Қазақстан • 14 Маусым, 2018

Қостанайда SMART-орталық салынады

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов  аудан, қала әкімдерімен болған селекторлық мәжілісте айтты. 

Қостанайда SMART-орталық салынады

Облыста жыл басынан бері 21 IT-технология кабинеттері ашылды. Жыл аяғына дейін олардың санын 42-ге жеткізу жоспарланып отыр. Облыс басшысы алдағы екі жылда тағы да  жыл сайын 20 кабинеттен ашу керектігін айтты.

«Аудан, қала әкімдері цифрландыру жұмыстарына, ІТ, робот техникалары  сыныптарын ашуға  барынша көңіл қоюы керек. Мүмкіндігінше қаржыны осы  іске бағыттаған дұрыс. Мұндай маңызды істе уақыт талабынан қалып қоймау үшін де қолға  алған шараны тезірек жүзеге асырамыз» деді Архимед Бегежанұлы.

Цифрландыру, оған жас ұрпақты бағыттау және маман дайындау ісін қазірден бастау тек кабинеттер ашумен шектеліп қалмайды.  Өңір басшысы Қостанай қаласында  мектеп оқушыларына, жастарға арналған SMART-орталық салынатыны туралы мәлімдеді. Оның орны 1000 шаршы метрдей болады, оған ІТ технология құралдарының 30 түрі сыйып кетеді. Осы жаңа құрылысты жобалауға қазірдің өзін де  қаржы салынды.

Архимед Бегежанұлының айтуынша, 2020 жылы  Қостанайда цифрландыру тақырыбына шекаралық облыстар форумын өткізу жоспарланған. Сол алқалы басқосу  бүгін жобаланып жатқан SMART-орталықта өтетін болады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай