Есейе келе қорымда кімдер жатқанын білгіміз келді. Сұрағымызға жауап беретіндердің барлығы дерлік қорымның тарихы Пошатай, Ыбырайымхан және Молберген деген қариялар арқылы бүгінге жеткенін айтатын.
Тау бөктеріндегі Қасқасу ауылының тамаша табиғаты Швейцарияңыздан кем түспейді. Сайрам шыңы ауылдың төбесінен төніп тұрса, баурайында қос өзен – Қасқасу мен Сайрамсу қыздың қос бұрымындай күндiз-түнi сарқырап ағып, салқын самал желпiп отырады. Осы Сайрамсу өзенінің жағалауында орын тепкен Мың шейіт қорымы әудем жерді алып жатыр. Қорымның қасына бау-бақша егіліп, мешіт, зияратхана салынған. Аға буынның айтуынша, қорымның алғашқы шырақшысы, ұлты орыс Татьяна Павловна болған екен. Қазақтың келіні Татьяна мұсылмандықты қабылдап, есімін Дариха деп өзгертіпті. Осыдан 7 жыл бұрын 81 жасында дүниеден өткен ол кісіні ауылдағылар арулап, қорымның жиегіне жерлеген.
Иә, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Төлеби ауданындағы Қасқасу ауылының маңындағы «Мың шейіт» атты әулиелі мекен жайлы аңыз көп. Соның бірінде Оңтүстік жеріне дін исламды таратуға келген араб сарбаздары жерленгені айтылады. Жоғарыда біз атап өткен қариялардан бүгінге жеткен әңгімелерге жүгінсек, Хазіреті Осман Зунираиннің ұлы Шахи Жалил Түркістан аймағына ислам дінін таратуға келген екен. Ол кезде бұл аймақта ислам діні таралмаған. Шахи Жалил осы аймақтың жергілікті халқымен соғысып, басым бөлігін ислам дініне кіргізеді. Аймақта хандық құрған Ухшит жеңіліп, дінді қабылдайды.
Бірақ ол шын көңілімен, адал ниетімен кірмеген екен. Хан Ухшит Шахи Жалилді сендіру үшін қызын әйелдікке береді. Сөйтіп қызы арқылы Шахи Жалилді қолға түсірудің жолын іздейді. Яғни мұсылмандардың намаз уақытында ғана қылыш ұстамайтынын біліп алады да астыртын әрекетке кіріседі. Шахи Жалил де бір жамандықты сезсе керек. Ертеңіне мұсылмандар намазға тұра бастағанда Шахи Жалил имамға намазға қысқа сүре оқу қажеттігін айтады. Имам сүренің ең кішісін оқимын дегенімен, аузына ұзақ аяттардың бірі түседі. Имам оны оқып бітіргенше Ухшиттің адамдары намазда тұрған көп мұсылмандарды шауып өлтіреді. Алдыңғы саптағылар қалғанда намаз бітеді. Тірі қалғандары сыртқа шығып үлгеріп, қасық қаны қалғанша соғысыпты. Бірі сол жерде қаза болса, тағы бірі сол жерге таяу Керегетас деген жерде көз жұмады. Тағы бір топ мұсылман Абдул абад, Қарамұрт елді мекеніне таяу жерде ажал құшады. Намаз үстінде қаза болғандар жерленген жерге «Мың шейіт» деген атау берілген.
Шейіт болғандарды жерлеген мазарат пен мешіттің арасын өзен суы бөліп тұр. Кеңесарық ауылы тұрғындарының айтуына қарағанда, Пошатай ақсақал 1960 жылдары бүкіл елге сауын айтып, қаражат жинап «Мың шейіт» қорымын қоршатқан. Сондай-ақ ауыл ақсақалдары коммунистік партияның қылышынан қаны тамып тұрған кезде Ұзынарық ауылының тұрғыны Молберген Жамалбеков мешіттің негізін қалағанын айтады. Айналасын қоршап, бау-бақша отырғызған ол аяқасты болып тозып кеткен жерді қалпына келтіреді және бұл жұмыстарды тек түнде жұрт көзінен тасаланып келіп істеген екен. 1996 жылы басына өз қаражатымен мешіт тұрғызған. Кей деректерде «Мың шейіт» деп аталғанымен бұл жерде 6 мың адам шейіт болғаны айтылады. Олардың барлығы қылыш, найзасы мен сауыт, сайманымен қойылған.
«Мың шейіт» қорымы туралы екінші бір жорамалда VI-ғасырда Сайрамсудың төменгі ағысында Исфиджаб деген үлкен сауда қаласы пайда болғаны, кейін ол Сайрам деп аталғаны айтылады. Тарихшы Өмір Шыныбекұлының «Қара шаңырақ – Қарасора, құтты мекен – Сайрамсу» кітабында келтірілген деректерге қарағанда, Исфиджаб өзі аттас облыстың орталығына айналған. Сол өңір түгелімен құрамына енген. Орталық Азияны арабтар басып алғаннан кейін олардың Самарқандтағы басқарушысы Нұқ ибн Асад өзінің інісі Ташкентті иеленуші Яхья ибн Асадпен бірге 840 жылы Исфиджабты басқарып отырған түріктерге қарсы үлкен жорық ұйымдастырған.
Сөйтіп қаланы үлкен қантөгіспен, зор қиыншылықпен басып алған. Алайда өз елінің астанасын азат етуден үмітін үзбеген жергілікті тұрғындар жан-жақтан оған шабуыл жасап отырған. Осындай қиян кескі ұрыстардың бірінде арабтар қапылыста қоршауға алынып, сол жерде талқандалады. Апатқа ұшыраған арабтар сол жердің өзінде қалай болса солай көміле салған. Тарихшы өз еңбегінде бұл мола арада жүздеген жылдар өтіп, осы өңірдің халқы түгелдей ислам дініне мойынсұнғаннан кейін, «Мың шейіт» аталуы мүмкін екенін айтыпты.
«Мың шейіт» қорымында ислам дінін уағыздап, мұсылмандықтың негізін қалағандар жатыр деуге де болар. Уақыт дейтін сыншының дәлелінше, олар халқының ары мен ожданы, жігері мен намысы үшін шейіт болғандар. Олардың ары мен иманын тұмар етіп түйе білгенін, қалмақтардың теріс пиғылдарын намаз оқумен қайтарамыз деп, әрісінде намаз оқуды имандарын үйіруге балағанын айтушылар да аз емес. Дегенмен бүгінгі ұрпақ қорым туралы көбірек білгісі келеді. Құймақұлақ дана қариялардан қалған дала шежіресінің тереңірек зерттеліп, кең насихатталғанын қалайды. Елбасы Н.Назарбаев тарихи құжатқа айналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі екенін атап өтті.
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», делінген Елбасы мақаласында. Осы орайда кешегі Пошатай, Ыбырайымхан сынды қариялардың туған жер тарихына қатысты өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырған құнды деректердің көмескіленбей, ғылыми-зерттеулер арқылы жаңғыруын қалайтын жастардың көптігі қуантады.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы