Қазақстан • 13 Маусым, 2018

Қаламгерлер әулеті

772 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Көкшетаудың облыстық газеті редакциясында он бір жыл, аудандық газеттерінде он төрт жыл, кейін еліміздің бірқатар орталық органдарында, оның ішінде Парламент Мәжілісі мен Сенаты аппаратында, республикалық «Қансонар» журналында абыройлы қызмет атқарған Қапез Қожахметов «Қаламгер әулеті» атты жинағын баспаға ұсынған болатын. Ол таяуда жарық көрмекші.

Қаламгерлер әулеті

Кітаптың алғысөзін жазған жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының экс-депутаты Жабал Ерғалиев: « Көкшеде бір ғажайып жер бар! Ол – Зеренді!.. Осы Зерендіге лайықты атақ-даңқымен және танымал шы­ғар­­маларымен елін сүйсін­діріп жүрген қаламгер Мағира Қожахметова дер едім. Мағира әпкеміз де өзінің бойына ана сүтімен біткен талантын жарқы­рата ашып, көрсете білді. Қала­мының қарымдылығымен, ойы­ның тереңдігімен, тілінің шұрай­лылығымен, сөзбен кесте тіге білер зергердей шеберлігімен қалың оқырманының ықыласы мен пейіліне ерте бөленді. Бұдан кейін әпкеміздің қаламынан қазақ әдебиетінде бұрын-соңды қалам тартылмаған тақырыптағы көркем дүниелер келді. Адам жаны мен адам сезімінің тылсым сырларын аша келген Мағира Қо­жахметова шығармалары құбы­лыс деп танылды.

Өз басым осы әулеттің тағы бір көшелі азаматы Қапезбен Көк­шетауда, сол кездегі «Көкше­тау правдасы» газетінде бірге қызмет жасадық. Турашыл мінезі бар Қапез адал да абыройлы азамат. Жазған дүниелерінде кесек-кесек ойлар жатады. Және де еңбекқор әрі ізденімпаз жан. Көкшетаудың бірнеше аудандарының газет­терінде редактор болып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен де танылған-ды. Ал Мағира әпке­міздің туған сіңлісі, Қапездің қарындасы Сәлимамен сол кездегі КазМУ-дің журналистика факуль­тетінде бірге оқып, бірге бітірдік. Сәлима өте салмақты әрі биязы, көркем мінезді жан. Бар ғұмырын баспасөз саласына арнады. 

«Қаламгер әулеті» деген кі­таптың қолжазбасы қолыма тиіп, оқып шыққан соң осы бір ой­­лар оралып еді. Жалпы, бұл кітап­ты бір әулеттің ғұмырнама­лық дерегі деп қана қарастырмай, мұнда сол кездегі ауыл өмірі мен сол кездегі ауыл адамдарының мі­нез­д­ері мен өмірлері жатыр. Бір әулеттің өмірінде үлгі де, өнеге де жатыр. «Қаламгер әулеті­нің» көпшілікке жан қуанышын сыйлары да анық» деп атап көрсеткен.

Міне, Парламент Сенатында депутат болып қатарлас қыз­мет атқарған қабырғалы қа­лам­гер Жабал Ерғалиевтің Қожахме­товтер әулетіне, оның ішінде өзі­міз тілге тиек еткелі отырған жур­налист жерлесіміз, ақын әрі аудармашы Қапез Қожахметовке берген бағасы осындай. 

Өз басым Қапез Дәулет­бек­ұлымен ол облыстық «Көк­шетау правдасы» газетінің редакциясында істеген жылдары танысқан едім. Алғаш рет Ленин­град аудандық партия коми­те­тінде бірінші хатшы болып іс­теп жүргенімде іссапармен арнайы келіп аупартком конферен­ция­сына қатысып есепті материал жазғаны есімде. 

Көкше өңіріндегі көптеген жас талап журналистер талантының жарқырап ашылуына қамқоршы, тәлімгер ұстаз бола білген жазушы, журналист, жайсаң жанды Жанайдар Мусинді осы орайда бір еске алған жөн деп білемін. 

– 1985 жылдың жазында Жанай­дар аға мені өзіне ша­қыр­тып, облыс орталығынан шал­ғайдағы Уәлиханов аудандық «Шалқар» және «Простор» газет­теріне редактор болып баруыма ұсыныс жасады, – деп алыстап кеткен сол бір жылдарды еске алады Қапез Дәулетбекұлы. – Ол кезде мен осы газеттің Щучье, Еңбекшілдер және Уәлиханов аудандары бойынша меншікті тілшісі едім. Барғым келмей­ бұл­талақтап көріп едім, Жанай­дар аға қарамағында істейтін журналистердің бір де біреуінің барғысы келмейтінін, ал обком­ның қайткенде бір кісі тауып бер деп соңынан қалмай қойғанын, егер кісі таппаса облыстық партия комитеті алдында ыңғайсыз жағдайда қалатынын айтып табандап тұрып алды. Сөйтіп он бір жыл ойдағыдай қызмет атқарған облыстық газетпен, «Арқада жер жетпейді Бурабайға» деп Мағжан және басқа да талай ақын жырлаған сұлу өңірмен қош айтысып, бірер күннен кейін Уәлихановқа келіп жеттім. 

Иә, бұл шалғайдағы ауданда редактор болып қызмет атқару Қапез Дәулетбекұлына оңай соқ­қан жоқ. Он сегіз нөмірі шық­­­­пай тұралап қалған, әсіресе білік­ті кадр жетіспейтін, екі тілде қатар шығатын аудандық газет­тердің жұмысын қаз тұр­ғызып қатарға қосу үшін қаншама еңбек етіп, тер төгуге тура келді. 

Редакцияда Арвид Григорье­вич Серебренников деген тәжіри­белі журналист жұмыс істейтін. Қаламы жүрдек, ойы ұшқыр. Бірақ анда-санда қызып алып, бүлдіретіні бар екен. Бірде жұ­мыс аяқта­луға таяп қалған кезде редак­тор­­дың орынбасары Әбіл Кочу­баев­тың аудандық ішкі істер бөліміне телефон шалып, А.Сере­бренниковты редакциядан алып кетуге өтініш жасап жат­қанын естіп, өзіне-өзі сенбеді. Сөйтсе, бұл кәдімгі әдеттегі жағдай­ға айналып кетіпті. Осын­дай сора­қылықты көріп жұмысқа енді ғана кірісе бастаған редак­тор жағасын ұстады. Бірақ журна­листі уақытша оқшаулау орнына жіберуге үзілді-кесілді қарсы болды. 

 Бір айдай бос жүрді де, редак­цияға қайта келді.

– Қапез Дәулетбекұлы, арақ­ты қойдым. Енді қайтып мүлде ішпеймін. Жұмысқа қайта алы­ңыз­шы, – деп өтінді.

– Онда былай болсын, – деді редактор жаңылыс басқан журналиске барлай қарап. – Мен сізді қайта жұмысқа алайын. Тек бір ай сынақ мерзімімен. Егер осы уақытта «баяғы әніңізге» қайта басатын болсаңыз, тап сол күні жұмыстан шығарыласыз. Уәде ме?

– Уәде, – деді жүзі күлімсіреп шыға келген Арвид Григорьевич, – Алаң болмаңыз, сеніміңізді ақ­тай­мын. Ал өткенде милицияға жі­бері­луден қорғап қалғаныңыз үшін көп рахмет.

Шындығында да, ол сөзінде тұрды. Редакцияның белді қыз­мет­керлерінің біріне айналды. Сегіз жылға жуық шалғайдағы ауданда қос тілде шығатын газетті шығару барысында кадрдың жетіспеуіне байланысты Қапез Дәулетбекұлына басылымның редакторы, аудармашысы әрі жауапты хатшысы да бір өзі болып жұмыс істейтін кездері аз болған жоқ. Осы орайда жұмысты әуел баста Зеренді аудандық газетінде аудармашы болып бастауының, он бір жылдай облыстық газетте қызмет істеп ысылуының көп септігі тиді. 

1993 жылдың қысында облыс орталығының тап іргесіндегі бұрынғы Көкшетау ауданының жаңадан ашылған «Бұлақ» газетінің ең алғашқы әрі соңғы редакторы болды. Бұлай дейті­німіз, 1997 жылдың жазында бұрынғы Көкшетау облысы, оның ішінде Көкшетау ауданы да қысқартуға ілікті. Ауданның жері мен елді мекендері Зеренді ауда­нына қосылды. Бұл ауданның әкімі А.Н. Вибе деген неміс азаматы, бұған дейін Уәлиханов аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған, тіпті Қ.Қожахметовпен көрші тұр­­ған болатын. Алайда жеке басының қарсылығы, әлде басқа бір себебі болды ма, әйтеуір қазақша шыға­тын «Бұлақ» газетін аудан бюд­жетіне алғысы келмеді. Тіпті аудан ақсақалдарының, газет жа­на­шыр­ларының да айтқан­дарын құлағына ілмеді. 

«Қырсыққанда қымыран іри­ді» деп бекер айтылмаса керек, осы ауданға қызмет етуге келгенде берілген үй жергілікті кең­шарда бас инженер болып қыз­мет істеген С. Хаметов деген­нің жекешелендіріп алған үйі болып шықты. Аудан әкімдері К.Жүсіпбеков пен Т.Жақыповтың басқа үй бермекші болған уәде­лері сөз жүзінде қалды. Содан үйді тастап пәтер жалдап шығу­дан басқа амалы қалмады. Сөйтіп қырық тоғыздан елу жасқа қара­ған шағында үй-күйсіз, жұмыс­сыз бір жылдай отырып, амалсыздан Астанаға қоныс аударуға мәжбүр болды. 

