Бағдарламалар • 14 Маусым, 2018

Жер мәселесінде шешілмеген түйін көп

527 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында облыстық жер қатынастары басқармасының үйлестіруімен және Ауыл шаруа­шылығы министрлігі маманда­рының қатысуымен «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықты­руларды түсіндіру туралы» тақыры­бында кеңес өткізілді.

Жер мәселесінде шешілмеген түйін көп

Кеңестегі Ауыл шаруашы­лығы минис­трлігі Жер ресурс­тарын басқару комитеті төраға­сының орынбасары Гүлжахан Бимендина «Жер заңнамасын жетілдіру үшін 2018 жылы 4 мамырда қабылданған «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне жер қатынас­тарын реттеу мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы», Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің жер қатынастарын және жерге орналастыруды дамыту басқар­масының басшысы Жанар Қаржанова «Жер комиссиясының жұмысы тура­лы», Қызылорда облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев «Жер заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ақпараттық насихаттау жұмыс­та­рының барысы туралы» деген тақырыптарда баяндамалар жасады.

Кейінгі кездері жер шетел­діктерге жалға беріледі екен деген сөз ел ішін ұры иттей сумаңдап кезіп жүр. Ата-бабадан аманатқа қалған, ел қорғаған батырлардың қанымен суарылған қайран жер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді екен деп ойбайға аттан қосып, ел ішін алатайдай бүлдіріп жүргендер көп.

Жер комиссиясының жұмы­сында жақсы жаңалықтар жетер­лік. Баяндамашылар жерді шетел­дік кәсіпкерлерге беруге заңмен тыйым салынғандығын айтты. Шекті мөлшерден асатын жерді бір қолға беру де тоқтатылады. Әйтпесе шенін, шекпенін пайдаланып, өзін қалада тұрса да ауылдың бар жерін өзіне қаратып алғандар көп. Кейбір кәсіпкерлер мал жайылымдарын да толайыммен сатып алған. Алдына салған бес-алты малын бағарға жайылым таппаған ауылдағы ағайынның жанайқайын журналистер қауымы ауық-ауық көтеріп жүр. Нарынқол сияқты Қытай мемлекетімен шектесіп жат­қан ауданда орман, тоғай ту­ристік фирмаларға беріліп кетіп, шекара жақ белдеу ашық қал­ғаны БАҚ-тарда дабыл ретінде көтерілген еді.

Жаңа заңнамалық актілерде енді осындай олқылықтарға жол жоқ. Бірақ баяндамаларды жасағанда құр аттай желген мәртебелі меймандар жер мәсе­лесіне байланысты проблемалар­мен күнделікті бетбе-бет келіп жүрген мамандар сұрақ қойған кезде «арық атқа қамшы ауыр­дың» кебін киіп, мүдіріп қала берді.

Мәселен, белгілі бір азаматтан мемлекет мұқтаждығы үшін жері мүлкімен алынады. Ол азамат жекеге алған жерін мемлекетке өткізуге бейіл, бірақ соның көлеміндей жерге айырбастағысы келеді. Жер сатуға, беруге мораторий жарияланғандықтан, әкімдік оған қалаған жерін әпере алмайды. Жалға алуға жерін өткі­зіп отырған азамат басқасына ықы­ласты емес.

Баяндамалар тарапынан үй-іргелік бау-бақша үшін енді 1 гектар жер ғана бөлінетіндігі айтылды. Шиелі аудандық жер қа­тынастары бөлімінің басшысы Нұрлан Меңлібаев тап осы мезетте бір азамат­қа 7 гектар жерге бау-бақша жасауға қоры­тынды шыққанын айтады. Қаулы бір күнде шыққандықтан, 1 гектарға шегеруді заң талабы көтермейді. Қайтпек керек?! Ал Қы­зылорда облысында жайылымдық жер же­тісе бермейді. Сондықтан Қарағанды облы­сынан 590 гектар жайылымды жалға алған.

Мемлекеттік акт Қарағанды облысының иелігінде болған­дықтан, олар жалға беру, салық төлету мәселесінде өз билігін жүр­гіз­гісі келеді. Қызылорда об­лыстық жер қаты­­настары бас­қар­масының мамандары бұл шешіммен келіскісі келмейді. Кім­дікі дұрыс?

Жиында осындай пікірта­ластар көбейді. Шынын айту керек, министрліктен келген ма­мандар баяндаманы жа­тық оқығанымен, қойылған сұрақ­тарға жарытымды жауап бере алмады. Бірді айтып бірге кетті. Мұндай мәселелердің әлі де күн тәртібінен түспей отыр­ғанын айтып жақауратты. Орысша-қазақша араластырып берілген жауаптарды тыңдап отырып, көкейімізде осы түсіндірмелік кеңестің өзіне түсіндірмелік көмек керек-ау деген ой қылаң берді.

Жалпы, Қызылорда – еліміз­дегі ең қазақы аймақ. Жиынға қатысқан адамдар тарапынан өзге ұлттың бірде-бір өкілін көрмедік. Ал «Атамекен» ҰҚП құрылыс депар­таменті директорының орын­басары Нәзира Үсенова ханым өзін Ресей азаматы сезіне ме, қайдам, мемлекеттік тілде аузына бір сөз алған жоқ.

Біздің бір қуақылау досымыз бар еді. Кәсіпкер. Созақ ауданында құрылыс жұмыстарын жүргізген. Есеп-қисап, ақша беру мәселесі туындағанда бухгалтер әйеліне: «Тек, орысша сөйле. Әйтпесе, ауыл әйелдері ананы-мынаны сұрап жағадан алады», депті. Рөлге енген әйелі қазақша білмейтін рай танытқан. Орысша сөйлеген. Сөйтсе, іштегі зарын шығара алмай күйінген әйелдің бірі: «Сұрағым көп-ақ. Бірақ жеткізе алмай қор болдым ғой», деп өкініпті. Үсенова ханымның алдына барған ауыл азамат­тары да осы күйді басынан өткерген шығар. Өз тіліңді менсінбегенде жат жарыл­қамайтынын ұғардай болдық қой.

Мәселені бұлайша қабыр­ғадан қойғаны­мызға келсек, түсіндірмелік кеңес Қызылор­даның барлық дерлік аудан, ауылдарында жұмыс істейді. Жер – халықтың тағдыры, күнкөрісі. Білгісі, түсінгісі келетін мәселелер көп. Айтарын айта алмай, тілін шайнап кетпесін дегендік қой біздікі. Ал Қызылордада бас­талған түсіндірмелік кеңес рес­публикадағы алғашқы жиын екен. Содан соң барлық аймақтарда жалғасады. Сондықтан жер мәсе­лесінде көңілде түйткіл қалдыр­май­тындай нақты жауаптар керек-ақ.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы