– Иә, біз ажалмен күн сайын бетпе-бет кездесеміз десем болады, расында солай. Адамдарды ауруханаға жеткізіп, аман алып қалғанымды білсем, сол күні қанағаттанғандық сезіммен жаным да, жүрегім де жай табады. Жалғыз мен ғана емес, әріптестерімнің барлығы да сондай көңіл-күйде екенін білемін. Жедел жәрдемді шақырғаннан кейін айтылған мекенжайға қарай құстай ұшасың. Әсіресе жағдайдың ауыр екенін көргенде санаулы минуттар санаңда тырсылдап ұрып тұрады ғой, – деп бастады әңгімесін Рудный қалалық Жедел жәрдем стансасының жоғары санатты дәрігері Ирина Ключникова. Ол біз кездескен күні де бір қарияны жүрек талмасынан аман алып қалған екен. Қазір саябақта жұмыс қызған кез. Жұрт жер қарайғаннан-ақ қала сыртындағы саябағын ретке келтіре бастайды. Әжей стансаға жан даусы шығып, үрейлі кейіппен телефон шалады. «Саябақта менің шалыма бір нәрсе болды, телефон шалып еді, бірақ сөйлей алмайды», дейді жанұшырып. Тапсырманы Ирина Юрьевнаның бригадасы алды да, әжейдің айтқан мекенжайымен қала сыртындағы саябақтардың біріне зуылдап ала жөнелді. Жүргізушілер де кеншілер қаласын бес саусақтай біледі, көліктің құлағында ойнайды ғой. Саябаққа жеткенше Ирина Юрьевна да, жүргізуші де үн қатысқан жоқ. Қанша дегенмен ана, әйел ғой, Ирина Юрьевна жол амандығын тілеп келеді, «жай жүр, байқа» деп жүргізушіні алаңдатудан да сескенеді. Олар келгенде қарияның түрі бұзылып кеткен екен. Ол көкірек тұсын көрсеткеннен-ақ инфаркт екенін білді. Науқастың көкірегінің күйіпбара жатқанын жанымен сезінгендей болды, енді әр минут есепте. Кардиограммасын түсіргеннен кейін, науқасты «жедел жәрдем» машинасына салды да, жатқызған күйі ауруханаға әкеліп, дәрігерлерге табыс етті.
– Бүгінгі күнім олжасыз емес. Біз шамалы кешіккенде саябақтағы атайдың жағдайы қалай боларын кім білсін, оны аман алып қалу оңай болмас еді, – дейді Ирина Юрьевна.
Жол үсті зулаған көлік, екі күннің бірінде жол апаты болып жатады. Дер уақытында жеткенмен де Ирина Юрьевнаның ажал алдында дәрменсіз күй кешкен кездері де аз болған жоқ. Кейде жанұшырып жеткенде қанжоса болып жатқан атпалдай азаматтың, қыршын жастың тамыры соқпайды...
– Жол-көлік оқиғасына бару қай дәрігер үшін де оңай емес. Біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз, жайрап жатқан жерге келгенде психологиялық көңіл-күй дәрігерлік біліктіліктен басым түсіп кететін кездер болады. Отыз екі жылдың ішінде талай ауыр жағдайды көрдік қой, – дейді дәрігер.
Ирина Ключникова Қарағанды медицина институтын бітірген соң, бір орында – Рудный қалалық Жедел жәрдем стансасында ғана қызмет етіп келеді. Үзіліссіз!
– Осы жылдар ішінде Қазақстан медицинасының өсуі керемет байқалды. Отыз жыл бұрын инфаркт, инсульт, тағы басқа қатерлі ауруларды аман алып қалу өте күрделі еді. Қазір оңайлықпен ажалға адам бермейміз. Шүкірлік етемін осыған, – дейді ол.
Алайда оның айтуынша, адам ағзасының ғылымға да белгісіз, тосын жайлары жетерлік. Кейде инфаркт ауруына бірден диагноз қояды, өйткені оның белгілері дәрігер үшін бадырайып білініп тұрады. Ал кейде кардиограмманың өзі ештеңе көрсетпейді, сонда да білікті дәрігер инфаркт деп жобалап, ауруды тастап кетпей, ауруханаға жеткізеді.
– Ауруханадағы әріптестерімнің өзі алғашында кардиограмма ешнәрсе көрсетпегенін көріп, «науқасты неге әкелдіңіз?» деп қалатыны бар. Бірақ олар зерттей келгенде науқастың диагнозы бәрібір инфаркт екені дәлелденген кездер де болған. Жұмыстың қиындығы да осында, науқаспен де, диагнозбен де алғаш біз кездесеміз, ал қиын жағдайларда ажалмен де бетпе-бет келіп отырамыз. Әр минут есепте болатын арпалыстың арқасында ажалды өңменінен итерумен келеміз, – дейді Ирина Юрьевна.
Қазір Жедел жәрдем стансаларында мамандардың жетісе бермейтіні белгілі жайт. Одан Рудный стансасы да құралақан емес. Сондықтан Ирина Юрьевна ғұмыр бойы жас мамандарға ұстаздық етумен келеді.
– Жастар қазір теорияны жақсы біледі. Бізде тәжірибе бар. Күнделікті ауыр жағдайда жеткізілген науқастардың диагнозын, белгілерін талқылап отырамыз. Ертіп жүріп үйретеміз. Бірақ бұл жұмыстың қиындығына шыдас бермеген жастар кетіп қалады. Кәсіптік біліктілікті жетілдіру өте күрделі деп ойламаймын, біздің жұмыстың психологиялық көңіл күйге салмақ салатын ерекшелігі бар, қиындығы да осында, – дейді Ирина Юрьевна.
Рудный қаласындағы Жедел жәрдем стансасы облыстағы осы сала үздіктерінің бірі.
– Ирина Юрьевна дәрігерлік ісінің нағыз маманы. Адамдарға жедел жәрдем көрсететін салақиындықтары жетерлік. Соның барлығына төзіп, оған ғұмырын арнаған кісі. Осындай дәрігерлердің арқасында науқастарға қызмет көрсету жоғары дәрежеде. Ирина Юрьевна науқастармен де тіл табыса біледі, ұжымда да ақыл сұрар ардагеріміз. Айтпақшы, ол «жедел жәрдем қызметінде дәрігер біліктілігімен қатар, осы саланың мәдениетін көтеруге үлес қосқан дәрігер, – дейді Рудный Жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Наталья Ботвинова.
Біздің жұмыс арасындағы сәл ғана үзілісті пайдаланып айтқан әңгімеміз кілт үзілді. Диспетчерге безілдеп қоңырау түсті, Ирина Юрьевна дәрі-дәрмек салған сөмкесін алды да, машинаға жылдам басып бара жатты. Оның ендігі назары науқастың жағдайында.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
РУДНЫЙ