«Айтпаса, сөздің атасы өледі», жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша қазақ мектептеріндегі «Қазақ тілі» пәні шынында да тілдің затын алмай, атын ғана алып, құр сөз түрінде оқыта бастады. Өйткені бұл бағдарламада ана тілін оқытудың әлемдік тәжірибеде қалыптасқан дәстүрі назарға алынбаған.
Біріншіден, «Оқу бағдарламасы» деген атпен ұсынылып отырған құжаттың тұғырнамалық негізі жоқ. Пәнді оқытудың концептуалдық бағыттарын айқындайтын тұжырымдамасы, жалпыға міндетті білім стандарты жасалмаған.
Айта кетейік, көп жылдар үстемдік құрған кеңестік саясат заманында да қазақ тілі сабақтарында жалаң грамматиканы оқытуға басымдылық беріліп келді. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда «Қазақ тілі» пәнін оқытудың тұжырымдамасы (1995 жылы), жалпыға міндетті білім стандарты (1998 жылы), оқу бағдарламалары түзілді. Білім мазмұнының макромоделі ретінде «Тарих – білім – мәдениет» үштағаны алынып, тілдік тақырыптар жаңаша жүйеленді. Жалпы білім беретін орта мектептегі қазақ тілінің білім мазмұны тілдік сауаттылық – сөз дұрыстығы – сөз шеберлігі сабақтастығына негізделіп, жетілдірілді. Алғаш рет 10-11-сыныптарда сөз мәдениетін, шешендік өнерге үйрену жолдарын, пікірталас мәдениетін оқыту қолға алынды. Өкінішке қарай, мектеп түлектерінің білімін бағалауға ҰБТ жүйесінің енгізілуі оқушыны құрылымдық грамматиканы үстірт жаттап алуға қайта мәжбүрледі. Ал енді министрлік қазір қолға алып отырған жаңартылған бағдарламаның тұғырнамалық негізі жасалмағандықтан, бір ауыз сын айтылса болды, ай сайын, апта сайын өзгеріске түсе салуға «бейімделгіштік» танытуда. Қазақ тілін оқытуда тұғыры жоқ мұндай бағдарламамен қайда ұзап бармақпыз?!
Екіншіден, «Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасында әлемдік әдістеме ғылымында берік орныққан пәнді оқыту канондары (Оқыту мақсаты /не үшін оқыту?/, Білім мазмұны /нені оқыту?/, Оқыту формалары мен Оқыту әдіс-тәсілдері /қалай оқыту?/, Оқыту нәтижелері /неге қол жеткізу?/) шатастырылған. Оның ішкі жүйесі бұзылып, өзара байланыстары сетінеген. Әдістемелік канондар жүйесіндегі заман қалай өзгерсе де өзгермейтін, қоғам қалай дамыса да тұрақтылығын жоғалтпайтын бірден-бір тірек, негізгі ұйытқы – білім мазмұны. Қалғандары уақыт талабына сай үнемі дамып, жетіліп, өзгеріп отырады да, білім мазмұнын қоғамдық-әлеуметтік сұранымға сай игертуге қызмет етуі тиіс. Егер жылдар бойы қалыптасқан сол мазмұн орныққан дәстүрінен жаңылса немесе форма қуалаушылықтың ығында кетсе, онда қалған бөліктерді түрлендіруден оң нәтиже күту – ауа қармаған әрекетпен тең! Өйткені мазмұн жоқ жерде білім де, білік те жоқ!
Мысалы, қосу, алу, көбейту, бөлу секілді төрт амалдан бастап, есептеудің заңдылықтарын оқытпайтын пән математика пәні деп атала ма? Егер пән өсімдіктер әлемін оқытпайтын болса, оны биология деп атау қаншалықты ойға сыйымды? Жан-жануарлар туралы айтылмайтын пән зоология пәні бола ма? Сол сияқты тілдің жүйесін, сөйлеудің амал-тәсілдерін оқытпаса, оны тіл сабағы деп қалай атауға болады?
Үшіншіден, жаңартылған оқу бағдарламасындағы ең басты қателік те, ауытқушылық та оқытудың әдістемелік жүйесіндегі білім мазмұнының мәні мен маңызын дұрыс түсінбеуден туындап отыр. Бағдарламада «Білім мазмұны» деп оқушының тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым әрекеттеріне қойылатын талаптар берілген. Олар мазмұнды құрамайды, оқушының пәнді оқу арқылы игеретін оқу нәтижелері болып саналады. Осының өзі де бұл бағдарламаның «төңкеріліп жасалғанына» айғақ болады. Сонымен қоса, оны түзген авторлардың (дұрысы: ағылшын тілінен аударғандардың) кәсіби-интеллектуалдық әлеуеті мен білігін де көрсететіні сөзсіз.
Төртіншіден, жаңартылған бағдарламада білім берудің жүйелілік, ғылымилық, бірізділік, сатылай оқыту ұстанымдары ескерілмеген. Жалпы, білім беретін мектептің әрбір сатысында қазақ тілі пәнін оқытудың жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі мен жүйесі мансұқталған. Мәселен, ана тілі ретінде оқытылатын «Қазақ тілі» пәнінің бастауыш мектептегі мақсаты «сөйлеу әрекетінің түрлерін: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылымды дамыту арқылы тіл туралы бастапқы білімді меңгерту және оны тілдік нормаларды сақтай отырып, оқу әрекеті мен күнделікті өмірде қолдану» деп көрсетілген. Өкінішке қарай, негізгі және бейіндік сатылардағы тілді оқыту кезінде де осы мақсат пен міндет ешбір өзгеріссіз сол қалпы қайталанады. Мұнымен оқушы қалай дамымақ?!
Ғылым – адамзат баласының ғасырлар бойы қорашаған дүние, рухани әлем туралы жинақталған пайым-парасатының, ақыл-ойының жемісі, интеллектуалдық қоры, дүниені танудың кілті. Ал білім – сол қорды болашақ ұрпақтың жасы мен танымына сай етіп берудің өзегі, оның кісілік қасиеттерін қалыптастыруға, тұлғалық қабілеттерін жетілдіруге арнайы бағытталған негізгі қайнар көзі. Сондықтан да болашағын ойлаған өркениетті жұрттардың барлығы да баласын жерден таяқ жейтін жастан асқан кезінен бастап білімге баулиды, дүниенің сырын тануға сатылап үйретеді. Әрбір сатыда берілетін білім оқушының келесі сатыдағы білімді меңгеруіне алғышарт жасайтындай, соны қамтамасыз ететіндей болып құрылымдануы тиіс. Сол сатылы таным жүйесі, ең әуелі, бастауыш білім, содан соң негізгі саты, соңында бейіндік оқыту кезеңі деп аталады. Ана тілін оқыту жүйесі бойынша бастауыш сатыда бала әріп танып, сауатын ашады, оқи білуге, жаза білуге, тыңдай білуге, өз ойын дұрыс жеткізе білуге үйренеді. Сол дағдыларды меңгеру арқылы бала келесі сатыда, яғни мектептің негізгі сатысында берілетін ғылыми білімді қабылдауға дайын болады. Мектептің негізгі сатысындағы (5-9-сыныптарда) басты мақсат: белгілі бір ғылым негіздеріне сүйеніп, жасөспірімді тілдің жүйесі арқылы аса маңызды рухани құндылықтың – ана тілінің маңызын түйсінуге, ерекшелігін тануға, сөз арқылы ойды жеткізудің сыры мен қырын зерделеуге үйрету. Сондықтан бұл сатыдағы оқу пәндері белгілі бір ғылым саласының заңдылықтарына сүйенген, баланың қабылдауына, өресі мен танымына лайықталып жүйеленген ғылыми білімге негізделеді. Ал бағдарлы сатыда оқушының сөз мәдениеті мен пікірталас мәдениетін игеруіне мүмкіндік беріледі. «Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасында осы сатылы-сабақтастық жүйе жоқ. Мәселен, орфографияға қатысты тақырып 5-сыныпта да, 10-сыныпта да бар. Не оқу мақсатында, не тілдік бағдарда олардың ара-жігі анық көрсетілмеген.
Бесіншіден, жаңа бағдарламада ана тілінің мазмұны лексикалық тақырыптар берілген де, теориялық материалдар сол тақырыптарға жапсырма ретінде «тілдік бағдар» деген бөлікте ғана, оның өзінде де шашырай берілген. Мысалы, «Қазақ тілі» пәнінің бағдарламасында «Қиял әлемі», «Сән мен талғам», «Аспан денелері», «Көлік түрлері» деген сияқты лексикалық тақырыптар берілген де, теориялық материалдар сол тақырыптарға жапсырма ретінде «тілдік бағдар» деген бөлікте ғана ұсынылған. Нақты оқыту нысаны болмағандықтан, тіл пәнінің өзіндік табиғаты бұлыңғыр, көмескі тартқан. Егер «Қазақ тілі» оқулықтарының сыртқы мұқабасын алып тастап, оның тек мазмұнын ғана көрсеңіз, оның қай пәннің оқулығы екенін ажырата алмасыңыз анық. Себебі бастауын ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен алатын, негізін А.Байтұрсынұлы қалаған тілдік жүйе жоқ. Пәннің жаңартылған оқу бағдарламасы екінші (шетел) тілді үйретудің заңымен түзілген. Оған қазақ мектебіне арналған «Қазақ тілі» мен оқу орыс тілінде жүретін мектептерге арналған «Қазақ тілі» оқу бағдарламаларындағы пәннің оқу мақсаты мен міндеттерінің бірдей, айна-қатесіз қайталануы, екі пәнде де бірдей лексикалық тақырыптардың ұсынылуы, оқу нәтижелерінің тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым түрлері бойынша түзілуі бұлтартпас дәлел болады.
Жаңа бағдарламаны түзушілер тілді лексикалық тақырыптар арқылы оқыту балаларды сөйлеуге үйретудің аса тиімді жолы деп түсінеді екен. Шын мәнінде, баланы сөйлеуге үйрету, алдымен, оны ойлауға үйретуден басталады. Әлемнің өркениетті елдерінің ешбірінде ана тілі бұлай оқытылмайды. Ана тілі пәнінде бала өзінің туған тілінің заңдылықтары, ерекшеліктері туралы білім алады. Сол арқылы тіл туралы дүниетанымы қалыптасады, туған тіліне өзіндік көзқарасы, сенімі, сүйіспеншілігі оянады. Тілін сүйе отырып, сол тілде сөйлеудің мәртебе екенін сезінеді, тіл алдындағы жауапкершілігі артады. Осы жауапкершілік оның дұрыс, шебер сөйлеуге деген мотивациясын туғызады, қызығушылығын жоғарылатады. Тіл заңдылықтары баланың логикалық ойлауын, таным-түсінігін ғана емес, олардың дұрыс сөйлеу амалдарын саналы меңгеруіне қызмет етеді. Емле ережесіне мән берілмесе, бала сауатты жазуға қалай үйренеді?! Дұрыс сөйлеу деген әйтеуір тоқтаусыз, барды-жоқты теріп сөйлеу емес қой. Ауызша және жазбаша тілдің өз ерекшеліктері бар. Сөйлеу тілінің талаптары мен нормалары бар. Соларды жүйелі түрде үйретудің орнына баланың жасы мен танымына сай келмейтін, жүйесіз құрылған лексикалық тақырыптардан тұратын пән қандай мұратқа жеткізбек? Оның түпкі нәтижесі не болмақ?
Қорыта айтқанда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген түйінді пікірінің дәл қазіргі жағдайда мәні зор. Сондықтан «не болса да, бұл іс басталып кетті» деп қол қусырып отырмай, жіберілген олқылықтардың орнын толтырудың қамын ойластыру қажет. «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» дейді халық даналығы. Егер адасқан жүйені орнына келтіруге асықпасақ, болашақ алдында кінәмыз ғана емес, күнәміз де еселене береді. Ол үшін ана тілі ретінде оқытылатын «Қазақ тілі» пәнінің оқу бағдарламасын жедел қайта түзіп, ендігі жазылатын оқулықтарды соған сәйкестендіру мәселелерін оңтайлы шешудің жолдарын мамандардың қатысуымен ойластыру керек.
Жанат ДӘУЛЕТБЕКОВА,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы