15 Маусым, 2018

Нағыз қазақ...

1856 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 Домбыра – қазақтың жаны, қазақтың көзі, терең тамырлы тұңғиығы, сан ғасыр­лық серігі, ағыл-тегіл күйі. Сандаған ғасыр­­лардан жеткен Қорқыттың қобы­зы үніндей інжу-маржан сазды әуені. Домбыра күй күм­безін көкке өрлеткен кө­ненің көзі, тәңірдің құдіреті. Кетбұғаның күй күңіренісі, Ноғайлының зар заманы, Сы­пыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған, Дос­панбет, Шалкиіз­дердің жыр арқауы, қанаты. Байжігіт пен Абы­лай ханның күй төгілткен жан серігі. Күні кешегі Нұрғиса мен Қаршығалардың дүл­дүл күйшілігі. Бүгінгі музыка өнері бәйте­регінің тамырлы шежіресі. 

Нағыз қазақ...

Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген нақыл сөзі ел жадында жүрек лүпіліндей соғып тұр. Сол Қадыр Мырза Әлі осы қанатты сөзді айтпас бұрын ғұлама ғалым Болат Сарыбаевтың домбыра туралы жазған және қазақтың көне музыкалық аспаптары жайлы зерттеген еңбектеріне көз жүгіртті. Мәселен: «Болат Сарыбаев – қазақ мәдениетінде, әсіресе  қазақ музыка әлемінде мүлдем оқшау тұрған тұлға» деп жазды Қадыр Мырза Әлі. Ал Болат Сарыбаев болса домбыра аспабын көне түркілерден жеткенін дәлелдеді. Ол Ахмет Жұбановтың: «домбыра», «думбра», «донбура», «думбрақ», «даңғыра» атты музыкалық аспаптары қонысы жақын, күн көрісі бір, тұрмысы мен салты, мәдениеті мен тарихы еншілес елдердің біразында бар», деген сөзін негізге ала отырып Алтын Орда заманынан жеткенін, еншілес екенін айшықтады. 

Одан әрі Қадыр Мырза Әлі: «Ол жалғыз өзі асатаяғына сүйеніп алып, Асан қайғы атамыз сияқты бүкіл байтақ Қазақстанды, оның адам аяғы баса қоймаған, екінің бірі жете бермейтін түкпір-түкпірлеріне дендей кіріп, ол аздай, іргелес отырған туысқан түркі емес тату ағайындардың ауылына шейін барып, бір кездегі халқымыз пайдаланған музыка аспаптарын, солардың сілемдерін жинап, іске қосты... Енді өздеріңіз ойлап қараңыздаршы! Жаңа-жаңа дүниеге келген Құрманғазы оркестрі бір кезде қандай еді, көне музыка аспаптары табылғаннан кейін қандай! Егер аталмыш аспаптар табыл­мағанда «Отырар сазы» дүниеге келер ме еді, келмес пе еді» деп жазды Қадыр Мырза Әлі. Ақын жанының Болат Сарыбаевтың домбыра жайлы жазған және көне музыкалық аспаптар жайлы жазған баға жеткісіз еңбек­теріне деген жүрекжарды ойлары мен сүйіс­пеншілігі еді бұл.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­­тың­ Жарлығымен шілденің бі­рін­­ші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгілегені, сөз жоқ ұлтымыздың те­рең тамырлы мәдениетін асқақтатып, рухын көтерді. Осы орайда Ұлт­тық домбыра күні болып белгіленуіне байланысты оны ұйымдастырушылар алқасына менің де айтарым бар.

 Домбыра күні мейрамында ең әуелі әл-Фарабидің, Шоқан Уәлиханов пен Әл­кей Марғұланның, Ахмет Жұбанов пен Болат Сарыбаевтың домбыраны зерттеген еңбектері арнайы жиындарда, концерттерде халқымызға жеткізіліп айшықталуы қажет деп санаймын. 

Домбыра жайлы хакім Абайдан бастап жазған ақын өлеңдері жеке кітап болып топтастырылып баспа жүзінде жарық көруі қажет. Мәселен, Диас Асан-Сарыбай 2004 жылы құрастырып шығарған «Шіркін, домбыра» кітабында Кенен Әзірбаевтың «Домбыра» өлеңінен бастап 66 ақынның тек қана домбыраға арналған 66 өлеңі бір кітапқа топтастырылып жарыққа шығарылды. Бұл кітап, әрине сөз жоқ халқымыздың домбыраға деген сүйіспеншілігін танытады.

Халқымыздың домбырашылық өнері жайлы және күйшілік мектептер жайлы зерттеп кітап жазған Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Болат Сарыбаев, Бейсенғали Ғизатов, Хабидолла Тастанов, Тмат Мерғалиев, Уәли Бекенов, Ақселеу Сейдімбеков, Таласбек Әсемқұлов, Базарәлі Мүптекеевтер жайлы, сондай-ақ ортамызда жүрген Айтжан Тоқтағанов пен Жанғали Жүзбаев, Мұрат Әбуғазы еңбектері жайлы жылы-жылы сөздермен мерзімді баспасөз беттерінде аталып өтуге тиісті деп санаймын. 

Сондай-ақ күні кеше өзіміз күйтабағын шығарып теледидар эфирінде күйлер орын­датқан Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мық­тыбаев, Аққыз Ахметова, Рүстембек Омаров, Әзидолла Есқалиев, Мағауия Хам­зин, Нұрғиса Тілендиев, Әпике Әбенова, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Боран­құл Қошмағамбетов, Шағдар Ақылбеков, Қаршыға Ахмедияров, Таласбек Әсемқұлов, Базарәлі Мүптекеев және ортамызда жүрген Шәміл Әбілтай жайлы, сонымен қатар бүгінгінің Тәттімбеті атанған дүлдүл күйші Секен Тұрысбеков шығармашылығын, сондай-ақ көз алдымызда қанат жайған бүгінгі талантты жас домбырашылардың шығармашылығы жайлы да дәл осы күні атап өткеніміз жөн. 

Ұлттық домбыра күні күй орындаушылар­дың ғана тойы болмауға тиісті, ол хал­қымыздың інжу маржан мұрасы ретінде ұлтымыздың терең тамыр­лы санасымен байланыстырылып шешілетін, бүкіл халықтық мәндегі рухани жаңғыру үлгісінде өтуі керек. Сөзімді тобықтай түйіндер болсам, Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген қанатты сөзі алдағы аталып өтілмек Ұлттық домбыра күніне сай бейне бір рухани жаңғыру серпінінің әсеріне ұласқандай. Келе жатқан Ұлттық домбыра күні құтты болсын!

Жарқын Шәкәрім,
Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері