл іске жүрек қалауымен ғана кіріскен, ақын немересінің аманатына бола ауыр жүкті арқалаған азаматтар еді. Олардың ішінде осы жолдардың авторы да бар. «Біздің міндет – Ғұмардай асыл арыстың тарыдай шашылған мұрасын бір жерге жинақтап, шын ғалымдардың қолына ұстату. Бұл шикізатты қорытып, түйін жасауды кәсіби мамандардың еншісіне қалдырамыз» дейді «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин.
«Жайық Пресс» мекемесінің ғимаратында өткен кітапты таныстыру шарасында жергілікті зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен тарихшылар бұл оқиғаның зор мәні, тарихи маңызы бар екендігін атап өтті. Салтанатты жиында су жаңа үштомдықтың тұсауын кесу құрметі ақындар Ақұштап Бақтыгереева мен Ғайсағали Сейтаққа берілді. Тарихшы Бақтылы Боранбаева, Дәметкен Сүлейменова, Жәнібек Исмурзиндер, әдебиетші-тілші ғалымдар Болат Жексенғалиев, Зейнолла Мүтитегі өз сөздерінде Ғұмар Қараштың сан қырлы қызметіне тоқталып, жаңа еңбекті ғұмартану саласына қосылған қомақты үлес деп бағалады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан