Оның негізінде тараптардың арасындағы өзара тиімді сауда байланыстарын одан әрі дамытып, экономикалық жаһандандыру мен сауда қатынастарын либералдандыру, тауар айналымы жүйесін әртараптандыру тәрізді мақсаттарды көздеген міндеттер жүзеге асырылмақ.
Елбасы мәлімдеп өткендей, біздің мемлекетіміз тек шикізаттық емес ресурстардан тұратын жаңа баламалы экономика құруға дайын. Түсіне білгенге, бұл – өте тың мәселе. Себебі бұған дейін екі ел арасындағы стратегиялық байланыстардың негізі шикізаттық өнімдерге тәуелді болып келген болатын.
Сонымен қатар кездесу нәтижесінде, жүктерді халықаралық темір жол бағытымен тасымалдау бойынша «Қытай – Қазақстан – Орталық Азия», «Қытай – Қазақстан – Парсы шығанағы елдері» тәрізді бағыттардың назарға алынуы, бұлардың барлығы айналып келгенде, кедендік бақылаулар тәртібінің жеңілдеуіне, сауда тасымалдары мәселелеріндегі қолайлылықтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Елбасының бұл сапары барысында екі ел арасындағы бірнеше жылдар бойы қалыптасқан сенім мен достық қатынастарының нығаюына тікелей ықпал ететін ресми күші бар 9 құжатқа қол қойылды. Олардың ішіндегі ядролық және ядроактивті материалдарды немесе олардың қалдықтарын тасымалдауға бөгет қою тәрізді қауіпсіздік мәселелерімен қатар, қазақ-қытай ынтымақтастығы саласында өндірістік қуаттар мен инвестицияларды бірлесе өңдеу бойынша даму меморандумдары тәрізді құжаттар бар.
Біздің мемлекетіміз Қазақстан мен Қытай арасындағы «Белдеу мен жол» жобасы бойынша ынтымақтастық нәтижелерін өте жоғары бағалап отыр. Аталған жоба Қазақстанның жаңа экономикалық саясаты тұрғысынан және «Жібек Жолы экономикалық белдеуі» жобасы аясынан алғанда да екі ел арасындағы саяси, экономикалық, кедендік мәселелерді жеңілдетіп, өзара ынтымақтастықты арттыра түспек.
Эльвира АЙДАРХАНОВА,
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы