Ұдайы қозғалыстар мен өзгерістерге толы әлемде түрленбей жатқан сала жоқ шығар. Соның бірі медицина десек, өзгерістердің ауқымды бөлігі медбикелер жұмысына да қатысты. Медицинада көрсетілетін қызметтердің аясы кеңіп, көбірек қаражат жұмсалатын болғандықтан сол баяғы сарынмен жүре берудің тиімді еместігі де анық байқалды. Қымбат ем-шараларды қажет ететін дертпен күрестен гөрі оның алдын алу шынымен бас қатыратын мәселеге айналды. Міне, осы стратегиялық тұрғыдан маңызды істе медбикелерді дұрыс дайындау, оқыту, еңбектерін бағалау, соған сәйкес жалақы белгілеу қажеттігі де алға шығып отыр.
Жалпы, бүгінде мейіргер атанып жүрген орта буын медицина қызметкерлерінің тарихын іздесек, 1831 жылы Дублинде католиктік монах әйел Кэтрин Элизабет Маколи құрған конгрегацияға барып тіреледі. Ал Флоренцияда туып, сол қаланың құрметіне есімі қойылған Флоренс Найтингейль Қырым соғысында жаралы жауынгерлерге көрсеткен көмегімен ұлттық қаһарман деңгейіне дейін көтерілді. 1912 жылы халықаралық Қызыл крест және Қызыл жарты ай қоғамы Флоренс Найтингейль дүниеге келген 12 мамырды мейіргерлер күні деп белгіледі.
Қазіргі кезде орта буындағы қызметкерлерді даярлау реформасы қолға алынды десе болады. Осылайша, бүгінде фин үлгісі бойынша елімізде 308 мейіргерлік іс маманы қолданбалы бакалавр дәрежесін иеленіп шықты. Еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуынша, ЮНИСЕФ пен финляндиялық кеңесшілердің қолдауымен жүзеге асырылған қанатқақты жобаға 7 өңірдегі 7 жоғары колледж және 29 ұйым енді. Аталған жоба емханаларда жалғасын таппақ. Бұл ретте алдымен мейіргерлік іс бойынша қолданбалы бакалавр иелеріне қандай міндеттер жүктеледі деген сауалдарға жауап іздеген жөн. Егер бұрын жоғары оқу орнын бітіріп, дәрігер атанған жан барлық науқасты бірдей қарай беретін болса, қазір олардың ішінен де толып жатқан мамандықтар бөлініп шықты. Барлық жерде мұндай білікті мамандардың жетіспейтіні аян. Олардың дені үлкен қалаларда қалғандықтан, ауылды жерлерде жеке бір органды қарайтын маман тапшылығы айқын сезіледі.
Әлем бойынша сауықтыруды жүргізудегі жоғары білікті мамандар орнын осы қолданбалы бакалавриат деңгейінде дайындалған жаңа көзқарастағы, жаңа тұрпаттағы мейіргерлер толтырмақ. Олар науқасты күтіп, ем-шараларды жүргізуде өздері дербес шешім қабылдай алатындай жоғары білікті мамандардың білікті көмекшілері санатыда еңбек етпек. Шетелдерде мұндай мейіргерлер арнайы тіркеледі және мұндай есептегі мейіргер болудың дәрежесі де жоғары. Олар әдеттегі дәрігер нұсқаулығын орындайтын қарапайым медбикеден екі есе көп табыс табады. Өйткені лицензия алу үшін дәрігерлер тәрізді сынақ тапсырып, соның нәтижесінде лицензиялы маман мейіргер атанады. Сондықтан да отандық медицинада осындай дәрежедегі маман мейіргер даярлаудың маңызы зор.
Бүгінде еліміз бойынша 132 мыңнан астам мейіргер жұмыс істейді. Ал 40 пайызын фин әріптестер тәрізді алдағы 20 жыл ішінде жоғарыдағыдай деңгейге жеткіземіз десек, 2040 жылдары академиялық қолданбалы бакалавр мейіргері мамандығын 60 мыңға таяу адам иеленіп шығуы керек екен. Қазір мейіргерлер елімізде 25 мемлекеттік және 55 жеке колледжде даярланады. Аталған оқу орындарында жыл сайын 70 мыңға жуық маман білім алады және 20 мыңнан астам түлек мейірбике мамандығын алып шығуда. Жаңа дәрежедегі мейіргерлер үшін көбірек жалақы тағайындау және қызметтерін нақтылауда атқарылар жұмыс ауқымды. Реформаның халыққа қолайлы тұстарын айта келгенде, мамандар мынадай ойларымен бөліседі. Мәселен, қазіргі дәрігерлер өздері атқаратын жұмыстардың 25 пайызын бакалавр дәрежелі мейіргерге жүктейді. Сөйтіп учаскелік дәрігер жұмысы 50 пайызға дейін жеңілдеп, пациенттерге көбірек көңіл бөлетін жағдай туады. Есесіне, бакалавр мейіргер қазіргідей толып жатқан статталон толтыру, басқа да жұмыстарды кіші мейіргерлерге тапсырып, өздері созылмалы ауру түрлерімен науқастанатын адамдардың кураторлары қызметін атқарады. Сондай-ақ сауықтыру жұмыстарымен қатар пациенттердің денсаулығына мониторинг жүргізіп, ағарту жұмыстарымен де айналысатын болады. Әлемдік медицина осы модельдің халыққа неғұрлым тиімді болатынын дәлелдеді. Болашақта тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын арттырамыз деп мақсат қойсақ, осы жолды таңдауға тиіспіз. Әсіресе созылмалы дерті бар пациенттермен жұмыста жалғыз дәрігер емес, дәрігер+мейіргер жүйесі тиімділігін көрсетті. Ендеше осы жүйені неге дамытпасқа, сонда диарея, тұмау, жеңіл-желпі инфекция сияқты ауруларды емдеу, жүргізу ісін бакалавр мейіргер қолға ала алады. Бұл дәрігердің ауыр дерттерге көбірек уақыт бөлуіне жағдай туғызады. Мұның бәрі халыққа пайдалы болар еді, дейді мамандар.
Оның үстіне «Барлық мейіргерлерді өзін-өзі дамытуға ынталандыру қажет. Білімін, қабілеттерін шыңдаған білікті мамандарға лайықты еңбекақы берілуде мейіргердің үлесі ақшалық эквивалентте есептеліп, мейіргер қанша уақыт жұмыс істеді, медициналық ұйымға қанша табыс түсірді, сол шамада еңбекақы берілуі тиіс. Сондықтан қанатқақты жобаға енген 29 медициналық ұйымда бұл ұсынысты қолға алған жөн. Осы орайда ынталандыруға ауыл мейіргерлерін көбірек тарту қажет. Себебі қала мейіргерлерінің қызметі шектеулі, ал ауылдағы мейіргелер өз міндеттемелерінен бөлек шешім қабылдайды. Сондай-ақ білімі мен қабілеті, көшбасшылық қасиеттері бар мейіргер мамандардың қосымша білім алуы үшін шет мемлекеттерге тәжірибе алмасуға жіберіп отыратын боламыз», дейді Ләззат Ақтаева.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»