Өнер • 13 Маусым, 2018

Қос ішекте үш ғасырды тоғыстырған

967 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Мен үшін ең маңыздысы – асыл мұрамыз күйшілік дәстүрді сақтап, оны одан әрі дамытуға қызмет ету» деген ұстаныммен өнер жолында қазақтың қара домбырасын серік еткен Айгүл Нариманқызы қырық жылға жуық ұлттық руханиятымызға қалтқысыз еңбек етіп келеді.

Қос ішекте үш ғасырды тоғыстырған

Сонау алпысыншы жыл­дары Атырау айма­ғы Исатай ауданының қа­зіргі Тұщықұдық аулында балалық шағын өт­кіз­ген Айгүл төрт жасы­нан домбыраға үйір болған. Балдырғанның қабілетін байқап, домбыра үйрет­кен алғашқы ұстазы өз әке­сі, елге танымал сегіз қыр­лы өнер иесі Нариман Үл­кенбаев еді. Мектеп та­бал­дырығын аттаған жылдардан бастап Айгүл оқу­шылар оркестрінде ойнап, он жасында өнердегі алғаш­қы жүлдесін алып, үл­кен сахнаға шыға бас­тады. Ол Құрманғазы мен Дина, Дәулеткерей, Мә­мен секілді күйші-ком­по­зиторлар мұрасын дәріп­теген дәстүрлі ортада, небір күй саңлақтарының тартқан саздарын құлағына құйып өсті. 

Айгүл ізденіске толы кәсі­би өнер жо­лында Тілеш Бәді­лов, Айтқали Жайымов, Шам­ғон Қажығалиев, Қар­шы­ға Ах­ме­дияров сияқты күй қаған­дарынан тәлім ал­ды. Болашағынан зор үміт күттір­ген шәкіртті бойын­дағы сирек кезде­сетін қабі­леті мен еңбекқорлығы үл­кен жетістіктерге жетеледі. 

Консерваториядағы ұс­­тазы, композитор А.Жа­йымов сол кез­де жас болса да бір­неше рес­публикалық және Бүкіл­одақ­тық кон­курс­тардың лауреаты болып үлгерген Ай­гүл На­риманқызының орын­­­дау­шылығына арнап «Шал­қыма» күйін шығар­ды. Бұл домбыра мен форте­пианоға жазылған «Шалқыма» туындысы алғаш рет Баку қа­ласында өткен (1986) ха­­лықаралық конкурс­та орындалды. Сол кезден бас­тап осы күй арна­йы оқу орындарының бағдар­лама­ла­рында берік орын алып, домбырашылардың сүйікті шығармасына айналды. 

Күйші Айгүл Үлкен­баеваны қалың тыңдарман талғамы биік, музыка әлеміне жаңалығымен, тың баста­ма­лар алып келген жаңашыл музыкант ретінде таниды. Оның «Арай» ансамбліндегі күйді эстрадалық әрлеумен орындаушылыққа бастаған батыл қадамы (1991), жаңа фор­маттағы «Керулен» этнотобын құрып, қазақ сахнасына тың үрдіс әкелуі (2007), ...бәрі-бәрі оның ешкімге ұқсамайтын дара жо­лын айғақтайды. 

Қазақ музыкасының «қоңыр» атала­тын тембридеалын домбырадан шығару үшін аспап бұрауының төмен дыбыстарға түсірілуі жеткіліксіз. Бұл тақы­рыпқа қатысты шебер күйші Жанғали Жүзбаев мынадай пікірін ортаға салған болатын: «Қоңыр дыбыс жүйкеге тимейді. Динадан соң қоңыр дыбыс Айгүлдің орындауында тыңдаушысының құлақ құрышын қандырады. Айгүлдің мықтылығы оның ой-өрісінің басқаша болуында. Оның бір өзгеше қасиеті – тембрді тануы. Ол қай домбыраны ұстасын, қо­ңыр дыбыс шығады. Қазір күйшілердің шырылдатып тартып жататынын жиі естиміз. Ал Айгүлдің тартысының бір дыбысы, бір нотасының өзі мазмұнға, мағынаға толы. Ол ойнаған күйдің бір буынының өзі сезімге толы, «аһ!» дегізеді. Ондай дыбыс шығаруды, өкінішке қарай, оқу орындарында үйретпейді, бұл дәстүр қанмен берілсе керек. Әкесі Нариман Үлкенбаевтың да домбыра тартысы бөлек болатын». 

Осы орайда аспаптың әр пернесінің мәнін түсініп, оны дұрыс анықтай білу күйшіге қойылатын бірден-бір шарт деп айтқан, «домбыра шерткенде оны адамша сөйлетіп, сол арқылы белгілі бір күйдің мән-мазмұнын тыңдаушыға толық жеткізу керек» деген күй анасы Дина Нұрпейісованың сөзі ойға оралады. Домбыра тартатындар көп, бірақ хас шебер күйші ғана осы айтылған шарттан шыға білсе керек. 

«Айгүл – маңдайы жар­қыраған күйші, – дейді профес­сор А.Жайымов, Айгүлде шығар­машылық мінез бар, дүлдүл күйші. Оның тартысының ерек­шелігі – композитордың айтар ойын шеберлікпен жеткізуінде. Қай шығарманың болсын, маз­мұны мен образын, шыққан кезе­ңі мен стилін жоғары деңгейде көр­сетеді. Барлық күйшілік мектеп­терді меңгерген көрнекті музыкант».

