Әдебиет • 14 Маусым, 2018

Бағашар Тұрсынбайұлы: Астана метаморфозасы

542 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Аруана-дүниенің кең құрсағы шайқа­ған қазақ баласының маңдайына бақ, таңдайына сөз біткен. Тақуа тарихпен бетпе-бет қалып, ықылым заманның шежіресін ақтарсаңыз қазақ деген қастерлі жұрттың шекпеген азабы, тартпаған бейнеті бар ма екен?! Сонда да уақыттың қатал сынына шыдап, тіршіліктің ауыр арбасын сүйреп жаңа ғасырларға беттеп келеді. Тәуба! 

Бағашар Тұрсынбайұлы: Астана метаморфозасы

Келер жүзжылдықтар айбынды Алаш жұртының еншісіне жақсылық боп бұйырмақ. Таудай талап деген осы шығар, бәлкім. Ал бармақтай бағы – Тәуелсіздік! Сол Тәуелсіздіктің рухымен өткенімізбен шуылдап қауышып, ертеңімізді сенімді бағамдап отырмыз. Арқа төріне ажары ерекше Астана салдық. Астананың сәні де, салтанаты да өзге болды. Сөзі де, әдебі де өзгерді.

Ғасырларды жарып шыққан жан жайлы,

Қараңғыны қарып шыққан таң жайлы,

Қара қазақ – қайыспаған нар жайлы,

Һәм Ар жайлы дастан еді бұл қала!

Көкіректен тарқатылған шер жайлы,

Көкірегін қалқан қылған ер жайлы,

Жарасынан енді айыққан жер жайлы,

Һәм Сұңғыла ел жайлы дастан еді

бұл қала!

Осы қаланың әдеби өміріне көз жүгірткен кезде тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинап, Арқа төсін Астана деп жариялаған тұстан бастап ерекше өзгергенін көреміз. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде ақын Нұрғожа Ораз басшылық еткен осындағы Жазушылар бөлімі жұмыс істеген. Ол кезеңдер туралы жазушы Алдан Смайыл былай деп еске алады: «Тоқсаныншы жылға дейін осында Жазушылар ода­ғының бөлімшесі болды. Оны Нұр­ғожа Ораз деген ақын басқарды. Сол кез­де құрамында Мәди Хасенов, Әскен Нә­биев, Қажымұрат Рахимов, Владимир Гун­дарев деген алты-жеті қаламгер бар едік. Аудандардан бір-екілі адам кейін қо­сылды. Шынын айтқанда бұл жер о кезде қаламгер жағынан кедей­леу болды. Қазақ мектептері жабыл­ған, қазақ газеттері де жоқ болатын. Қорғалжын Ерейментау сияқты жерлерде ғана шы­ғатын қазақ газеті. Сол кездері газет­те қызмет істедім, әдебиет беті айы­на бір рет шығатын.

Соған бере­тін әңгі­ме, өлең табылмайтын. Бейі­мі бар деген кісілердің редакцияға жібер­­ген өлеңдерін қайта жазып, өңдеп шыға­ратынбыз. Әңгімелерді де қайта жазатынбыз. Бұның себебі қазақтың азайып кеткендігі еді. Қазақ театры ертеде жабылып қалған. Соғыстан кейін өзін-өзі ақта­мады деп қазақ труппасын жауы­п тас­таған. Сол труппада Тұрсынбек Кәкішев актер болған. Театры, баспасөзі, ті­лі, мектебі болмағаннан соң әдебиеті қай­­­дан болады? Халықта әдебиетке деген ынта азайып кеткен. Бірақ жаңағы са­­­наулы ақын-жазушы осы өңірдің таби­ға­тын, елдің тынысын тақырыпқа айнал­ды­­рып жазып жатты. Қорғалжында пат­­­­­ша өкіметіне қарсы болған көтеріліс жай­­лы «Сеңгір сыңары» дейтін роман туды».

Бұл Ақмола елордасы атанбай, Аста­на­ның тұсауы кесілмей тұрған шақ болатын. Елдіктің – алтын қазығы, бола­шақтың – темірқазығы Астана Ақор­дасын тіккенде әдебиетіміздің қара­ғай мүйіз алыптары Арқа төсіне ауды. Ел болудың қамы, жұрт болып ұйысудың нәмін айту үшін де бағаналы орда, басты ордаға ат басын тіреген. «Екі мыңыншы жылы мен осы жердегі Жазушылар одағы филиалына директор болдым. Астанамен бірге Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Әнес Сарай, Төлен Әбдік, Қойшығара Салғара, Ақселеу Сейдімбек секілді қалам­герлеріміз келді. Олармен бірге Астанаға әдебиет келді. Дүрілдеп кештер, дүрлігіп кездесулер өте бастады.

Еуразия ұлттық университеті ашылып, оған Мырзатай Жолдасбековтің ректор болып келуі де Астананың әдеби өміріне ерекше серпін берді. Филоло­гия факультетіне ұстаз болып академиктер Рымғали Нұрғали мен Сейіт Қасқа­басов келді. Қаншама ақындарға, жазушыларға, айтыс ақындарына университет қара шаңырақ болды. Сол жердің үлкен залында шаралар жиі ұйымдастырылып тұрды.

Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, сол кезде әдебиеттің әр жанры бойынша бәйге тағайындап, өткізіп жүр­дік. Қазір шүкір, елордамызда ондай әдеби бәйгенің бірнешеуі өтеді. Осының бәрі жастарға, әдеби ортаға әсер етпей қоймайды», деді Алдан Смайыл әңгімесін жалғастырып.

Қала дидары, қала бейнесі қаламына тұнған қаламгерлердің бас қосатын жерлері де жылдан-жылға көбейіп келеді. Сәулеті асқан жаңа ғимараттар Астана төрінде бой көтерген сайын сұлулана түсуде. Ендігі жерде ақын-жазушылар да өз ғимаратымыз болса, деген тілектерін де айтып жатты. Екі мыңыншы жылдары Астанаға келген жазушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Тұрлыбек Мәмесейіт. «Алғаш Астанаға келгенде бір-бірімізді көрсек қуанып қалатынбыз. Ол кезде халық саны да қазіргідей мил­лионға жетпеген еді. Астанадағы фи­лиал­дың директоры Несіпбек Айт­ұлы болған тұста С.Сейфуллин мұра­­жа­йында жиналып тұратынбыз. Ол жерде әдебиеттің әңгімесін айтып, тал­қылаулар, тұсаукесерлер болатын. Кейін Ұлттық академиялық кітапхана ашылды. Ол жер де руханияттың ордасы бола білді. Енді елордамызда ақын-жазушылардың өз ғимараты да болу керек деп ойлаймын», дейді жазушы. Өйткені қазір Астанада шығармашылық орта қалыптасып, жастар да лек-легімен сөз өнеріне қызығып жүр. Солардың да бас қосып, әдеби кеңес құрып тұру­ларына оң ықпал етер еді.

Талайды бастан кешіріп, тағдырынан тағлым алған Астананың рухани келбетін анықтайтын бірнеше мысал бар. Әрине оның ішінде ақын-жазушыларының алар орны, отырар төрі бөлек. Сөз ұстаған шешені мен топ бастаған көсемі де аталы сөзге тоқтаған еліміздің асыл сүйегіне асыл сөз бітіпті. Ал оның бүгінгі өкілдері кәсіби деңгейде қалам тербеуге барынша талпынып-ақ келеді. Ербол Алшынбай, Мирас Асан, Олжас Қасым, Ұмтыл Зарыққан, Есбол Нұрахмет, Шерхан Талап, Айжан Тәбәрік, Жұлдызай Ысқақ, Ажар Ерболған, Әлімжан Әлішер сияқты жас буын өкілдері де әдеби айдынға еркін араласа бастады.

«Қазақстан Жазушылар одағының Астанадағы филиалының 153 мүшесі бар. Астананы еліміздегі қаламгерлердің төрттен бірі мекен етеді. Осыған қарап отырып елордада қалай әдеби орта жоқ деп айта аламыз?! Әдеби орта өзгеше мәнермен қалыптасу үстінде. Астанаға білімді, білікті, бірнеше тіл білетін жас қаламгерлер жиналып жатыр. Айбарлы Астана – тек қана зәулім ғимараттарымен, келелі көшелерімен ғана Астана емес, әдеби-мәдени өмірімен – Астана. Астана – республиканың ірі саяси-әкімшілік, іскер­лік орталығы ғана емес, қазақ әде­биетінің жаңа дәуірін ту­ғызатын қа­сиетті нүкте болады деп ойлаймын.

Астана – жан-жақтан ағылған жас­тар­дың жауһары, ұлы армандарының ме­кені. Жақында Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан әдебиетті қол­дау үшін Жастар кеңесі құрылды. Ол кеңестің құрамында астаналық жастар да бар. Бұл да әдеби көңіл күйге ерекше әсер етеді деп ойлаймын. Кеңестің алғаш­қы отырысында көтерілген мәсе­лелер Мәдениет және спорт минис­трлігі тарапынан толық қолдау тауып, жүзеге асатын болып жатыр. Бұл – мемлекеттің жас қаламгерлерге көрсе­тіп жатқан үлкен қамқорлығы. игі іске ұйытқы болып отырған – Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы. Қазақстан Жазу­шылар одағының жаңа басшылығы ұсынысымен, минис­тр­ліктің қолдауымен Астанада жас қалам­герлердің үлкен деңгейдегі шыға­р­машылық кешін жиі өткізетін бо­ла­мыз. Жоспар көп. Ретіне қарай ке­ңі­нен тоқталып өтуге болады», деді Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, ақын Бауыржан Қарағызұлы.

Алаштың аяулы Астанасында пафоспен сөйлесең де жарасатындай. Тол­қыған көңіл, шалқыған сезімнің әсері жүрек түбінен желкен көтеріп, қабырғаңнан қанат өсіретіндей! Қазақ жүрегінің желкені желдей ес! Қазақ әде­биетінің қанаты көтер аспанға Алаш атын!

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»