Мониторинг әдіснамасы «Оқытушы студенттердің көзімен», «Оқытушы әріптестердің көзімен», «Студенттердің қанағаттануын бағалау», «Университет түлектердің көзімен», «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі» сияқты жаппай және іріктелген сұрақ-жауаптарға негізделген сауалдамалар сериясын қамтиды. Олар ЖОО-лардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жай-күйін және тиімділігін бағалаудың бірыңғай жүйесін құрайды.
Оған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Сыбайлас жемқорлықтан тыс университет» атты жобасының аясында жеті жыл бойы қалыптасқан практикалық әзірлемелері негіз болып отыр. Аталған жобаны жүзеге асыру университеттің барлық саласында жемқорлыққа қарсы технологиялар кешенін енгізуді және олардың тиімділігін үнемі бағалауды қамтамасыз етпек.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мониторингі жүйесі студенттер мен оқытушылар тұрғысынан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін анықтауға мүмкіндік береді. Ол оқытушылардың корпоративтік мәдениет нормалары мен кәсіби құндылықтарды ұстануы, білім беру және оқу-тәрбие үдерісінің ашықтығы, оқу жетістіктерін бағалаудың объективтілігі мен академиялық шынайылық, көрсетілетін қызмет сапасы деңгейімен қанағаттану дәрежесі және ЖОО ортасында жосықсыз практикалардың таралуы сияқты маңызды параметрлер бойынша бағалауды қамтиды.
Ауқымды зерттеулердің қорытындысы бойынша факультеттер мен кафедралардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингі жасалып, оның нәтижелері ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің отырысында кеңінен талқыланды. «SANALY URPAQ» жобалау офисінің басшысы Қайыржан Тоқушев атап өткендей, мұндай әлеуметтік зерттеулер барлық жоғары оқу орындарында жүргізілуі тиіс. өйткені бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес бойынша нақты шараларды уақтылы қалыптастыруға көмектеседі. Жобалау офисі мониторинг жүйесі мен оны өткізу тәжірибесін Алматыдағы барлық ЖОО-ларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды зерттеу және пайдалану үшін ұсынатын болады.
«SANALY URPAQ» жобалық офисі үстіміздегі жылдың көктемінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті негізінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен ашылған. Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін енгізу туралы үшжақты келісімге қол қойған болатын.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