Әдебиет • 13 Маусым, 2018

Көкбөрі Мүбәрак. Көзіңдей мөлдір…

170 реткөрсетілді

Ысық

Бозсалқын баланың қанында жатқан өлеңдей,

Бозкүлгін бетті аруды іңкәр қып тұрған денемдей,

Саусағымның ұшы күп-күлгін,

Күн мұнда шығады дегендей.

Кірлеп тұр иегі, әттең, анау бір маралдың,

Әнеу бір аққу бойкүйезденіп әзер таранды.

Жартастар әлі үкіше тұр ғой салпиып,

Кеш жеткені-ай таң деген сұлу хабардың.

Анамдай сергек оянып таңды сипалай бастаймын, 

Шекеме қатып бозқыраулатты тастай мұң.

Қартайдық деді бүгін таң неге салбырап,

Күннің қызыл басын ендеше балықтың алдына тастаймын. 

Шортандар бетер шулады...

Қызыл балықтар басын кеп сүйеп тыңдады...

Күнде дыбыс жоқ, тек ғана ыстық жүрек бар,

Тәулігіне тұрған бір қағып....

Көкжиек

Ей, көкжиек,

Көзіңді мөлдір жұлқыған бұлақ,

Көз жасың кетті жылқыдай құлап.

Қоп-қоңыр жас қой, шіркін-ай, мынау,

Қозғалып қалды шырпыдай сұрақ.

Қып-қызыл дала түлкідей құлап,

Жарқ етті көктен күркірей шуақ.

Саусағымды суға сұққылап қоям,

Қара көз көлді кірпідей сынап.

Қарала бүркіт ақиық па еді,

Қалбалаңдап жүр тарихқа еніп.

Құзар шыңның ұшын мытады-ай келіп,

Борбас шыңдарды зағиып көріп.

Түсініп мұнда қара көз аспан,

Құшағынан көлге шағаланы ашқан.

Керегеге ілінген көбелек құсап,

Толқынға малынып жағалауда аспан. 

Толқынның өзін жарым ба деймін,

Шашалып сүйіп ауырды-ау ойым.

Қара дөңдер бейне аңырған қойым,

Дөң үстінде көкшіл өлеңге қарап

Қақшиып тұрар сағынған мойын.

Шабыт түні

Жирен ала жолбарыс кісінеген,

Сол бір түні жылқыға айналғандай.

Бұл жолбарыс бес-алты жас кіші менен,

Ал, тұрқына қарағай ойланғандай.

Сол түні ол жылқыша бұралаңдап,

Құйрығы да еппенен шашақталды.

Күміс жалдар мойнынан сығалаңдап,

Пай, пай, қандай рахат, жасап қалды.

Сол түні оның жонына бала мінді,

Қарғып емес, аңқиып мінген баяу.

Қайтсем деймін осы бір қарағымды,

Ол бала емес, бір шумақ өлең еді-ау жүрген жаяу.

Ал, жолбарыс ышқынып айқайлайды,

Тарғыл-тарғыл денесі тулақтанып.

Үстіндегі шоқ бала таңғалмайды,

Тек жүгенін тартады ырғап қалып.

Сол бір түні жолбарыс жіңішкеріп,

Жалғыз тармақ жүндес бір өлең болды.

Мен де өзімді сол түні тыныш көріп,

Бұл тармақты жүйкеме терең көмдім.

 

Қабанбайымның жұпары

Бақбақтай жеті күн келіп ,

Дүркіреп тұрды толғанып.

Жүрегіме басын сүйей қалысып бірде бұл,

Жарымның, тіпті, сөздерін сәулеге әкетті оңғарып.

Даладан иістер тұтанып,

Жусанның түрлі әжесі еңкейіп маған таратар.

Сауытымның барлық беттері иіссіз қап қанша жұтадым,

Риза болған қолдарым иістерге алтын садақтың айшықты оғын дәл атар.

Иістерге атам жебемді,

Риза болған күйім бұл!

Түрлі-түрлі жұпардың бәрісіне бұрам денемді,

Жұпарлар, бәріңе риза болып оқ атам,

сендермен ұқсас киіндір.

Оқ түскен сайын жұпарлар,

Саусағыңның исін, мінекей, алып қалдық деп толғанды.

Жұпардың тіпті балаларын да жұтарма,

Барлық саусағы ашылып кеткен орманның.

Сауытым, тіпті, риза,

ұп-ұқсас иіске тойынып,

Жаулардың түрлі оқтары исіме кетті қақалып.

Бақбақ дауысты аспанның әні қойылып,

Атамын оқпен кемпірқосақтың былжырап кеткен мақалын...

Сағындым ғой

Құлыптасым секілді суық аспан, 

Жон арқама тигенде, 

Сағындым ғой!..

Жон арқама ұрылған қамшы жаңбыр,

Жылай салса қайтадан,

Сағындым ғой!..

Қара жолдар қолыма домалап кеп,

Сенің шашыңды иірсе,

Сағындым ғой!..

Бөлме ішінде есімің қалықтап кеп,

Шырақ жаққа ұмтылса,

Сағындым ғой!..

Шаңқан нұрға көзімді жыпсита ашып,

Қабырымнан оянып сағындым ғой!..

Далалардың бәрін де талықсытып,

Сағыныш боп шайқалып ауырдым ғой!..

Сағындым ғой!..

Жүрегімді ұнатпай сағындым ғой!..

 

Бала мысық

Ауылымда жауған бала жаңбырдың,

Сүндеттелді-ау кесеме кеп тамшысы.

Сыздықтатып өте шықсам,

Жол шетіндегі ағаш та,

майда тілін қан-жоса қып шығарды.

Мархұм анам жібитіндей жаңбырға,

Қабірінің ішін сипай бастады.

Тулақтай боп қатқан жасың жаңбырда,

Дүр-дүр қағып қайта бастан туылды.

Дүр-дүр қаққан бұлбұлдар да шашырап,

Сіңбе атанған руына – Тамшының.

Мен туғанда қызыл өкшем тас балғадай жаңғырып,

Шекараның ұра берді-ау қазығын. 

Сен туғанда аққу құстар мамық көлді кимелеп,

Қанатынан тарап сүзіп су астына дүниенің -

Сымбатты бір жігіт етіп жіберіпті жарығын.

Тарғыл қабат мысықтай боп кеудем алдын қасынып,

Өлеңге еріп жоғалған ғой нүкте боп...

Тарғын сулар шашыраса бетіме,

Түктерінен есіп алған өлеңім -

Шала жансар жолбарыс боп шіриді.

Тулақтай күн көктің бетін жұбатып,

Тағы да сол жасыма кеп сілкінді.

Дала түгел ақ қарағай, шошытып...

Бала мысық жаңбырдың көз жасына үймелеп –

түні бойы Әлиханды еске алғанда,

Мен сол түні ұйықтап шығып өкіндім!..

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Дүние»-бақтың жемісі

Руханият • Бүгін, 10:33

Сипаты бөлек «сыпайылық»

Руханият • Бүгін, 10:07

«Құныскерей» – құнды еңбек

Руханият • Бүгін, 09:53

Қазақ тарихының қасіреті

Руханият • Бүгін, 09:44

Ертегілік ес әлемінің өкілі

Руханият • Бүгін, 09:37

Қаламгер мен Қаһарман

Руханият • Бүгін, 09:31

Заманымыздың Білге Қағаны

Руханият • Бүгін, 09:22

Ұқсас жаңалықтар