Өткенге аздаған шегініс жасайық. Бразилия – әлем чемпионатында бес мәрте (1958, 1962, 1970, 1994, 2002) жеңіске жеткен әзірге жалғыз команда. Осы жетістігінің арқасында бұл құрама «пентекампеондер» деп аталып кеткен. 1970 жылы әлем біріншілігінде үшінші мәрте жеңіске жеткеннен кейін чемпиондық кубокты өздерінде сақтап қалу құқығына ие болған. Бразилияның жетістіктерінің тағы бірі – осыған дейінгі дүбірлі додалардың бәріне қатысып келе жатқан жалғыз құрама.
Бүгінгі Бразилия. Бразилия әлем біріншілігінің іріктеу кезеңін өте сәтті әрі сенімді өткізді. Соңғы төрт тур қалғанда дүбірлі додаға жолдама алған алғашқы команда атанды. Әрине бұл тұста Ресей ұжымы турнирді ұйымдастырушы ел ретінде бәрінен бұрын тікелей жолдама алғанын айта кеткен жөн. Неймар бастаған «пентекампеондер» іріктеу кезеңінің 18 ойынында 12 мәрте жеңіске жетіп, бесеуінде тең түскен. Тек бір ойында ғана қарсыласына есе жіберіп, 41 ұпаймен тобында көшбасшы болды. Ал 2-орынға табан тіреген Ургувай құрамасы он ұпайға артта қалды.
Бразилия халқы үшін футбол өмірмен тең. Құрамасы дүбірлі жарыстан олжасыз келсе бейресми түрде қаралы күн жариялайтын ел. Өткен 2014 жылы додада Германиядан 1:7 есебімен ойсырай жеңілгендегі стадиондағы жанкүйер қауымның көз жасы әлі күнге есімізде.
Ал бұл жолғы Бразилия төрт жыл бұрынғы мундиальға қатысқан құрамадан өзгерек. Бұл ұжымның нәтижесі бұрынғыдай Неймардың ғана ойынына байланысты емес. Неймар жарақат алып қалған жағдайда ұжымды алға сүйрейтін Коутиньо, Жезус, Виллиан, Фирмино секілді небір жалаңтөс жігіттер бар. Негізгі құрамда ойнайтын ойыншыларға қарайтын болсақ, әрқайсысы Еуропаның алпауыт клубтарында өнер көрсетеді.
2014 жылғы құраммен аздап салыстырып көрейік. Ол кездері шабуыл шебінде өнер көрсеткен Фред Бразилияның «Флуминенсе», Халк Ресейдің «Зенит» командаларында ойнаса, қазіргі жігіттердің деңгейі мүлде бөлек, кәрі құрлықта үстемдік орнатып отырған «Барселона», «Пари Сен Жермен», «Манчестер Сити», «Ливерпуль» секілді клубтардың көшбасшылары.
Ал бас бапкері Аденор Леонардо Бакши (дүйім жұртқа Тите деген атпен танымал) келгелі құраманың ойыны өзгеріп, жаңа бір деңгейге көтерілді. Бұрынғы Луис Фелиппе Сколари тұсындағы команданың сенімсіз әрі сүреңсіз ойынынан жұрнақ та қалмады деуге болар. Тите тоғыз ойын қатарынан жеңіске жетіп, ұлттық құрама бапкерлерінің арасындағы рекордты жаңартты. Қазір Бразилия құрамасы үшін жаңа бір кезең басталды.
Осындай нәтижелі ойындарының арқасында Бразилия турнирдің басты фаворитіне айналды. Мәселен, Ұлыбританияның Opta статистикалық компаниясы Бразилияның жеңісін 14,2 пайызға теңестіріп отыр. Ал төрт жыл бұрын айқын басымдық көрсеткен немістердің өзіне 11,4 пайыз ғана берді. Үздік үштікті Месси бастаған Аргентина 10,9 пайызбен түйіндеп тұр. Осыған қарап-ақ Тите шәкірттерінің қаншалықты алысқа шапқалы тұрғанын байқауға болады.
«Өз басым Бразилияны ӘЧ-2018-дің басты фавориті ретінде есептеймін. Бұл командада талантты ойыншылар жетерлік. 2014 жылғы масқарадан кейін еселерін қайтаруға тырысады деп ойлаймын», деді 2006 жылы чемпион атанған итальяндық Андреа Пирло.
Аздаған статистикалық мәлімет келтірейік: құрамада ойнайтын футболшылардың орташа жасы – 28,1 жас. Ең жас ойыншысы – Жезус. Ал ең егде ойыншылары – Жуан Миранда, Тиаго Силва және Фернандиньо. Бәрі 33 жаста.
Бразилия «Е» тобындағы алғашқы ойынын 17 маусым күні Швейцарияға қарсы өткізеді. Ал 22 маусымда Коста Рикамен күш сынасады. Соңғы болып 27 маусымда Сербиямен ойнайды.
Бразилия құрамасының тізімі:
• қақпашылар: Алиссон («Рома», Италия), Эдерсон Мораес («Манчестер Сити», Англия), Кассио («Коринтианс», Бразилия);
• қорғаушылар: Данило («Манчестер Сити», Англия), Фагнер Консерва («Коринтианс», Бразилия), Марсело («Реал», Испания), Филипе Луис («Атлетико», Испания), Тиаго Силва, Маркиньос (екеуі де – «Пари Сен-Жермен», Франция), Миранда («Интер», Италия), Педро Жеромел («Гремио», Бразилия);
• жартылай қорғаушылар: Каземиро («Реал», Испания), Фернандиньо («Манчестер Сити», Англия), Паулиньо, Филиппе Коутиньо (екеуі де «Барселона», Испания), Фред («Манчестер Юнайтед», Украина), Ренато Аугусто («Бэйцзин Гоань», Қытай), Виллиан («Челси», Англия), Дуглас Коста («Ювентус», Италия);
• шабуылшылар: Неймар («Пари Сен-Жермен», Франция), Тайсон («Шахтер», Украина), Габриэл Жезус («Манчестер Сити», Англия), Роберто Фирмино («Ливерпуль», Англия).
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»