Руханият • 14 Маусым, 2018

Қарлығашым, келдің бе?! (әңгіме)

1542 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оразаның ішінде көптен ат ізін салмаған ауылға барып қайтудың сәті түсті. Ел шетіне ене бергенімізде үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін жаңалықтың үлкені алдымыздан шықпасы бар ма. 

Қарлығашым, келдің бе?! (әңгіме)

Ауылдағы ет жақын туыстан қалған, айлап-жылдап бір барғанда атбасын тірейтін жалғыз ағайын – немере ағамыз аудан орталығына қоныс аударғалы қамданып жатыр екен. Үй-орманын сатып та үлгеріпті. Саудасының сәті діттеген же­рінен шықпаған болуы керек, қабағы қату. Енді қайтсін, «Мал ашуы-жан ашуы» деген емес пе. 

– Алушылар ертең бұзып алып кетеді, Қарағаштың сау қарағайынан қиып тұрып салып едім, амал қанша, – деп күрсінді немере ағам,– қора-қопсыны да қоса алатын болды. Отын қылмаса, құрылысқа жарамайды ғой. Тек шеткі қой қораны қалдырдым.

Ағамның бұл шешіміне әуелі таңғалғаным да рас. Бар мүлкін сатқанда, жалғыз қораны көшкен үйдің жұртында қалқайтып қойып не істемек? Менің тосырқағанымды сезді ме, жұмбақтың шешуін өзі айтты. 

Жазда үнемі есігі ашық тұратын қой қора­сының жуан теректен салынған арқалығына қарлы­ғаш ұя салыпты. Қызықтап барып көрдік. Бала кезімізде көп көрген, қыл мен қыбырды араластыра, саз балшықтан берік етіп салған қарлы­ғаштың ұясы көзімізге жылы ұшырады. Екі қарлығаш шиқ-шиқ етіп ұшып жүр. Біресе қора­ға кіреді, біресе ұясының жиегіне қонақтап отырады. Сүп-сүйкімді. Тынымсыз шырылдайды. Шамасы ұядағы жұмыртқаларын адамдардан қорыған түрлері. 

– Қарлығаш жоғалып кеткелі не заман. Көптен бері көріп тұрғаным осы, – дейді немере ағам, – бұл қораны қоса сатсам, ұясын бұзып тастайды ғой. Сосын сатпадым. 

Табиғаттың тынысын аңғара жүретіндердің айтуына қарағанда, ертеректе кез келген ауыл-аймақта шыбын-шіркей аулап, қаптап жүретін қарлығаштардың жоғалып кетуінің өзі бір жұмбақ. Білемін дейтіндердің айтуына қарағанда, адал құстың ауып кетуіне егістік алқаптарды өңдейтін химиялық тыңайтқыштардың жойдасыз көп себілуінен болса керек-ті. Енді біреулердің айтуына қарағанда, ауыл адамдары бұрын жаз бойы ашық-тесік жататын қора-қопсысының есігін қарлығаш түгіл жел өтпейтіндей етіп қым­тап алуынан. Өйткені соңғы кезде ұры-қары кө­бейіп кеткен. Оның үстіне пейіл де дәл баяғы­дай емес. 

Ауылдан аттанып бара жатып немере ағам­ның ниетіне разы болдым. Жұдырықтай бір құстың, оның болашақ ұрпағы – балапандары үшін қорасын сатпай, иен тастап барады. Ауылдағы адамның пейілі тарылды дегендердің уәжі бекер екен. Тарылса осылай жасар ма еді.  

Байқал БАЙӘДІЛОВ,

журналист