15 Маусым, 2018

«Minecraft»: еңбекке жетелей ме, еліктіре ме?

2537 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде балаларды еліктіріп, баурап алатын қызықтардың саны жеткілікті. Барлығы жеткіншектің ой-өрісінің дамуына, физикалық тұрғыда шыңдалуына, жан-жақты болып өсуіне ықпал ете ме, жоқ әлде зиянды тұстары молырақ па?

«Minecraft»: еңбекке жетелей ме, еліктіре ме?

Жуырда WhatsApp желісінде ақпарат тарады. Онда балалардың есі кете, беріле ойнайтын «Minecraft» ойынынан түннің бір уағында «Төсегіңнен тұр, терезеңнің алдына шық, үш рет алақаныңды соғып, сосын терезеден секір» деген сипатта балаға бұйрық келгені айтылады. Ал ұйқылы- ояу бала сүйікті ойынынан жіберілген бұйрықты бұлжытпай орындайды. Әрине бұл ақпараттың шын-өтірігі құзырлы органдар тарапынан тексеріле жатар. Бірақ бақылаусыз ойнаған баланың жадын жаулап алған ойын оның түсіне кіруі де мүмкін ғой. Сондықтан ата-аналардың бауыр еті баласының гаджеттен қандай ойын ойнайтынын қадағалағаны аса қажет. Сондай-ақ оқыс оқиғалардан сақтану үшін түн баласы баланың смартфонды басына жастанып ұйықтауына жол бермей, сөндіріп қойғаны абзал. Жазғы демалыс уақытында балалардың немен айналысып жүргенін үнемі назарда ұстау керектігі жөніндегі ата-ананың алаңдаушылығы байқалған хабарлама елді едәуір елеңдетті. 

Осыдан кейін әркімнің де баласы мен немересіне осынау ойынды білесің бе деп сұрақ қойары анық. Біз де 7 жасар неме­ремізден сұрадық. «Иә, бұл өте қызық ойын. Мен де ойнаймын, онда құрылыспен айналысып үйлер тұрғызасың, алтын алу үшін шахта қазасың, ауылға барып сәбіз егіп, ағаш жонып, түрлі жұмыс істейсің, судан секіресің», дейді немереміз. «Бұл ойында «секір» деп айтады екен ғой, ондай жаман ойынды ойнама, құрысын» дедік. «Иә, дұрыс емес нәрсені жасауға болмайтынын білемін, секірмеймін. Ол бала шахтаға секіріп түскен шығар, мен ешқашан секірмеймін», деп жауап берді. Бұдан кейін бойыңызды үрей билейтіні анық. Қорқынышты.

Рас, бүгінде гаджетке тәуелділік, ондағы ойын әлеміне сүңгу бел алып кетті. Желілерге кіріп тегін ойнай бер. Бірақ әр қолданушы кірген сайын ойынды ойлап тапқан жан­дардың қалталары қалыңдай түсуде. Сон­дықтан да жаңартылған нұсқалары шыға­ры­лып, үздіксіз айналып жатқан иірімдер әр кірген сайын бала-шағаны еліктіре түседі. Әсіресе бүлдіршіндер үшін зияны зор. Компьютерлік бағдарламалар арқы­лы жетілдіріліп, жыл өткен сайын «тұт­қындарының» санын ұлғайтып отыр­ған осындай ойындарға кешенді зерттеу жүргізген ғалымдар мұның тек мидың көру, қол-аяқты қимылдату тәрізді ғана бөліктерінің жұмыс істеуі мен дамуына әсер етіп, қалған эмоцияны басқару, оқу, үйрену сынды бөліктерін «ұйқыда» ұстайтынын анықтаған. Бір қарағанда «Minecraft» ойыны баланы ойлауға жетелейтіндей, үй тұрғызып, шахта қазып, байлық тауып, мал бағып, егін егіп дегендей пайдалы істер­ді виртуалды болса да үйрететіндей кө­рі­­неді. «Алайда ойынның креативтілігі бағ­­дарламасының негізінде жатыр. Онда көп­теген комбинациялар қарастырылып, балалар өздеріне беймәлім әлемді зерттеп, өз қолымен құрастырады. Бұл үшін қажетті құрал-жабдықтар да беріледі. Сондықтан оны шығармашылық тұрғыдағы ойын деп ойлап қалуға болғандай. Алайда ойынның ашық финалы жоқ. Сондықтан үнемі үй соғу, шахта қазу сияқты бітпейтін міндеттер легі баланы жалықтырып, діңкелетеді. Зерттеу уақытында жеткіншектердің үздіксіз ойыннан соң тыз етіп тез ашуланатынын, шаршап қалатынын анық көрдік. Бұл – балалар үшін өте зиянды ойынның бірі» деген қорытындыға келіпті өздерінің зерттеулерінде Роберт Пейзонау, Юна Ли атты ғалымдар.

Аталған ойынға әдейілеп кіріп, мақсат­ты түрде ашып көргенбіз. Шынында «Майнкрафт» батыры тынымсыз көрінеді. Ғимарат салу үшін құм жинап, кірпіш құйып, есік-терезе үшін ағаш жонып, ашығып қалмас үшін тамағын, ас-суын әзірлеп, оның қорын жасап, көкөністер егіп, күтіп-баптап, соның бәрін жүзеге асыру үшін шахта қазып, алтын, күміс өндіріп, сыңғырлатып тиын-тебен жинап тынымсыз қарекетте жүрген, қажет болса, терең судан да, биік құздан да қорықпайтын жаужүрек батыр, қолынан келмейтіні жоқ хас шебер. Бірақ ойын арқылы бала қиялын жаулап, енді ананы істеп бітірген соң мынаны баста, ғимаратың салынып, ақшаң көбейді. Үсті-үстіне молайтып, іргеңді кеңейтуіңе мүмкіндік мол деп еліткен үстіне елітіп, иектеп әкететін ойынның құрығы тым ұзын көрінген. Бұл аз дегендей, таң атпастан елдің барлығы шырт ұйқыда жатқанда бұйрық түсіп, шахтаға секіріп түсіп, мол ақшаны тез ал дегенге ұйқылы ояу жеткіншек терезеден қарғып кетсе, орны толмас өкініштің өзекті өртері анық.

Сол себепті балаңызға уақыт бөліп жүрсіз бе, бос уақытында немен айналысады, қандай ойындар ойнайды? Далаға шығып ойнай ма, әлде көзін сүзіп, тек компьютер, гаджет пен планшеттің алдында отыра ма деген сауалдарға бір уақ жауап беріп көріңізші. Бір мезгіл отбасыңызға көңіл бөліп, бірге қыдырып, бірге кітап оқып, бірге еңбек етіп байқаңызшы. Әйтпесе балалар мен немерені гаджет тәрбиелеп жатқандай әсердеміз...

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»