14 Желтоқсан, 2011

Егемен еліміздің туы биік

554 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Міне, барша еліміз Тәуелсіздік күнін атап өтіп жатыр. Елінің болашағына бейжай қарай алмайтын әрбір қазақ азаматының жүрегінің түкпіріндегі дербес мемлекет болсақ деген сезімдердің шыдас бермей дүр­кін-дүркін бұлқынуының нәтижесінде үш ғасыр уақыт бойы әр кезеңдерде орын алған ұлт-азаттық көте­рі­лістері мен қозғалыстардың соңғысы – желтоқсанның екпінімен келген тәуелсіздіктің біз үшін орны қашан­да бөлек. Сондықтан да, толарсақтан саз кешкен ба­тыр бабаларымыздың еркіндік үшін төгілген қаны­ның, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл аза­мат­та­ры­мыздың, асқақ армандарын сәбиіндей білегімен, дала­сын жүрегімен тербеткен аналарымыздың ақық көз жа­сының өтеуіндей Тәуелсіздігімізді біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз. Біле білсек, бұл – біздің азаматтық парызымыз, адамдық борышымыз. Өзгелермен тереземізді тең еткен Тәуелсіздігімізді бағалай білуіміз керек. Әрі келешек ұрпақ санасына осыны ұғындыра білуіміз керек. Ұлт тарихында мәңгі сақталатын, келешек ұрпақ тағылым алатын кешегі желтоқсанның жігерінің арқасында еліміздің еркіндікке қол жеткізуіне жиырма жыл толды. Тарих үшін бұл қамшының сабындай қысқа уақыт болғанымен, Қазақ­стан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясаты­ның арқасында ғасырларға татитын толайым істерді атқа­руға қол жеткізді. Осы жылдар ішінде Қазақстан әлемдік аренадан өз орнын ала білді. Бүгінде біздің мемлекет әлемдік қо­ғамдастықтың құрметті әрі лайықты мүшесі. Әлем­дегі, өңірдегі көкейкесті халықаралық саяси және эко­но­­ми­ка­лық мәселелерге қатысты Қазақстанның пози­циясы­мен барлық елдер санасады. Осының барлығы жиырма жыл ішінде атқарылған тынымсыз еңбектің, қажырлы жұмыстың, сындарлы саясаттың арқасы. Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік салалардағы реформалары, ұлтаралық татулық пен конфес­сия­ара­лық келісімді сақтаудағы қадамдары, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жүзеге асырып жат­қан жұмыстары ТМД кеңістігінде ғана емес, әлемдік деңгейде де мойындалып отыр. Жүріп өткен жолымызға көз жіберсек, тәуелсізді­гі­нің бірінші күнінен-ақ ең алдымен ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігіне айрықша мән берген Қазақстан сыртқы саясатын да сындарлы жүргізе білді. Нәтижесінде біз­дің еліміз тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағының құ­ра­мында болған бірталай мемлекетті шарпыған қақ­ты­ғыстарды айналып өтті. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының ұстанған дұрыс позициясы мен жүргізген сындарлы саясатының арқасында Қазақстан ішкі тұ­рақ­тылығын сақтап қана қоймай, көптеген халықаралық бастамалар көтеріп, әлемге үлгі көрсетер деңгейге көтерілді. Сонымен бір мезгілде, дүние жүзі мемлекеттерімен достық, әріптестік байланыстар орнатты. Отанымыздың ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жапқаны өзін бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде танытқанының айқын айғағы болды. Қазақстан жас та болса бас болып, талайларға осы­лай­ша өнеге көрсетті. Жалпы, тәуелсіздік қазаққа өз әскерін құруға, төл теңгесін шығарып пайдалануға, тағдыр тәлкегімен шет елдерге кеткен қандастарын елге қайтарып қауы­шу­ға, солақай саясаттың кесірінен жабулы күйінде қа­лып қойған мәдени мұраларын түгендеуге, түптеп келгенде, өз елінде, өз жерінде еркін тыныстауға мүмкін­дік туғызды. Бұл шешімдердің бірқатары ұзақ уақыт елорда болған Алматыда қабылданса, басым көпшілігі Отанымыздың жүрегі Астанадан бастау алды. Тәуелсіздігіміздің болашағы, мемлекетіміздің келешегі, Қазақстан халқының тағдыры үшін Елбасы­ның ел­орданы Алматыдан Ақмолаға көшіруі де шын мә­ні­н­де тарихи шешім болғандығын бүгінгі күн дә­лелдеп отыр. Астана қазақстандықтар арманын арқа­ла­ған тәу­ел­сіз Қазақстанды биік шыңдарға жетелеген шаһарға айналып келеді. Олай болса, Жаратқан дәйім елімізді аман, жұр­ты­мызды тыныш етсін, халқы­мыз­дың басы­нан бақ-бе­реке, бірлік кетпесін! Мерейлі мереке – Тәу­елсіз­ді­гі­міз­дің 20 жылдық торқалы тойы құтты бо­лып, ұзағынан сүй­індірсін! Теңдік әперген тәуел­сіздігімізді қашанда кө­зі­міздің қарашығындай сақтап, бағалай білейік! Сүйіндік ЖҰМАҒҰЛОВ, Астана қаласы  Әділет департаменті бастығының орынбасары.