Ә дегенде Әділет министр­лігінің мемлекеттік тілді дамыту және аударма бөліміне бас маман болып жұмысқа орна­ласу­дың сәті түсті. Бұл ретте де кезік­кен қиыншылықтар аз болған жоқ. Бұрын компьютермен жұмыс істеп көрмегендіктен оны тез арада үйренуге тура келді. Әрине табиғатына тән табан­дылығы септігін тигізді. Осы бөлімде үш жылдай жұмыс істегеннен кейін Парламент Мәжілісінің редакциялық-баспа бөліміне келісімшарт бойынша ілеспе аудармашылыққа жұмыс істеуге шақырылды. Кейін Мәдениет және ақпарат министрлігінде мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы, Жоғарғы соттың баспасөз қыз­метінің бас консультанты, Энер­гетика министрлігінде бас маман болып ойдағыдай қызмет атқарды. 2004 жылдың күзінде Парламент Сенаты аппаратының редакциялық-баспа бөліміне алынып, қатардағы сарапшыдан бас консультантқа дейінгі жолдан абыроймен өтті. Осы жылдар ішінде қаншама заңдардың қазақша мәтініне лингвистикалық сараптама жасап, ана тілімізде жатық шығуына, ел өмірінің сан а­луан саласын реттейтін заң­намалық актілерді әзірлеп қабылдауға, жалпы заңнама саласында мемлекеттік тілді қалып­тастыруға қомақты үлес қос­ты. Заңнамалық терминдердің орысша-қазақша сөздігін құрас­тыруға белсене қатысты. 

2010 жылдың қарашасында Сенат аппаратында да штатты қысқарту жүргізілді. Зейнет­кер­лікке шығуына төрт ай қалғанда осы бөлімге кейінірек келген мемлекеттік қыз­мет­шілердің қыс­қарып кетуі­не ке­сірім тимесін деген ниетпен өзі сұранып қысқартуға ілік­ті. Өйт­кені бұл қызметшілер қыс­қартуға ұшыраған жағдайда тие­сілі өтемақы алудан қағы­латын еді. Бұл енді Сенат аппаратында бұрын-соңды болмаған, бәлкім, бұдан кейін болуы да екіталай жағдай еді. 

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отыр­ған жоқ. Келісімшартпен Жоғар­ғы сотта, Бас прокуратура­да аудармашы, жоғарыда атап өт­кеніміздей, аңшылар қа­уым­дас­тығының басылымы «Қан­сонар» журналында бас редактор­дың міндетін атқарушы, бас редак­торд­ың орынбасары болып қыз­мет атқарды. Жанымызда жүрген жақсы адамдар туралы, өмірден өтіп кетсе де өнегелі ізі қалған тұл­ғалар жайлы жазудан әсте жалық­қан емес. Көкшелік айтыскер ақын Көкен Шәкеев, тағдыр теперішін көп көрген жазушы Ибрагим Салахов, қайсар қаламгер, ақын Елубай Жәкенов, үлкен-үлкен қызметтер атқарған қоғам қайраткері, ұлтымыздың, табиғатымыздың қайтпас қайсар жанашыры, жазушылықтан да құралақан қалмаған Қасым Тәу­кенов, еліміздің теріскей жағын­дағы бес облысын Ресейге қосып алмақшы болған сол кездегі одақ басшысы қасқабас Хрущевтің өзіне қарсы шығып, аман алып қалу жолында неден болсын тайынбай, басын бәйгеге тік­кен қазақтың қайсар ұлы Жұма­бек Тәшенов, жазушылық пен аудармашылық тізгінін қа­тар ұстап келе жатқан Мәди Айым­бетов, Бақытжан Әзірбаев, Есен­құл Сафуани, Орынбек Жолды­бай, Мұсахан Басшыбаев, зейнет­керлік жасқа жете алмай дүние­ден өткен әріптес досы, мейлін­ше ақкөңіл де адал азамат Әбен Жұмаш және басқа да жайсаң жанды азаматтар туралы жазған ойлы мақалалары, көркем суреттемелері мен очерк­тері, эсселері мен өлеңдері респуб­ликалық басылымдарда, Ақмола облыстық «Арқа ажары» «Бұқпа» газеттерінде, «Жер шоқтығы» журналында жарияланып келеді. 

Қорыта айтқанда, қаламгерлік пен аудармашылықтың жүгін қайыспай көтере білген белгілі журналист әрі аудармашы Қапез Дәулетбекұлы Қожахметовтің азаматтық жарқын бейнесі, бел­сенді өмірлік ұстанымы кімге болсын үлгі-өнеге екенін айта отырып, оған қажырлы еңбегіңіз­бен абырой-құрмет биігіне көте­ріле беріңіз демекпіз.

Владислав КОСАРЕВ, 

Парламент Мәжілісінің депутаты

Суретте: журналис­тер әу­ле­­ті­ – Сәлима, Ма­ғира және Қапез Қо­жахметовтер.