Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Комиссия басшылығы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын байқау жөніндегі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясы негізгі тобының ЕҚЫҰ/ДИАҚБ директорының бірінші орынбасары Даглас Брюс Уэйс бастап келген байқаушылармен кездесті.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының өкілдерін сайлау науқанының барысымен таныстырып өтті және бұл ретте саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді тіркеу, сайлау үдерісіне қатысушылар мен сайлауды ұйымдастырушыларды оқытуды ұйымдастыру, сайлау науқанына ақпараттық қолдау көрсету мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ Ортсайлауком басшысы кездесуге қатысушыларды республика мәслихаттары депутаттығына кандидаттар ұсыну барысы туралы қысқаша хабардар етті.
Қуандық Тұрғанқұлов әрі қарай Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 2011 жылғы 3 сәуірде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын байқау қорытындылары бойынша ұсынымдарын іске асыру жөнінде бірқатар қаулылар қабылдағанын атап өтті. Атап айтқанда, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау рәсіміне қатысты қаулы қабылданды. Жүйелі сипаттағы және сайлауға әсер ете алатын шағымдар ОСК-ның отырыстарында қаралатын болады. «Біз сайлаудың айқын және ашық, сайлау туралы заңнама талаптарына сәйкес өтуіне күш салатын боламыз», – деді Ортсайлауком төрағасы.
Ал ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы делегациясының басшысы өз кезегінде сайлауды байқауға шақырғандары үшін ризашылығын білдірді және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясымен арадағы ынтымақтастықты ескере отырып, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Қазақстанға толыққанды миссия жолдауды ұйғарғанын атап өтті. «Біз мәслихаттар сайлауын оның Мәжіліс сайлауына жасайтын ықпалына қатысты ғана байқайтын боламыз. Мәслихат депутаттарының сайлауына да біздің қызығушылығымыз бар. Өйткені, ол Қазақстандағы саяси үдерістердің белсенділігін көрсетеді», – деді Уэйс мырза.
Ол сондай-ақ қазіргі уақытта Қазақстанға ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы негізгі тобының 15 халықаралық байқаушысының келгеніне, 15 желтоқсанда тағы 28 сарапшының келетініне және олардың елдің барлық өңірлеріне жіберілетініне тоқталды. Сайлау күні қарсаңында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 400-дей қысқа мерзімді байқаушылары келетін болады. «Сайлау қорытындылары бойынша біз екі аралық есеп ұсынатын боламыз, ал қорытынды есеп сайлау өткен соң 2 ай мерзім ішінде беріледі. Одан әрі біздің ұсыныстарымыздың зерделенуі мен іске асырылуы тұрғысында ынтымақтаса жұмыс істейтін боламыз, өйткені, ешбір елде мінсіз сайлау болмайды», – деп атап өтті ЕҚЫҰ/ДИАҚБ директорының орынбасары.
Кездесу соңында тараптар дәстүрлі қалыптасқан ынтымақтастық пен тілектестік қарым-қатынастар 2012 жылғы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында да жалғасын табатынына сенім білдірді.