Ұлт мақтанышы, күйші Қаршыға Ахмедияров Құрманғазы атындағы І республикалық конкурста лауреат атанған жиырма жастағы домбырашыға «Айгүл Үлкенбаева – домбыра қағысы, тарту мәнері жағынан атап айтуға тұрарлық жас. Тіпті қазақтың болашақ Динасы, екінші Дина деуіме болады» деп баға берген еді. Араға уақыт сала Айгүл Нариманқызының өнер жолы өзіне берілген жоғары бағаға лайық өрілді. Ол домбырасымен әлемді шарлап, қазақтың классикалық (дәстүрлі) музыкасын жеріне жеткізе насихаттады. Домбырасының екі ішегіне үш ғасырды тоғыстыра білді. Қазіргі жаһандану дәуірінде де шынайы өнердің тұнығын бұзбай, өзінің сара жолымен биікке көтеріп келеді. 

Күйші Жанғали Жүзбаевтың пікіріне сүйенсек: «Айгүлдің деңгейіне күйшілер бара алмайды. Ол – ізденімпаз, күйлерді жарқыратып шығаруға келгенде – жаңа­шыл, жарқын дарын иесі. Қай күйді алсын, Тәттімбеттің «Көкейкестісі» ме, Қазан­ғаптың «Боз жорғаның бөгелек қақпайы» ма, Есірдің «Иреңі» ме, Т.Момбековтің «Салтанаты» ма, басқасы ма, Айгүл тартқанда хит боп шыға келе­ді. Қолына түскен күйлер хитқа айна­лып, бірден кеңінен тарап кетеді». 

Кезінде Әзидолла Есқалиев домбы­раға дыбыс күшейткіш пен гитараны қосып Моцарттың «Түрік маршы», Огин­скийдің «Полонезін» ойнаған болатын. Кейін бұл бағытта домбыраны жаңа деңгейде, жаңа қырынан көрсеткен Айгүлдің репертуары «Арай» ансамбліндегі кезінен тыңдарман жадында. Жаңашыл музыкант музыка әлеміне өз жаңалықтарымен қадам жасады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Ж.Жүзбаев: «Еуропада импровизациялық өнер – джаз болса, ондай үрдіс шығыста да бар, біздің домбырадағы өнеріміз де импровизация. Менің ойымша, сол джазға қарай (импровизация тұрғысынан) батыл бір қадам жасаған күйші – Айгүл. Бұл ізденісі өрісін таба ма, әлде басқаша бола ма, оны айта алмаймын. Бірақ ол джазға бара алды...» десе, профессор Айтқали Жайымов: «Айгүл эстрадамен қосылып орындағанда домбыраның тембрін жоғалтпауға тырысады, ешуақытта ұлттық нақыш шеңберінен шықпайды. Музыканы әрлеуші мамандарға басқа аспаптың домбыраны жеңдірмей ойнатуға, алдыңғы планға шығаруына талап қояды. Күй тақырыбын бір сәтке де жоғалтпайды. Егер музыканттарымыз күйлерді осындай кәсіби тұрғыда, үлкен ізденістермен ұсынып жататын болса, бұның еш өрескелдігі жоқ», – деген болатын. 

Айгүл Нариманқызымен «Тико-тико» (Зекинья де Абреу), «Sing-sing» (Луй Прима) және т.б. сияқты джаздық импровизацияны сахнада бірге әрлеп жүрген ритм-топтың танымал кәсіби музыканттары Ерлан Мыр­забеков (гитара), Дмитрий Лисунов (ұрмалы аспаптар), Еділ Жанғаббасов (клавиш), жоба жетекшісі Ринат Гай­синдер жаңа бағдарлама жасады. Музыкалық продюсер Әділ­жан Толықбаев (перкуссия аспабы): «Айгүл аз уақытта бізге домбыраның көрінбей жат­қан мүмкіндіктерін түсінуге кө­мек­тесті. Домбыраның орнын эстрадада қалай айқынырақ көр­сетуге болатынын үйретті» десе, Фархат Ибрагимов (бас гитара): «кәсіби мамандардың өздері де домбыраның терең сырын түсіне бермейді екен. Ал Айгүл Үлкенбаева әр концертке біртектес болып кетпес үшін сан түрлі ырғақтағы күй­лерді мұқият таңдап алады. Екі ішекпен ойналатын күйлер­дің ырғаққа байлығы бізді сон­ша­лықты шабыттандырып, шек­сіз шығармашылық қиялға жете­лейді» дейді. 

Музыканттардың айтқанын тыңдай отырып, қазіргі кезеңдегі әр музыкантта күйге деген сүйіс­пеншілік пен домбыраға деген құрмет осындай дәрежеде болса ғой деген ой келеді. Өйткені күй мен домбыра қазақтың қасиет­ті қазынасы. Елімізде соңғы кез­дері ұлттық аспапқа ерекше мән беріп, 1 шілдені арнайы Ұлт­тық домбыра күні деп белгілеп отырғаны сондықтан. Ал домбырадан төгілген қоңыр дыбыс­ты төрткүл дүниеге таратып, күйдің құдіретін асқақтатып жүрген дәулескер күйші, Құрман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясының профессоры Ай­гүл Үлкенбаева шын мәнінде ха­лық күйшісі.

Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА, 

өнертану кандидаты, музыкатанушы