![141211-71](http://old.egemen.kz/2011img/141211-71.jpg)
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың бастамасымен «Тәуелсіздіктің 20 шыңы – 20 жұлдызды күн» бағдарламасы аясында журналистика және саясаттану факультеті студенттер арасында «Тәуелсіздікке тағзым» атты шығармашылық байқау ұйымдастырған болатын. Байқаудың қорытынды мерекелік шарасы кеше журналистика және саясаттану факультетінің акт залында өтті. Факультет студенттері әннен шашу шашып, күмбірлетіп күй төкті. Өлең оқып, көрермендерді өнерлерімен тәнті етті.
Жеңімпаз студенттерді марапаттаудың кезі келгенде журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ көпшілік қауымды Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесімен құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді. Осы шығармашылық байқауды ұйымдастыруға өз үлесін қосқаны үшін бұқаралық ақпарат құралдарына алғысын жеткізді.
Алпыстан астам студенттің шығармасы қабылданған байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен дипломдарды еліміздің жетекші БАҚ өкілдері табыстады. Атап айтсақ, жеңімпаздарға “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының вице-президенті Еркін Қыдыр Құрманғазы Жұмағұлұлына, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Татьяна Костина Зарина Сейфуллинаға, «Астана» журналының бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат Айдана Үсенбайға, «Нұр Астана» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп Ақтолыс Айтбозымға және «Қазақстан» ұлттық арнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Жанұзақ Мүсәпір Айғаным Ибраеваға, «Халық сөзі» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай Мадияр Ишанбековке арнайы жүлделері мен стипендияларын табыстаса, Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының «Медиа» орталығының бас директоры Алмас Садубаев Сәуле Темірбаева, Олжас Беркінбаев және Әсем Қонысбектегіне, «Ел» газетінің бас редакторы Динара Дауылбайқызы Нұрсұлтан Мықтыбайға, «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Айгүл Уайсова Іңкәр Түлебаеваға, «Астана» радиосының шеф редакторы Жанетта Садуақас Роза Ысқаққа ақшалай және бағалы сыйлықтарын тапсырды.
Сондай-ақ республикалық «Тұмар» журналы факультетіміздің 4-курс студенттері әрі «Тұмардың» белсенді авторлары Жасұланбек Майлыбай мен Абзал Қалиевке ақшалай сыйлық тағайындағаны хабарланды.
Осы мерекелік шарада Ауған-стан соғысы ардагерлері ұйымдары қауымдастығы тарапынан журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы, «Еуразия-ақпарат» орталығының директоры Кенже Жұмағұлов Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен марапатталды.
Эльмира ЕРІКҚЫЗЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты.