Қазақстан • 13 Маусым, 2018

Сарыағаш ауданында 26 емдік-сауықтыру орталығы қызмет көрсетеді

103 реткөрсетілді

Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының талап-тілегін ескеріп, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарын бөлу жолымен төрт аудан құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи шешім аудандар тұрғындарын ерекше қуанышқа бөлеп, ел ерекше ризашылығын білдіруде. Халқы көп, тығыз қоныстанған, демографиялық өсімі жоғары өңірде аудандардың құрылуы жергілікті әкімшілік-басқару жүйесінің жұмысын дамытып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мол мүмкіндіктер берері сөзсіз.    

Аудандардың әлеуеті еске­ріліп, бүгінде жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Сарыағашта емдік-сауықтыру орындарын көбейтіп, қызмет көрсету сапасы жақсара түспек. Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында 20 қонақ үй, 12 мәдени-тарихи нысан, 1 балалар шипажайы мен лагері және 26 емдік-сауықтыру орталығы қызмет көрсетеді. Биылғы жылдың І тоқсанында ауданда 2 шипажай іске қосылса, жалпы 2018-2023 жылдар аралығында 9 шипажай салу жоспарланған. Ауданға іссапары барысында Көктерек кентіндегі шипажайлар аумағында орналасқан «Әсем-Ай» минералды сусын өндіретін зауыттың жұмы­сымен танысқан облыс әкімі Ж.Түй­мебаев туризмді дамыту үшін ауданның әлеуеті жете­тінін атап өтті. «Мұнда төрт­күл дүниеге белгілі шипалы суы бар, инфрақұрылым мәсе­лесі шешілген. Әрине шипажай­лар санының артқандығы келушілердің көбейгендігін көр­сетеді. Мәселен, бүгінгі таң­да облыс бойынша 190 қонақ үй, 44 шипажай, 61 демалыс ай­мағы, 19 балаларды сауықтыру лагері және 104 туристік ұйым бар. Бастысы, аталған орындарда келушілерге жоғары қызмет көрсету сапасын назарда ұстау қажет», деді Ж.Түймебаев.

«Әсем-Ай» минералды сусын өндіретін кәсіпорын сағатына 20 мың дана өнім өндіреді. 8 гектар аумақта орналасқан зауытта бүгінде 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Орта Азиядағы ең үлкен демалыс орнына айналу негізгі міндеттерінің бірі саналатын Сарыағашта жергілікті тұрғындардың жайлы өмір сүруі де назардан тыс қалған емес. Осы орайда, Қапланбек оқу-тәжірибе шаруашылығы аумағында 585 пәтерлі «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан 13 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Аудан тарихында мұншалықты көлемде тұрғын үйлер соңғы 45 жылда салынбапты. Мердігер мекеме – «Ынтымақ Бес-Арыс» ЖШС. Жобаның құны – 407 млн теңге. Құрылысы биыл басталған 13 тұрғын үйді 2019 жылы толық пайдалануға беру жоспарланған. Елбасының халықты баспанамен қамту бойынша берген тапсырмалары жергілікті жерлерде осылайша нәтижелі орындалуда. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 780,2 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілмек. Жыл басынан бергі 4 айдың қорытындысы бойынша 296,3 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 2844 пәтер пайдалануға тапсырылған. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 143,5 пайызға ұлғайғандығын көрсетеді. Ал Сарыағаш ауданында өткен жылы 19,9 мың шаршы метр, ал биылғы 1 мамырдағы қорытынды бойынша 7,780 шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне беріліпті. 

Көкөністің ерте пісетіндігі де ауданның тағы бір ерекшелігі. Сондай-ақ қарқынды бау жобасын «Агро Фуд Қазақстан» ЖШС өткен жылы жүзеге асыра бастаған болатын. Бүгінде 250 гектар аумақты қамтитын қарқынды бауда 22 гектарға шие, 13 гектарға өрік, 70 гектарға шабдалы және 92 гектарға алма көшеттері егілген. Серіктестік баудан алдағы уақытта 60 тонна алма өнімін алуды жоспарлап отыр. Облыстағы орташа көрсеткіш 15 тонна екенін ескерсек, мұндай өнім Оңтүстік өңірінде бұрын-соңды болмаған. Сондай-ақ осындай озық тәжіри­белерді өзге аудандарда да пайдаланып, қарқынды баулар санын арттыру көзделуде. 

Сарыағаш – Өзбекстанмен шекаралас жатқан аудан. Демек туризмді дамыту үшін шекара маңын абаттандырып, көркейту маңызды. Осы орайда облыс әкімі тұрғындармен кездесуде мемлекеттің қолдауына иек артып отыра бермей, өз аула­ларын таза ұстап, туған жердің көркеюіне әрбір азамат үлестерін қосу қажеттігін жет­кізді. Туризмді дамытуда шипа­жайлардың алар орны ерекше, әрине. Биылғы І тоқсанда Сары­ағаш ауданына 34 100 адам келген, яғни өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,1 пайызға артып отыр.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар