Бахия Атшабарұлы дәуірлер тоғысында дүниеге келді. Алматы медициналық институтында оқып жүріп сұм соғыстың от-жалынына түсті. Ұлы Отан соғысын танк полкінде медициналық-санитарлық қызметті басқарумен аяқтап, аспирантураға түскен. Оны бітірісімен, бас-аяғы бір жылдың ішінде кіші ғылыми қызметкерден директордың ғылым жөніндегі орынбасарына дейінгі жолдан өтті. Бұдан кейін 30 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан Ғылым академиясының, КСРО Медицина ғылымдары академиясы және Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің құзырындағы өлкелік дерттану институтының директоры қызметін атқарды.
Ол Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, Александр Порфирьевич Полосухин сияқты аса көрнекті ғалымдардың қол астында, бірлесе жұмыс істеді.
Бахия Атшабарұлының ғылымдағы жолы соқпақты, бірақ айқын да жемісті болды. 90-шы жылдарда ғылым мен білімнің қатаң экономикалық қыспақты бастан кешіруі – жалпыға ортақ күйзеліс-тін. Медициналық ғылымның көптеген бағыттарына өмір берген, отандық және әлемдік ғылымға үлес қосқан институт 1996 жылы кәсіптік патология және еңбек гигиенасы институтына айналып, одан кейін нарық қыспағына шыдамай, басқа институт аясына енуі – өзекті шалған өкініш болатын. Сол кезеңде әлем бойынша ғылымға жалпы ішкі өнімнің 3 пайызы жұмсалатынына қарамастан, бізде ол көрсеткіш 0,1 пайыз ғана болған еді.
Институт қойнауында туындаған бағыттарды атап шығудың өзі қиын: лептоспироздың, бруцеллездің эпидемиологиясы мен клиникасы, аллергология мен иммунология, өндіріс пен ауыл шаруашылығындағы еңбек гигиенасы мен кәсіптік патология, эндемиялық зобтың, шипажайтану мен тағам гигиенасының, туберкулез эпидемиологиясының, әлеуметтік гигиенаның, денсаулық сақтауды ұйымдастырудың мәселелері және т.б. Бұлардың көпшілігі – Бахия Атшабарұлының жеке ынтасымен көтеріліп дамыған салалар. Бір ғана ғылымдық тұжырымдамасын – қорғасынның салдарынан уыттануды жою жолдарын қарастырсақ, бұл орайдағы денсаулық сақтау тәжірибесіне енгізген тиімді шаралардың халық денсаулығына тигізген әсері зор және ғылымға кеткен бар шығынды өтеп қана қоймай, кез келген ғалым үшін мақтан болары сөзсіз. Мұндай еңбектерінің саны мол еді.
Жоғарыда келтірген бағыттардың бірқатары оның батасымен өз алдына мекеме, институт, ғылыми орталықтар күйінде ашылды. Мысалы, әлеуметтік гигиена мен денсаулық сақтауды ұйымдастыру бөлімі денсаулық сақтау экономикасының ғылыми орталығына, аллергология мен иммунология бөлімі академик Беклемишев басқарған, денсаулық сақтау мен медициналық ғылымға көптеген әйгілі есімдерді әкелген жеке дара орталыққа айналды. Оның институтының қабырғасында әлемде бірінші болып Дүние-жүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша жұмыс істеген орталық ашылды, тағам гигиенасы бөлімінің Мәскеу тағамтану институтының бөлімшесіне айналып, кейіннен Тәжікстанда, Түрікменстанда, Қырғызстанда бөлімшелері бар, ірі Орталық Азия тағамтану институты болып құрылуы ең әуелі Бахия Атшабарұлының арқасында жүзеге асты.
Бахия Атшабарұлының ғылыми көрегендігін ол көтерген мәселелердің арада көптеген жылдар өткенімен бүгінгі күнде өзектілігін жоғалтпауы дәлелдейді. Атап айтсақ, йод тапшылығы жағдайын аудандарға бөліп қарастыру, туберкулездің эпидемиологиясы, кәсіптік патологияның көптеген бағыттары.
Майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі майталмандығы үшін жиырма шақты марапаттарға ие болды, оның ішінде төсінде қос «Қызыл Жұлдыз», Екінші дәрежелі «Отан соғысы», Еңбек Қызыл Ту және «Октябрь Революциясы» ордендері жарқырады.
Бахия Атшабарұлы туралы сөз қозғағанда оның қайсар ғалым екендігін айту қажет. Кезінде көп таралған аурулардың әлеуметтік себеп-негізінің ресми болжамына келгенде Кеңес үкіметі жалтарып бақты, туберкулездің өзінің тамырын ашу билік алдында кикілжің туғызып, зерттеушіге секем алғызатын. Бірақ бұл Атшабаровқа тән емес, ол ащы шындықты жайып салып, айтатынын бел-беделден тіксінбестен айтты.
Ғылымға сіңірген еңбегі зор болды. Оның қарапайым мысалдары: жарық көрген екі жүзден астам мақалалары, он шақты монографиясы, дайындаған елуден астам ғылым кандидаттары мен докторлары.
Кезінде көп уақытқа дейін жабулы перде астында келген, қатаң құпиялы түрде сақталған жайт туралы арнайы айтқым келеді. Себебі оның бұл қызметі ерлікпен тең: 1957-60 жылдары Бахия Атшабарұлының жеке басшылық етуімен Семей өңірінде ядролық қару-жарақ сынағының халық денсаулығына тигізетін әсерін анықтауға арналған кең ауқымды экспедициялық зерттеулер ұйымдастырылған еді. Зерттеулер қорытындысының 13 томдық талдауы мен деректері әлі күнге дейін аса құнды, бүкіл әлем үшін маңызы ерекше. Алғаш осы өңірде табылған, Атшабаров «Қайнар синдромы» деп айдар таққан дерт әлемдік медициналық әдебиетке аурудың жаңа түрі ретінде енді.
Ол терең бойлап, ой сарасына ұзақ салып барып қабылдайтын шешімдерінің орындалуына мұқият қарайтын. Семей полигонының салдарын зерттеу қорытындыларын одақтық комиссия талқылаған кезде орын алған көрініс Атшабаровтың сипатын толық ашады. Басқа әріптестері Одақтық басшылықтың тегеурініне шыдамай, бостық танытқанмен, Атшабаров өз райынан қайтпады.
Осы зерттеулер нәтижесінде алынған ақпараттар әскери-өндірістік кешен басшыларының айылын жиып, әуелі ядролық қару-жарақтың жер беті мен биіктікте өткізілетін сынақтарын тоқтатуға әкелген-ді. Кейінірек осы зерттеулер жаңа деректер қорымен толыққан күйінде ядролық қару-жараққа қарсы қозғалысқа бағдар беріп, негізін салды. Бұл соңынан Қазақстан Президентінің Семей полигонын жабуына апарған жол еді.
«Невада-Семей» қозғалысының белсенділері мен ұйымдастырушыларының ат-атағы алысқа жайылды, ал осы жалпы халықтық іс-шараның нәтижесіне келгенде, үлкен ғалымның есімі қалтарыста қалды. Есесіне, қай маманнан сұрасақ та, Бахия Атшабарұлы жайлы ойы бір жерден шығады: ол –ғылыми дарындылықтың барлық көрсеткіштері мен өлшемдері бойынша, парасат пен азаматтық тұрғыдан медициналық ғылымның ғана емес, бүкіл қоғамның белді тұлғасы болды.
Өзінің осы биік деңгейін ол әрдайым дәлелдеумен келді. Мысалға, бас сүйек ішілік қысым туралы соңғы тұжырымдамасы Сәтбаев атындағы сыйлықпен марапатталды.
Достоевскийдің: «Біздің орыс адамы кең келеді, мен болсам тарылтар едім», деген сөзінің бізге де қатысы бар. Жаһандық мәселелер жайын жыр етіп, ұлттық идея соңына шырақ алып түсіп, әлемдік түйсіктермен ой толғап жүріп, ғылыми қызметкердің қарапайым міндетін ұмыт қалдырамыз, күнделікті өмірдегі заттарға назар салуды доғарып қоямыз. Атшабаров болса, негіздік медициналық мәселелерге арналған монографиялар мен мақалалар жазумен айналыса жүріп, биомедициналық зерттеулерге арналған күрделі аспаптар мен құралдарды жетілдіріп, құрастыруды ғана емес, қарапайым тұрмысқа қажеттілерін ойластыруды да естен шығармайтын.
Жанұясы жайлы бірер сөз айтсақ, Бахия Атшабарұлы мен Күлкен Мәнізқызының шаңырағының шапағаты – бір-біріне деген ерекше жылы сезім мен шексіз мейірім-қамқорлық ізсіз қалмады. Бұл отбасы қиындықтар мен табыстар арқылы шыңдала түсті.
Бахия Атшабарұлы – бақытты әке және ата болды. Үлкен ұлы Айдар әке жолына бірінші болып түсіп, тамаша практикке айналды. Қызы Мәриәм – медициналық университеттің адам физиологиясы кафедрасының доценті, Бақыт оба ауруына қарсы шаралармен айналысатын ірі институттың директорлығына дейін көтерілді (Қазақ ғылыми карантиндік және зооноздық инфекциялар орталығы).
Осы тамаша адамның алдында борыштар емес жан жоқ шығар. Биік адамгершілігіне ақкөңілділігі мен сенімпаздығы астасқан, сыршыл дос, мейірбан аға, құрметті ұстаз ретіндегі жарқын бейнесі әрқайсымыз үшін қымбат.
Мен үшін Бахия Атшабарұлы өмірдегі басты ұлағатты ұстазым болды, оның қоғамдық айқын көзқарасы мен батыл ғылыми қызметі менің жалпы ғылыми-кәсіптік тағдырыма, өмірлік ұстанымдарымның қалыптасуына ықпал етті. Ол туралы әрдайым үлкен құрметпен, терең тебіреніспен және шынайы алғыс сезімімен еске аламын.
Адал да абыройлы ғалым, рухы биік, адами қасиеті мол, ерен тұлғаның есімі халқымыздың есінде сақтала беретініне сенімім зор.
Төрегелді ШАРМАНОВ,
академик
АЛМАТЫ