14 Желтоқсан, 2011

«Тұмарға» жұрт құмар болсын

401 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанадағы Ұлттық акаде­мия­­лық кітапханада «Тұмар» рес­­публикалық әдеби-көркем жур­на­лы сайтының тұсаукесері өт­ті. Қазақтың көрнекті ақын қы­зы Фариза Оңғар­сыно­ва­ның жетекшілігімен жарық көріп келе жат­қан журнал­дың ғаламтор­дағы Aitumar.kz сайтының ашы­луы­на мемлекет қайраткері Қуа­ныш Сұл­танов, елімізге танымал тұлғалар Зейнолла Алшымбаев, Уәлихан Қалижанов, «Егемен Қазақ­стан» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов және басқа да бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысып, өз құттық­тау­ларын жеткізді. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көретін Аitumar.kz сайты проза мен поэзия, драмалық шы­ғармалар және көркем сурет жанрын қамтыған. «Осыдан үш жыл бұрын маған «Тұмар» жур­налын шығару туралы ой келді. Өзім де талай жастар басылым­дарында жұмыс істедім. Қарап отырсам, елімізде әңгіме-өлең, драмалық шығарма жазатын жастар көп екен. Қазір жастар кітап оқымайды деген пікірлер бар. Мүмкін, рас та болар. Өйткені, олар ғаламторға, теледидарға алаң­дайды. Алайда, Қазақстанда кітап бетін мүлдем жауып қо­йып, барлығы интернетке көшіп кетті дей де алмаймын. Журналға шы­ғармасы шыққан жандардың бар­лығы Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Төлеген Айбергенов бо­лып кетеді деп те ойламаймын, бірақ мықтылары да кездесіп жатады. Бір айта кететін жайт, журнал сапасы жоғары бол­ғанымен, өкінішке орай, әзірге тиражымыз аз», дейді журнал­дың бас редакторы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова. Шара бары­сында Қуаныш Сұлтанов: «Тұмар десе тұмардай» әдемі басылымның ашылу барысына куә болдым. 3 жыл ішінде шыққан 18 нөмірдің қай-қай­сысында да нашар дүние жоқ. Журнал бетінен ұлттық тәрбие мен сипатты сақтап қалуға деген талпыныс көремін», десе «Егемен Қазақстан» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов аға басы­лым атынан «Тұмар­дың» жас сайтына деген тілегін:  «Сайттың ди­зайны, әсіресе флеш-техно­ло­гия арқылы беттерді ауысты­рып оты­ру шынында да журнал ақ­тарып отырғандай әсер береді. Бұл сайттың артықшылығы деуге бо­лады. Толық архивті сайттың та­ғы бір қасиеті, егер түрлі-түсті қағаз шығаратын құрылғы арқы­лы үйі­ңізде антологиясын жасап қоюға болады. Бұл жаңа заман үрдісінде шыққан басылым. Осын­­­дай аты да, заты да тамаша журналды шы­ғарып отырған Фариза апайға алғысымды білдіремін. «Тұмар» барлығымыз­дың тұ­мары­мыздай бо­латын ардақ­ты басы­лымға ай­нал­сын», деп аяқтады. Журналдың бас редакторы, ақын Фариза «Тұмардың» оқыр­ман­дары көбейіп, қаражаты мо­лайып жатса, шығармашыл жас­та­рымыздың туындыларын ағыл­шын тіліне аудартып, шетелдіктерге қазіргі заманғы әдебие­тімізді көрсеткісі келетіндігін жеткізді. «Тұмар» журналы мен ондағы әріптестерімізге жазар­ларыңыз көбейіп, тираждарыңыз арта берсін деген тілек білдіреміз. Венера ТҮГЕЛБАЙ.