Қазіргі заманауи озық медицина онкологиямен осы деңгейде күресуді қолға алды. Бұл әдістеме қатерлі дерт туралы науқасқа алдын ала ескертуімен һәм емдей білуімен құнды. Осы арада қазіргі медицинаның ең жетекші бағыттары саналатын молекулярлы және ядролық медицинаның жолы түйіседі.
Ядролық медицина молекуланы «көре» алады және оның қайда тұрғанын дәрігерлерге «хабарлап» қана қоймай, оның құрамы, шығу тегі туралы мәліметтерді бере алады. Дәл осындай зерттеу жұмыстары Президенттің Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының ядролық медицина орталығында жүргізілуде. Құрылғанына көп бола қоймаса да орталықта қатерлі ісікті анықтауда жаңа заманауи әдістемелер қолданудың өзіндік тарихы қалыптасты. Сондай-ақ шетелдік әріптестердің де ең соңғы тәжірибелері қолданылады. Әрине, ядролық медицинаның даму барысы, қатерлі ісіктің емделетіні жөнінде жұртшылықты мазалаған мәселе көп. Таяуда аталған орталыққа Израильден арнайы шақырылған София Ланцберг көпшілікті толғандырған сауалдарға жауап берген еді. Осы салада қырық жылдан астам еңбек өтілі бар, ядролық медицина институтының жетекшісі Президенттің Іс басқармасы Медициналық орталығының дәрігерлеріне шеберлік сағатын өткізді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2024 жылға қарай жыл сайын қатерлі ісікке 24 миллионға жуық адам шалдығатын көрінеді. Бұл бірнеше факторға байланысты өрістемек. Біріншіден, қоршаған ортаның ластануы. Сондай-ақ бұрын адам ағзасы қазіргідей барлық уытты заттарға ашық болған емес. Өйткені химиялық қоспалар бүгінде күнделікті тағамға да, тұрмысымыздағы ыдыс-аяққа да еркін еніп кетті. Қазан-ошақ басындағы барлық заттардың сапасы бақылаудан өткенде қажетті құжаттарын алғанымен оның құрамындағы зиянды заттар ағзаға кішкене көлемде ақырындап түсіп, жинақтала береді. Және радиация деңгейі де жоғары. Өйткені жер бетінде мүмкін болған сынақтардың барлығы жүргізілуде.
Қазір әр науқастың ерекшелігіне негізделген «дербестендірілген медицина» ұғымы кеңінен танымал. Бұл ядролық медицинада қалай көрініс тауып отыр? Рас, қазіргі әлемде ісік ауруларының саны шексіз. Адамдар ісіктің қатерлісінің де, қатерсізінің де қандай екенін жете білгісі келеді. Яғни болжау, деңгейін білу, жасушалардың көбею барысына көз жеткізу адамның өмірін ұзарта түсетініне, қандай ем қолдану керектігін көрсететініне күмән жоқ. Сондықтан ядролық медицинада науқасты қарау барысында көп көлемде диагностикалық маркерлер қолданылады. Бұл оқшауланған ісікті және қатер деңгейін көрсетеді. С.Ланцбергтің айтуынша, бүгінде ісікті анықтау үшін жасушаның гендік түрін радиоактивті заттармен белгілеуге мүмкіндік бар. Мәселен, омырау безінің қатерлі ісігі бойынша қарастырсақ, оның бірі сүйекке таралса, екіншісі бауырды зақымдайды. Бұл бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі ауру. Яғни дәрігерлердің омыраудың қатерлі ісігі деген жалпылама диагнозы жеткіліксіз. Оның қайсысына жататынын анықтаған ләзім. Дәлме-дәл қойылған диагноз – дәрігердің қолындағы қару іспетті.
Израилдік маман ғалымдардың ісіктің көзге көрінбес жасушадан пайда болатынын, оның тез бөлінетінін байқағанын айтады. Жасушалар қантты көп жинақтағаннан зат алмасу мен өсудің көзі ретінде қызмет етеді. Сондықтан глюкозаны F18 радиоактивті заттармен белгілеп, қатерлі ісік жасушаларын табу үшін адам ағзасына енгізеді. «Алайда біз ісікті анықтау мен зерттеу үшін молекула мен маркерді алмастыра аламыз. Өйткені әр науқастағы қатерлі ісік жасушаларының таралу жылдамдығын білгіміз келеді. Бұған белгілі ісік рецепторына қосылатын немесе қарсы денелер саналатын әртүрлі биологиялық молекулалар қолданылады. Оны радиоактивті эммитермен молекуланың қосылу мүмкіндігіне байланысты белгілейді. Бұл жалпы жағдайды шолу үшін қажет. Ал бізге сыртқы анықтау құралы арқылы ең түбіне бойлаған жөн.
Бұл ретте қазіргі медицинада ісікті байқау үшін екі аппарат қолданылады. Оның бірі позитронды эммисиондық томография болса, екіншісі – компьютерлік томография. Мәселен, қара дақты бақылағанымызбен, оның қайда тұрғанын нақты біле алмаймыз. Ал компьютерлік томография анатомиялық картинаны толығымен көруге, сол арқылы ісіктің бар екендігін ғана емес, қайда тұрғанын да анықтауға жол ашты. КТ аппараты үлкейтілген түйінді көрсете алады. Бірақ оның бәрі патологиялық түрге жата бермейді. Сол сияқты кішкене түйінді де әрдайым жағымды қабылдауға болмайды. Оның көлемі кішкене болғанымен, ауруға алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан молекулярлы деңгейде зерттеу жүргізудің маңызы зор», дейді израилдік дәрігер.
Сондай-ақ ядролық медицинада жаңадан дамып келе жатқан «тераностика» атты емдеу тәсілі бар. Мұнда диагностикалауда қолданылатын маркердің орнын Альфа және Бета эммитері ауыстырады. Гамма-эммитермен сканерлегеннен кейін науқасты Альфа және Бета эммитерімен емдейді. Өкінішке қарай, заманауи медицина барлық ісікті жеңе алмайды. Десе де, радиоактивті заттармен емделетін ісік түрлері кездеседі. Оның негізгі себебі уыттылығының аз болуында. Бірақ химиялық терапиядан ерекшелігі ретінде кері әсері көбіректігін айтуға болады.
Бұл емдеулер зиянды болмағанымен оның әсері аз уақытты ғана қамтиды. Сонымен қатар бұл адамның иммундық жүйесіне де қатысты. Өзінің дамуына «кедергі» келтіріп тұрған адамның қорғаныш қабілетін әлсіретуге күш салатын қатерлі ісік түрлері де кездеседі. Бүгінде қатерлі ісік жасушаларымен арадағы байланысты бөліп, адам ағзасының ісік жасушаларымен күресуі үшін қажетті иммундық жүйесін қалыптастыратын емдеу жолы табылды. Яғни келешекте диагностикалау да, емдеу ісі де молекулярлы медицинаның міндетіне айналуы әбден мүмкін. Қазіргі денсаулық сақтау ісі біртіндеп болса да молекулярлы медицинаның дәуіріне аяқ басты. Бұл салада еліміздегі ең озық емдеу мекемелерінің бірі ретінде Президенттің Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасындағы ядролық медицина орталығы қызметінің маңызы күн өткен сайын арта түспек.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»