Ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған асыл мұраларымыз бен құндылықтарымызды жандандыру бағытында өңірде көптеген игілікті шаралар атқарылып келеді. Дәстүрлі жарыстың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде оған облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет тоқталып өтті. Ұлттық ойындарға баулитын балалар және жасөспірімдер мектептері қатарына «Тұлпар» ат спорты және «Қызылжар арландары» қазақша күрес клубтары қосылғалы қызығушылықтың арта түскені байқалады.
Делебені қоздыратын дүбірлі додада ауылдардан келген, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған, қолы қарулы, тақымы мықты алты жүзден астам спортшы күш сынасып, сайыс көрігін қыздыра түсті. Қазақтың ертеден қалыптасқан көне ұлттық ойыны көкпар десе оттай лаулап қоя беретін Уәлиханов ауданының білекті де жүректі намысшыл жігіттері елішілік бәсі жоғары жарыстарда мықтылық танытып жүргендерін осы жолы да қапысыз дәлелдеді. Қызылжар ауданының командасын 12:1 есебімен ойсырата ұтып, әбжіл қимылдарымен, ерекше шеберліктерімен тәнті етті. Команданың ең жас қатысушысы 14 жастағы Арыстанбек Махатов жастайынан ат құлағында ойнап өсіп, былтыр команда құрамына қабылданыпты. Осы жолы бірнеше салым тастап, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Оның атасы кезінде көкпар, аударыспақ секілді ұлттық ойындардың дамуына зор үлес қосқан. Қазір зейнетке шықса да тазы ит ұстап, жүйрік ат баптаумен айналысады.
Спартакиадаға Ғ.Мүсірепов ауданының командасы да жап-жақсы дайындықтармен келгенін танытты. Сөйтіп, теңге алу, аударыспақ, тоғызқұмалақ пен асық атудан ешкімге дес бермеді. Қызылжарлықтар жекпе-жек пен армрестлингтен жеңімпаз атанып, көккпардан кеткен есенің орнын толтырғандай болды.
– «Ұлттық ойындар спартакиадасының бірінші кезеңінде ең көп ұпай жинаған Ғ.Мүсірепов, Қызылжар, Есіл аудандары көш бастап келеді. Екінші кезеңі 21-23 маусым аралығында Мағжанның туған жері Сарытомар ауылында ұйымдастырылып, жұртшылық ат спорты мен қазақ күресін, оның ішінде түйе балуан белдесуін тамашалайды. Бас жүлдеге екі жеңіл көлік тігіліп отыр», – деді әңгімелескенімізде жарыстың бас төрешісі Руслан Арықов.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы