Ұстаз бақыты – шәкіртінің шаттығына куә болу, соны өзіне мерей санап, мәртебесінің артып жүруі дер едік.
Ұрпаққа сабақ болар өнеге қалдырған ұлағатты ұстаздың қатарында Жақып Баймұқанов та болған еді. Ол бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, мектеп басқарған білікті азамат болатын. Өмірден озғанына бес жыл болған ұстаздың құрметіне жақында Алматы облысы, Іле ауданы, Қосөзен ауылындағы №14 орта мектепте еске алуға арналған бокстан облыстық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында мектеп директоры Күлайым Балықбекова Жақып Баймұқанұлының аталған мектепті жиырма жылдан артық басқарғанын, орыс мектебін қазақ тілді ұлт мектебіне айналдырғанын, бірнеше толқын ұрпақ тәрбиелегенін, жас ұстаздардың білім-білігін арттыру ісіне септігі тигенін алға тартып, алдағы уақытта ұстаздық атын жаңғырту мәселесін де қозғады. Сол секілді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Баймолдаев және өзге де азаматтар Жақып Баймұқанұлының ұлт педагогикасына қосқан үлесін атап айтты.
Облыстық турнирге 20 команда қатысты. Жастардың шаршы алаңдағы кездесуін Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов ашып, ізбасарларына сәттілік тіледі. Турнирге қатысқан 382 баланың 25-і топ жарып, алтын медаль мен кубокке ие болса, екінші орын алған 10 оқушы күміс медальға, ал 5 оқушы қола медальға қол жеткізді.
Турнир қорытындысында Ермахан Ыбырайымов мұндай жарыстарды ауылда ұйымдастырудың маңызын атап айтты. Шараның жақсы өтуіне қаржы жағынан демеушілік жасаған, әсіресе ауыл мектебінің спорт залын жөндеуден өткізіп берген кәсіпкер Ұлан Баймұқановқа, басқа да жанашыр жандарға алғыс білдірді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Іле ауданы