Бұл туралы екі боксшының өзі, промоутерлері және жекпе-жекті ақылы түрде трансляция жасайтын HBO телеарнасы ресми түрде хабарлады. Ресми мәлімдеме жасалған соң шетелдік БАҚ беттерінде жекпе-жекті ұйымдастырушы тараптардың пікірлері жариялана бастады.
Жанкүйерлер тағатсыздана күткен Головкин-Альварес арасындағы екінші кездесу осы жылдың 15 қыркүйекте өтетін болып бекітілді. Мексикалық тарап бұл күнді бекер таңдамаған. Себебі, 16 қыркүйек мексиканың тәуелсіздігі күні. Ал бұл өз кезегінде ақылы көрсетілімді (PPV-трансляция) көп сатуға мүмкіндік береді. Жекпе-жек алғашқы кездесу өткен Невада штатының Лас-Вегас қаласында орналасқан T-Mobile спорт кешенінде өтеді деп белгіленген.
Айта кетерлігі Головкин мен Альварес арасында екінші кездесу өткізу туралы келіссөз небәрі бір жарым сағатқа созылған. Бастапқыда мексикалық тараптың промоутері ESPN басылымына берген сұхбатында екінші кездесу өтпейді деп мәлімдеген-ді. Бірақ бес минуттан кейін қос тарап келіссөз өткізу үшін үстел басына отырды. Осыған дейін Де Ла Хойя бокс кешінен түсетін қаржының 57,5 пайызы Сауль Альвареске, ал қалған 42,5 пайызы Головкиннің еншісіне түсетіні туралы ұсыныс жасаған. Бірінші айқаста табыстың 70 пайызын мексикалық боксшы, 30 пайызын отандасымыз алған болатын.
Екі боксшының арасындағы айқас алғаш рет өткен жылы 16 қыркүйекте T-Mobile аренасында өтіп, тең аяқталған. Бұған дейін рематч 5 мамырға жоспарланған еді, алайда мексикалық боксшының допинг сынамасы оң нәтиже беруіне байланыс-
ты жекпе-жек өтпей қалды. Артынша Альварес жарты жылға спорттан шеттетілді. Жаза тамыз айының 17-сі күні аяқталады.
Геннадий Головкин 5 мамыр күні америкалық Ванес Мартиросянмен жұдырықтасып, екінші раундта нокаутпен жеңді. Осы кездесу үшін қазақстандық боксшы IBF желісі бойынша өтетін міндетті кездесуін кейінге шегерген еді. Ал жақында украиналық Сергей Деревянченкомен міндеттелген айқасын өткізу үшін қағаз түрінде келісім беруден бас тартып, IBF отандасымызды титулынан айырған-ды. Алдағы жекпе-жекте Головкин қазіргі уақытта өзінде бар WBC, WBA (Super) және IBO белдіктерін ортаға салады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»