Әлем чемпионатының басталуына бір күн қалғанда бапкердің қызметінен босатылуы Рубиалестің бастамасы болып отыр. Лопетегидің ұлттық құрамамен 2020 жылға дейін жаңа келісімшартқа отырғанына бір ай да бола қойған жоқ. Осындай міндеті бола тұра «Реалмен» келісімшарт жасауын Испания футбол федерациясының президенті сатқындыққа балап, оны жұмысынан қууды кеше талап еткен.
«Біз бас бапкердің қызметінен бас тартуымызға тура келді. Оған алдағы уақытта тек сәттілік тілейміз. Өзімді сатқын ретінде сезінбеймін. Мәселе «Реалдың» бүкіл жұмысты Испания федерациясының ту сыртынан істегенінде болып тұр. Біз бұны назардан тыс қалдыра алмаймыз. Испания құрамасының барлық қызметкері арнайы қабылданған ереже барын ұмытпауы тиіс. Лопетегидің кәсібилігіне дау жоқ. Бірақ кез келген іс ереже бойынша жүзеге асырылуы керектігін есте сақтаған жөн», деді Рубиалес.
Испания футбол федерациясының шенеуніктері Лопетегидің қызметінен босатылуын қолдаса, Андрес Иньеста, Серихио Рамос, Давид Сильва бастаған ойыншылар бұл іске қарсылық білдірді. Бір қызығы Marca басылымы бірер сағат бұрын футболшылардың бас бапкерді орнында қалдыруын көндіргенін хабарлаған.
«Реал» білікті бапкер іздеп, үздіктердің біріне тоқталғанына күмәнім жоқ. Бірақ ұлттық құрама елдегі бүкіл клубтың командасы екені ұмытпайық. Бәрі өз орнымен болуы тиіс. Ресми ақпараттың шығуына бес минут қалғанда федерацияны құлағдар ету дұрыс емес», деді Луис Рубиалес.
Енді Испания құрамасын әлем чемпионатында Фернандо Йерро (Испания футбол федерациясының спорт директоры) немесе Альберт Селадес (Испания U-21) жаттықтырады деп күтіліп отыр. Екеуі де делегация құрамында Ресейге келген.
Айта кетейік, кеше «Реал» басшылығы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін команданы Хулен Лопотеги жаттықтыратынын хабарлаған. Ал Испания құрамасы мен бапкер арасындағы жаңа келісімшартты уақытынан бұрын бұзу үшін «Реал» екі млн еуро төлеген.