Отырыс Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ел азаматтарының, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің конституциялық құқықтарын қамтамасыз етудегі рөліне арналды.
Жиынның негізгі баяндамасын Алик Шпекбаев жасады. Ол қылмыстық заңнамаға енгізілген, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған бірқатар жаңашылдықтармен бөлісті. Агенттік басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын ізгілендіру, репрессивтілігін төмендету мақсатында бірқатар кешенді шаралар атқарылуда. Мәселен, қылмыстық процестің репрессивтілігін төмендету мақсатында егде жастағы күдікті азаматтарды, мүгедектерді, жас балаларды асырап жүрген әйелдерді, сондай-ақ Қазақстан азаматтығы бар, тұрғылықты жері айқын азаматтарды ұстау барынша төмендетілген. Бас бостандығын шектеумен байланысты емес бұлтартпау шараларын белсенді қолдану жиілеген.
Биыл Қылмыстық істер кодексінің 128-бабы негізінде ұсталғандар саны 186-дан 93-ке дейін, тұтқындалғандар саны 135-тен 62-ге дейін екі есеге қысқарыпты. Осы орайда агенттік тарапынан азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында қылмыстық істер жүргізетін органдарға кінәсіздік презумпциясы қағидаттары сақталуына кепілдік беру ұсынылып отыр. Ал биылдан бастап қылмыстық заңнамаға азаматтардың құқықтарын қорғау күшейтуге бағытталған бірқатар өзгерістер енгізілген. Мысалы, тұлғаларды соттан тыс ұстау мерзімі 48 сағатқа қысқартылып, бизнесті қорғау аспектісінде экономикалық қылмыстар бойынша тұлғаларды қамауға алуға тыйым салынды. Бұл шаралардың барлығы құқық қорғау әлеуетін арттырып, халықтың тергеу орындарына сенімін қалыптастыруға бағытталып отыр.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша, осыдан үш жыл бұрын ірі көлемде пара берген 69 адам ұсталса, былтыр аталған көрсеткіш 165 адамға жеткен. «Мәселен, ауыр және аса ауыр қылмыс үшін 79 адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. 15 қылмыскер 8 жылдан астам уақытқа қамалса, 3 адам 10 жылға дейінгі мерзімге түрмеге отырды. Ал 5 адам 10-15 жылға бас бостандығынан айырылды. Тіпті 20 жылға сотталғандар бар. Осы орайда барлық азаматтарды пара бермеуге шақырамыз. Өйткені пара беру пара алғанмен бірдей қылмыс екенін еске салғым келеді», деді ол. Ол үшін заңда 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осы орайда комиссия мүшесі, Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова жаңадан жұмысқа орналасқан мемлекеттік қызметкерлерді жемқорлықтан қорғау қажеттілігін жеткізді. Сонымен қатар қазіргі күні агенттік отбасы мен мансап арасындағы тепе-теңдікті сақтауға байланысты бірқатар шараларды қолға алуда. Икемді жұмыс кестесін апробациядан өткізудің алғашқы қатысушылары кішкентай балалары бар әйел қызметкерлер болмақ. Бұл бастаманы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия қуана қолдап отыр. Себебі елдегі мемлекеттік қызметшілердің тең жартысы, атап айтсақ, 55 пайызы әйелдер көрінеді. Олардың үштен бірі мемлекеттік аппараттың басқарушы тетіктерінде қызмет атқарады.
Отырыста бұдан өзге мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік-құқықтық қорғалуын күшейтудің қолданыстағы еңбек заңнамасын жетілдірудің өзекті мәселелері де қаралды. Комиссия отырысында тұжырымдалған ұсынымдар Мемлекет басшысының, Парламент пен Үкімет назарына жеткізілмек.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»